KZ
Өскемен
-3°
небольшой снег жел 2 м/с, СБ
505.17 599.54 6.59

«Тәрбие – тал бесіктен»: Өскеменде ерте жүктілік мәселесі талқыланды

13.08.2025, 14:30 474 Айна Бакимбаева

Биылғы ресми статистикаға сүйенсек, Шығыс Қазақстанда жасөспірім қыздар арасында ерте жүктілік пен жыныстық денсаулыққа қатысты мәселелер жылдан жылға ерте жаста басталып отыр. Соның салдарынан өңір «қызыл аймаққа» кірді. Бұл туралы Өскеменде өтіп жатқан «Жасөспірімдер мен жастардың репродуктивті денсаулығын бірге қорғау» атты өңірлік семинарда айтылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Жиынға ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшелері қатысты. Олар ерте жүктілік, жасөспірімдер арасындағы түсік, алдын алу жұмыстарының тиімділігі, ата-аналар мен мектептердің жауапкершілігі сияқты өткір тақырыптарды көтерді.

— Өңірге келген бірінші күнімізді семинармен бастадық. Бұл — ақпарат алмасу форматы. Алдағы күндері облыстағы алты жастар денсаулық орталығына барып, жұмысын өз көзімізбен көрмекпіз. Мамандардың саны, бағыты, жылына қанша жасөспірім жүгінеді, қандай қызмет көрсетіледі — бәрін өзіміз тексереміз, — деді ұлттық комиссия мүшесі, астаналық акушер-гинеколог Сұңқар Хангелдина.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Жақсылық Омар өз сөзінде бұл жылдар бойы шешілмей қордаланып келе жатқан мәселе екенін айтып өтті. Осыдан бес жыл бұрынғы мәлімет бойынша өңірімізде кәмелетке толмаған 50 қыз бала босанған. Бұл жасөспірімдердің артында жүз ата-анасы, әже-атасы, қаншама туыстары тұрғандығын айтқан әкімдік өкілі жас қыздың ғана тағдыры емес, өмірге әкесіз келген нәрестенің де өмірі бұзылатындығын алға тартты.  Ең сорақысы – көрсеткіш соңғы он бес жылда айтарлықтай өзгермеген. Қаншама семинар, жиналыс, мыңдаған сабақтар берілгенімен, нәтиже мардымсыз. 2025 жылдың басындағы деректер де алаңдатарлық: өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда жасөспірімдер арасындағы түсік саны 11%-ға артқан.

Ресми дерекке сүйенсек, өткен жылы өңірде 35 мың сабақ өтіп, 42 мың жасөспірім қамтылған. 12 мың ата-ана жиналыстарға қатысып, денсаулық сақтау және білім ұйымдары 1500 іс-шара өткізген. Құқық қорғау органдары 200 рейд жасаған. Психологиялық көмек орталықтары екі жылда 6,5 мың жасөспірімге қолдау көрсеткен. Бірақ осынша жұмыс та, бөлінген қомақты қаржы да жағдайды 30–40%-ға емес, бар болғаны 2–3 жағдайға ғана төмендеткен.

Ұлттық комиссия хатшысы Гаухар Нұрахметова Маңғыстау облысында да, Шығыс Қазақстан, Жетісу, Атырау, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарында да көрсеткіш өте жоғары екенін айтты.

— Мәселе тек жүктілікте емес, түсіктің көптігінде де. Тіпті 14 жасқа толмаған қыздардың босануы тіркелген. Бұрын мектеп жанында болған арнайы кабинеттер денсаулық сақтау реформасынан кейін жабылып қалған. Қазір сол кабинеттерді қайта ашу мәселесін көтеріп отырмыз. Ал қазір жұмыс істеп тұрған 94 орталықтың мүмкіндігі толық пайдаланылмай отыр, — деді ол.

БҰҰ Халық қорының зерттеуі жастардың жыныстық денсаулық туралы ақпаратты көбіне интернет пен әлеуметтік желіден алатынын көрсеткен. Бұл — ата-аналар мен мектептегі тәрбие жұмысының әлсіздігін білдіреді. Гаухар Нұрахметова бұл бағытта тек дәстүрлі сабақтармен шектелмей, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану керек екенін атап өтті.

Фото/видео: Жәнібек Ырысбай

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу