KZ
Өскемен
-3°
туман жел 1 м/с, С
504.49 587.73 6.57

Аяздағы қауіпсіздік – әр үйдің, әр отбасының жауапкершілігі

Бүгін, 15:00 45 Базарова Айгүл

Қылышын сүйреткен қыс қаһарына мінбек. Сары аяз бен ақ түтек бораны шығыстың даласын қыспаққа алған шақта қауіп те қатар келеді. Ауа райының күрт суытуына байланысты ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары дабыл қағып, тұрғындарды абай болуға шақырып отыр. Өйткені аязды айларда өрттердің көбеюі мен көмірқышқыл газымен улану жағдайлары жиі кездесетіні – жыл сайын қайталанатын ащы тәжірибе, деп хабарлайды Altainews.kz.

Статистикаға көз салсақ, өңірде жылыту маусымы басталғалы 120-дан астам өрт тіркелген. Оның 30-ы – электр жабдықтарын дұрыс қолданбаудан, 38-і – пешпен абайсыз жұмыс істеуден, тағы 39-ы – отты салғырт пайдалану салдарынан болған. Тіпті уақтылы мұржалардың тазартылмауынан 7 азамат көмірқышқыл газынан зардап шекті. Бір сәттік бейқамдық – орны толмас өкінішке әкелуі әбден мүмкін.

Осыған орай құтқарушылар өңір бойынша 34 800-ге жуық үйді аралап, тұрғындарға қауіпсіздік шараларын түсіндіруде. Әр табалдырықтан аттағанда мамандардың бас мақсаты – адам өмірін сақтау, қыстың қаһарынан қорғау.

Алдағы күндері синоптиктер Шығыс Қазақстанда дауылды ескерту жариялады, суық антициклон сақталып, аяздың беті қайтпайды деп күтілуде. Мұндай кезде әрбір үй, әрбір пеш, әрбір электр құрылғысы – қауіптің көзіне айналуы мүмкін. Сондықтан мамандар төмендегі қарапайым, бірақ аса маңызды ережелерді естен шығармауға шақырады.

  • Пешті бір мезетте қатты қыздыру – қауіпті. Одан да күні бойы аз-аздан, бірқалыпты жағу әлдеқайда тиімді әрі қауіпсіз.
  • Пешті бензинмен, керосинмен немесе тез тұтанғыш сұйықтықтармен тұтатуға қатаң тыйым салынады. Бір ұшқын – тілсіз жаудың лап етіп тұтануына себеп.
  • Күл, шлакты арнайы орында сақтап, тұрғын үйден кемінде 15 метр қашықтыққа шығару қажет.
  • Пешті жағу ұйқыға дейін екі сағат бұрын тоқтатылуы тиіс
  • Пештің есігін ашық қалдыру, оны қараусыз қою, көсеуді балалардың қолына тапсыру, пеш үстіне киім немесе отын кептіру – қауіпке жол ашу.

Сонымен қатар, қатты аязда электр жылытқыштарының жүктемесі артады. Сондықтан құрылғылардың жарамдылығын тексеріп, ұзақ уақыт қосулы қалдырмау керек, әсіресе, түнде.

Аязға қарсы күрестің басты құралы – жылы киім емес, сақтық пен жауапкершілік. Өйткені қарапайым ереже – бір үйдің, бір өмірдің сақталуына себеп болуы мүмкін.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу