Өскемен полицейлері із-түссіз жоғалды деп саналған екі ер адамды тапты
Өскемен қалалық Полиция басқармасының қызметкерлері жоғалған азаматтардың орналасқан жерін анықтап, олардың өмірі мен денсаулығына төніп тұрған қауіптің жоқ екеніне көз жеткізді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жоғалғаны туралы алғашқы хабарлама «102» арнасына 3 қараша күні түскен. Жедел желіге ер адамның жұбайы хабарласып, күйеуінің бірнеше күн бойы байланысқа шықпай, үйге оралмағанын айтып, алаңдаушылық білдірген. Оның айтуынша, азамат үйден шығар алдында анасынан ақша алып, кейін еш хабарсыз жоғалып кеткен.
Екінші жағдай бойынша полицияға 8 қарашада тағы бір әйел хабарласқан. Ол да күйеуінің ұзақ уақыт бойы хат-хабарсыз жоғалып кеткенін, телефоны сөндірулі болғанын және туыстарымен байланысын үзгенін жеткізген. Тергеу барысында ер адамның таксимен Павлодар қаласына кеткені анықталып, кейінгі бағыттары белгісіз қалған.
Әр факті бойынша Өскемен қаласы Полиция басқармасы жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізді. Қызметкерлерден арнайы жедел тергеу топтары құрылып, жоғалған ер адамдардың жүріп өткен бағыттары тексерілді, куәгерлерден жауап алынды, видеобақылау камераларының жазбалары зерделенді. Сондай-ақ, көрші өңірлердің полиция департаменттерімен байланыс орнатылып, ақпарат алмасты.
Жедел іздестіру жұмыстары нәтижесінде жоғалған екі азаматтың да Алматы қаласында жүргені анықталды. Полицейлер олардың нақты мекенжайын анықтап, туыстарымен байланыс орнатты. Қазіргі уақытта ер адамдардың өміріне, денсаулығына қауіп жоқ. Жоғалу себептерін анықтау бойынша жұмыс жалғасуда.
- Егер жақын адамыңыз жоғалып, байланысқа шықпай қалса, уақыт жоғалтпай дереу ішкі істер органдарына хабарласу қажет. Алғашқы сағаттарда түскен ақпарат іздеу жұмыстарының тиімділігін арттырады және жоғалған адамның аман-есен табылуына ықпал етеді, - дейді азаматтарға маңызды ескерту жасаған ШҚО Полиция департаменті.
Айдос Мырзахметов
Фото: ШҚО ПД


