Құтқарушылар ізімен: Бүгінгі қайсар бала - ертеңгі қаһарман адам
Бүгін қаладағы «Самал» саябағында облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің ұйымдастыруымен «Балалар қауіпсіздігі – басты назарда!» атты құтқарушылардың қауырт жұмысымен таныстыратын танымдық-тәжірибелік шара өтті. Шараға қатысқан мектеп оқушылары жаңа дағдыларды меңгеріп, қауіпсіздік ережелерін сақтауды үйренді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Шараның басты мақсаты – балаларға төтенше жағдай кезінде шұғыл әрекет ету, алғашқы көмек көрсету тәсілдерін үйрету және қауіпсіздік ережелерін сақтауға баулу.
Қатысушылар құтқарушылар дайындаған арнайы кедергілер жолағынан өтті. Осылайша олар шапшаңдық, батылдық және дұрыс шешім қабылдау қабілеттерін шыңдады.
Облыстық Төтенше жағдайлар департаментіне қарасты Апаттар медицинасы орталығының қызметкерлері балаларға жүрекке жанама массаж жасау, жарақатты таңу, қан тоқтату сынды алғашқы көмек түрлерін көрсетті. Балалар бұл әдістерді өздері де қайталап көріп, тәжірибе жинақтады.
Іс-шара аясында әр маман өз құрал-жабдықтарын көрсетіп, күнделікті атқаратын жұмыстарымен таныстырды. Мәселен, өрт сөндірушілер өрт сөндіру көлігінің құрылымын түсіндіріп, қалай жұмыс істейтінін көрсетті. Ал кинологтар арнайы үйретілген иттердің көмегімен іздеу-құтқару жұмыстарының барысын паш етті.
Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері нақты мысалдар арқылы балаларға төтенше жағдайлардан аман қалу жолдары мен түрлі әдіс-тәсілдерді көрсетті. Оқу-жаттығу барысында жаз мезгілінде суға шомылу кезіндегі сақтық шаралары, өрт қауіпсіздігі, орман және дала өрттерінің алдын алу, жер сілкінісі, су тасқыны, сел жүру сынды жағдайларда қалай әрекет ету керектігі түсіндірілді. Сонымен қатар, алғашқы медициналық көмек көрсету тәсілдері, 112 нөміріне қоңырау шалу ережелері мен эвакуация жолдары да тәжірибе түрінде көрсетілді.
Мамандардың айтуынша, мұндай іс-шаралар балалардың төтенше жағдай кезінде дұрыс әрі жылдам әрекет ету дағдыларын қалыптастыруда өте маңызды. Осылайша олар өз өмірлерін ғана емес, айналасындағы адамдардың да қауіпсіздігін қамтамасыз етуге дайын болады.
Фото: Екатерина Семина














