Өскеменде белгілі драматургтің ел бірлігін арқау еткен «Алтын ажал» драмасы алғаш рет сахналанды
Бүгін Шығыс Қазақстан облыстық драма және оперетта театрында белгілі ақын, драматург Иранбек Оразбаевтың (Иран-Ғайып) «Алтын ажал» атты қасіретнама жанрындағы қойылымының тұсаукесері өтті. Спектакльдің режиссері – талантты театр шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Мұрат Ахманов. Премьераға автордың өзі – Иран-Ғайып және режиссер Мұрат Ахманов арнайы келіп қатысты. Қойылымды тамашалаған ел ағалары бұл туындыны бүкіл Өскемен халқы көруі тиіс, ой саларлық, өзекті шығарма деп бағалады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бір анадан туып, оның ақ сүтін еміп өскен, жатырлас қандас-бауырлас үш ұлдың арасындағы терең туыстық сезімдер аяқ астынан жоғалып, бақастық пен надандықтың құрбанына айналып, ақыр соңында адамдық қасиетінен айырылған хайуанға айналуы — қойылымның басты тақырыбы. Олардың түбіне жеткен – көрден көз арбаған ат басындай сом алтын…
Иран-Ғайыптың «Алтын ажал» трагедиялық дастанын сахналаған өскемендік әртістер көрермендерге осы шағын аңыздың желісімен үлкен ой салды. Толғандырды, тебірентті.
Қойылым бір шаңырақтағы үш ұл арқылы бүгінгі қоғамдағы отбасы құндылығы, жемқорлық, тоғышарлық, алауыздық, тәрбиесіздік сынды өзекті мәселелерді қозғайды. Сонымен бірге, мұндай кеселдерден арылудың, аман қалудың жалғыз жолы – адал еңбек пен тәрбие екенін ескертеді.
«Алтын ажал» қойылымын тамашалаған өскемендіктер мен қала қонақтары бір сағаттан сәл ғана асатын шағын қойылымнан үлкен ой түйіп қайтты.
Спектакльдің бағасын көрерменнің өзі берсін.
Ақын, сазгер Нәбиолда Кемешов белгілі режиссер Мұрат Ахманов сахналаған спектакльдегі әртістердің ойынын жоғары бағалап, қойылымды бүкіл қала жұртшылығы тамашалауы тиіс екенін айтты.
Қойылымда Байжан (үлкен ұл) рөлін Нәдір Сұңғатолда мен Арыстанбек Мұқият, Бекжан (ортаңғы ұл) рөлін Мирас Разханов пен Жасұлан Серкетаев, Ғалижан (кіші ұл) рөлін Еділ Мекешов пен Шалқар Арыстанбеков шебер сомдап шықты. Барлығы – Өскемендегі қазақ театрының әртістері.
Иран-Ғайыптың осыдан қырық жылдан астам уақыт бұрын жазылған «Алтын ажал» дастаны – автордың 60-тан астам драмалық шығармасының бірі. Қойылымдағы Жыр-Ғайып кейіпкері (Елдос Мәсәлім) – автордың өзі іспетті. Қойылым Жыр-Ғайыптың тәуелсіздікті тұғырлы ету туралы толғауымен басталып, сол әнмен аяқталуы — спектакльдің идеялық жүгін тереңдете түсті.
Фото: Махаббат Ахметжанова


















