Дәрігерге күш көрсеткендер қатаң жазаланады – Президент тапсырма берді
Фото: pexels.com
Соңғы уақытта елімізде медицина қызметкерлеріне шабуыл жасау деректері жиілеп кетті. Бұған дейін бірнеше жағдай тіркелген болса, 17 шілде күні Қостанай облыстық ауруханасының хирургіне шабуыл жасалып, дәрігер ауыр жарақатпен жансақтау бөліміне түсті. Осындай оқиғаларға байланысты қоғамда үлкен резонанс туындады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Осыған орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев медицина қызметкерлерінің құқығы мен қауіпсіздігін заңмен қорғау қажеттігін алға тартып, бұл бағытта нақты қадамдар жасау жөнінде тапсырма берді. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай мәлім етті.
Дәрігерлердің денсаулығына нұқсан келтіріп, өміріне қауіп төндіретін мұндай келеңсіздіктерге «Заң және тәртіп» қағидатына сәйкес құқықтық тұрғыда батыл түрде тосқауыл қойылуы керек. Президент Үкіметке тиісті заңнамалық түзетулер әзірлеуді тапсырды. Бұл бастама Парламентте азаматтық қоғам өкілдерімен бірге талқыланады, – деді ол.