Компьютер мен шабыт диалогы
Адамзат өркениетінің ұзақ жолына қарасақ, нота дегеніміз кеше ғана пайда болған таңба секілді. Ал әуен – адаммен бірге жасасып келе жатқан тылсым. Тек заман өзгерген сайын оның ырғағы да, екпіні де, тіпті қоғамның эстетикалық талғамы да құбылып, жаңарып отырады. Бүгінгі жастар сол өзгерістің қақ ортасында тұр. Олар қай салада да еркін, жүрдек, өз екпінімен өмір сүреді. Жаңа буынның ойлау жүйесі де, дүниені қабылдауы да ерекше: олар мүмкіндікті күтпейді, керісінше өздері жасайды. Шығыс Қазақстан облысындағы жастар саясатының негізгі өзегі де – осы еркін қозғалысқа, осы қарқынға ілесе білу. Қазіргі буынға шектеу емес, бағыт керек, тоқтату емес, тыңдау керек. Олар қандай да бір өнерді меңгеруде классикалық жолмен жүруге міндетті емес. Музыкада да дәл солай. Бүгінгі өңірдегі жас таланттардың басым бөлігінің арнайы музыкалық білімі болмауы мүмкін, нота танымайтындары да бар, бірақ оларды алға жетелейтін – құштарлық, ізденіс, музыкалық есту қабілеті мен өз стилін табуға деген ықылас. Ең бастысы, олар естігенді қайталауға емес, өз үнін қалыптастыруға ұмтылады. Солардың бірі – Шығыстың талантты дыбыс режиссері әрі орындаушы Ілияс Дулатұлы, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Иә, бүгінгі жастарға қажет нәрсе – қатаң бағдарлама емес, өз идеясын жүзеге асыра алатын ашық кеңістік. Мемлекеттік деңгейдегі жастар саясатының күшейіп келе жатқаны да осы толқынды сезінуі - жастардың бастамаларына құлақ асу, жаңа жобаларына қолдау көрсету, өз әлеуетін дәл қазір жүзеге асыруына мүмкіндік беру. Жастардың тың ойы, тосын шешімі, жаңа форматы қоғам үшін құнды екенін биліктің өзі мойындап отыр.
Мұның жарқын дәлелі – заманауи музыка әлемінде өзіндік орнын тапқан өрендердің мемлекеттік деңгейде назарға алынуы. Бір ғана мысал: халықаралық беделді Grammy жүлдесін иеленген қазақстандық музыкант Иманбекті Президент Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы қабылдады. Бұл кездесу – жеке жетістікке құрмет қана емес, жастардың еркін шығармашылығы мен жаңа музыкалық бағыттардың мемлекет тарапынан мойындалуының айқын белгісі.
Заманауи ән жанрлары – рэп, альтернатива, инди және басқа бағыттар – осы еркіндіктің айқын көрінісі. Жастардың шығармашылық кеңістігі басқа — өз ортасы, әлеуметтік желідегі тыңдармандары, бірге өскен достары. Олардың мойындауы кейде кез келген марапаттан биік. Осы ортадан шыққан жас дарындар халыққа танылып, белеске көтеріліп жатыр. Мәселен, Иманбек, Скриптонит, 6ELLUCCI, JUNIOR сынды өнер майталмандары жеткілікті.
Сахналары еркіндік, аспаптары компьютер, аудиториялары өскелең ұрпақ осындай буынның ішінен тәжірибесі, талғамы және өзіндік әлемі қалыптасқан жастардың бірі – дыбыс режиссері әрі орындаушы Ілияс Дулатұлы. Ол музыкалық академия бітірмегенімен, музыкалық есту қабілеті мен тума талантының арқасында өз жолын өзі салып келе жатқан жаңа толқынның өкілі. Бүгінгі сұхбат сол заманауи музыканың тынысы, жастардың талғамы мен ішкі еркіндігі жайлы өрбитін әңгімеге кіріспе.
- Әңгімеміздің бірінде, мамандығыңды теміржол қозғалысын және тасымалын ұйымдастыру деп атадың. Диплом бір, қызметің мүлде басқа жағдай біздің қоғамда жиі кездеседі. Бұған өмірлік тәжірибеңнен түсінік таптың ба?
- Иә, меніңше бұл – егде ұрпақтың өмір көшінде арқалап келе жатқан ең үлкен үрейі. Өйткені өз заманында мамандықсыз, дипломсыз қалудың ауыр салдарын көрді. Ата-анамыз білім алуды талап етіп, баласының қолында бір диплом болғанын қалады. Бүгінгі ұрпақтың жолы басқа. Мәселен, 14 жастағы бауырым бар, болашағын футболмен байланыстырып жүр. Таңдауы бар және ата-анасы бұл жолға қарсы емес. Мұны дұрыс деп есептеймін. Бала өмірлік жолын өзі таңдауы керек. Бірақ сол таңдауы үшін жауапкершілік те өз мойнында болуы тиіс.
Бүгінгі заман өзгерді. Қазір оқып-тоқығаныңның ертең қажет бола ма, болмай ма – оны ешкім дөп басып айта алмайды. Бірақ уақыт ағымы қанша өзгерсе де, бір қағида өзгермейді: балаға таңдау еркіндігін беру керек, ал сол еркіндікпен бірге жауапкершілік жүгін де үйрету қажет.
- Музыка өнеріне қалай келдің?
- Астанада үшінші сынып оқи жүріп өлең жазатынмын. Алтыншы сыныпқа келгенше өлең өрімінде жүріп, жасөспірім шағымда тоқтаттым. Өлең мен шығармашылықтың бәрін доғарып, еркін өмір кешіп жүрдім. Мектеп бітірдім. Колледжге оқуға түстім. Мәдени шок алдым десем болады. Үлкен өмір күтпеген жаңалықтарға толы болды. Депрессияға түстім. Қазір соңыма қарайласам депрессиядан шығудың есігін рифмадан таптым десем болатын шығар. Түрлі бейнероликтерден әншілердің шығармашылығын тамашалай жүріп, үй жағдайында ән жазып көрдім. Қазір еске алсам ұялам, бірақ адамның жолы қандай болмасын ең алғашқы қадам ұялу мен қателіктерден басталады ғой. Мені Скриптонит, Джеймс Браун, Рэй Чарльз сынды әншілер шабыттандырды. Әртістердің сахнада, соңғы күшін салып, терге малынып ән айтып тұрған көрінісі көкейіме мықтап тұрып қонды. Мені тәнті еткен, шабыттандырған, тамсандырған көрініс болды. Өзімді сахнадан көрдім.
- Заманауи музыканың қай жанрымен жұмыс істейсің?
- Рэппен ұзақ жұмыс істедім, поп жанрында да өзімді сынап көрдім. Бірақ уақыт өте келе бұл бағыттардың екеуі де бірқалыпты, алдын ала болжанатын болып көріне бастады. Шығармашылық адамы үшін ең қорқынышты нәрсе – ішкі дауыстың бәсеңдеп, бір арнада айналып тұрып қалуы. Мен де сол тұста шаршадым. Сол кезде ғана альтернатива жанрының нағыз қозғаушы күш екенін, бүгінгі музыканың жаңа тынысын дәл осы бағыт қалыптастырып отырғанын түсіндім.
Рэп бір дәуірде көкке көтерілді, өз заманын жасады. Бірақ уақыт өте келе тыңдарман көзқарасы да, талап та өзгерді. Сол өзгерісті алғаш қабылдап, жаңа леп әкелген бағыт – альтернатива. Бұл жанрға бет бұрған әрбір орындаушы бір нәрсені сезеді. Ол - музыкаға бағынудан, оның қатаң формалары мен ережелеріне тәуелді болудан біртіндеп шығып, өз еркіндігін табады. Бір стильге жабысып қалу шығармашылықты тежесе, альтернатива керісінше – шектеуді бұзады.
Альтернатива дегеніміз не? Көпшілікке түсінікті тілмен айтсақ, альтернатива – бұл музыканың бір ғана қалыпқа сыймайтын бағыты. Мұнда қатаң ереже жоқ. Әртіс стильдерді еркін араластырады, дыбысты жаңа формада қолданады, ырғақпен ойнайды, тіпті кейде қарапайым құрылымның өзін бұзады. Поптың жылтырлығын, ритмнің қаттылығын немесе роктың қуатын араластырып, тың нәрсе жасауға мүмкіндік береді.
- Әлемдік музыка әлемінде көш бастап тұрған «батыс» па?
- Музыка жайлы сөз қозғасақ, «әлемдік деңгейде мықтысы – міне, осы ел» деп нақты атауға болатындай бір ғана орталық жоқ. Әуеннің бағы да, атақтың алауы да ешбір шекараны мойындамайтын, көшпелі мінезді құбылыс. Қай жерде, қай сәтте жаңа музыкалық төңкеріс жасалатынын ешкім дөп басып айта алмайды. Өнердің үлкен сахнасында бір ғана адам бүкіл әлемдік ағымның бағытын өзгертіп жіберуі мүмкін.
Мен жасөспірім кезімде сондай құбылысты өз көзіммен көргенмін. Америкадан шыққан қарапайым ғана жігіт елдің ықыласын арқалап, ешқандай лейблға байланбай, ешкімнің атына тасаланбай, өз жолымен жүрді. Әр қадамы еркін, әр үнінде жасандылықтан ада шынайылық бар еді. Кәсіби мектебі мықты болмаса да, үш октавалық қарапайым диапазонның өзін бүкіл жан-тәнімен жеткізіп, тыңдарманын бірден баурайтын. Сол шынайылық мені де өзіне тартып әкетті.
Музыка әлеміндегі әлеуеттің тұрақты өлшемі жоқ дегенім – осы. Бүгін танымал тұғырға көтерілген стиль ертең көмескіленіп, оның орнына мүлде басқа өңірден, басқа мәдениеттен жаңа леп келуі мүмкін. Жуыр ғана бүкіл әлем латын ритмдеріне елітіп жүрген еді, ал ертеңгі күні үнді сабдестің күрделі ырғағы не қытай әуезінің нәзік үндері трендке айналуы ғажап емес. Музыка – үнемі қозғалыстағы тірі организм. Ол әр буынның тынысымен, әр халықтың мінезімен өзгере отырып, өз заңдылығын өзі қалыптастырып отырады.
- Алғашқы туындың қалай жазылды?
- Алғаш рет ән жазуды мен ең қарапайым жерден бастадым – өз үйімнің бір бұрышындағы шағын бөлмемнен. Қолымда кәсіби студия да, қымбат құрылғылар да жоқ, тек құлақшын мен ішкі құлшыныс қана бар. Қалай істеу керек, неден бастау керек – оның бірін де дұрыс білмедім. Бірақ логикаға, өз түйсігіме жүгіндім. Құлақшын киіп алып, дыбысты қалай жазып көруге болатынын өзімше болжап, батыл кірісіп кеттім. Күтпеген жерден алғашқы тәжірибем жаман шықпады. Сол сәтте «егер жүрек қалауың дұрыс болса, техникасын кейін де үйреніп алуға болады екен ғой» деген ой келді.
Ал нағыз студиямен жолығуым да бір қарағанда қарапайым, бірақ мен үшін тағдырлы сәт болды. Туған күнімде анам он мың теңге ұстатты. Ол ақша мен үшін жай ғана сыйлық емес, бір мүмкіндік секілді сезілді. Әлеуметтік желіні ақтарып отырып, «ән жазуға шақырамыз» деген жарнамаға көзім түсті. Ойланбастан сол жерге баруға бел будым. Өйткені көптен бері ішімде пісіп жүрген арманымды бір сынап көргім келді.
Студияға барғанда қолға ұстатқаным – автобуста келе жатып диктофонға жазып алған әнім ғана. Дірілдеп тұрған телефон, сырттағы шудың арасында айтуға тырысқан қарапайым ғана демо. Бірақ сол шикі нұсқамның өзінде менің ішкі күйім, өзімнің кішкентай әлемім бар еді. Студия қызметкері тыңдап болып, әнді ұнатып қалғанын айтты. Әртіс қажет екенін, сахнаға шығатын адам іздеп жүргендерін жеткізді. «Бір-екі ән жазып көрейік, қалай болар екен?» деп ұсыныс жасады. Мүмкін, шынымен өзім жаздым ба, әлде бір жерден көшірдім бе – соны тексергісі келген шығар, кім білсін.
Сол жерде үш мың теңгеге үш аспаппен орындалған бір «бит» сатып алдым. Яғни, әнге арналған дайын музыкалық негіз. Соған өз дауысымды жазып, ең алғашқы студиялық әнімді шығарып көрдім. Ол сәтте мен өзімді шынымен «студия әншісімін» деп сезіндім. Жас кезім ғой, кішкене жетістікке бола марқайып, достарыма мақтанып, «мен студияда жұмыс істеймін» деп жүргенім бар. Бірақ уақыт өте келе бір нәрсені түсіндім. Сырттай «әнші» атанып жүру басқа, шын мәнінде өнім шығару мүлде басқа дүние екен.
Сол студияның мамандарымен бірге жүре тұра, ақыры бірде-бір әнді толыққанды шығарып үлгермедік. Уәде, күту, кейінге қалдыру... Бір сәтте мен «басыбайлы біреуге тәуелді болып қалғым келмейді» деген шешімге келдім. Сол кезде студиядағы техникаларға өзім үңіле бастадым. Аппараттарды, бағдарламаларды шұқшия қарап, қайсысы не істейтінін түсінуге тырыстым. Сөйтіп мен үшін ұзақ әрі ауыр, бірақ өте қызық жол басталды.
Көп қателестім. Бір дыбысты дұрыс қоя алмай, бір эффектіні таба алмай, күйзелген кездер аз болған жоқ. Кейде таң атқанша студияда қонып қалатынмын. Түнгі тыныштықта тек мен, компьютер, колонкалар мен жарығы жыпылықтаған бағдарламалар ғана. Сол сәттерде музыка маған жай хобби емес, өмір салтына айнала бастады.
Уақыт өте келе бір нәрсеге анық көзім жетті. Өзіңнің менмендігіңмен, өз «эгоңмен» жұмыс істей білу керек екен. Өзіңе риза бола берсең, өспейсің. Керісінше, жасаған дүниеңе сырттан қарай алып, қатаң сынап үйренген сайын алға жылжисың. «Мына жері нашар шықты, мынаны қайта жазу керек, мынасы тыңдарманды жалықтырады» деген сияқты ішкі диалогтар көбейген сайын кәсіби деңгейім де бірте-бірте көтеріле бастады.
Содан кейін әннің жай ғана әуен емес, тұтас құрылым екенін түсіндім. Кіріспесі, куплеті, қайырмасы, өтпелі бөліктері – бәрінің өз орны бар. Әр сөздің, әр дыбыстың бір-бірімен байланысына, мазмұнға, эмоциялық салмағына назар аудара бастадым. Әннің тек құлаққа жағымды болуын емес, адамның ішкі әлеміне әсер ететін, есінде қалатын тұстарын іздеймін. Сөйтіп күн сайын бір кірпіштен қалап, өз стилімді, өз дыбыстық қолтаңбамды қалыптастыра бердім.
- «Гремми» иеленген теміржолшы Иманбек те үйден ән жазған немесе музыканы түрлендірген деп айтамыз. Қазір мұндайға үйір жастар көп пе? Пайдасы мен зияны қандай?
- Иә, жастардың шығармашылыққа үй жағдайында төселуі – еркіндік береді. Уақытқа тәуелді емессің, өз әлеміңде отырсың, түнгі сағат бесте де музыкаңды жазып отырасың. Ешкім қысым жасамайды, ешкім бағыт көрсетпейді, ең бастысы – ішкі ағыныңды бөгейтін бөгде факторлар жоқ. Осындай жағдайда кейде ерекше дүние туады. Бұл — шынайы шабыттың, ішкі еркіндіктің жемісі.
Алайда зиянды жағы да бар, бұл – менің басымнан өткен шынайы тәжірибе. Үйде отырып жан-тәніңмен жасаған ән студияға келгенде мүлде басқаша естілуі мүмкін. Өз бөлмеңдегі жайлылық пен тыныштық жоғалғанда, өзіңді сенімді сезінбейтін ортаға түскенде, тіпті өз дыбысыңды да қайталай алмай қалатын кездер болады. Мұны мен адами факторға жатқызамын. Себебі өнер деген — тек техника емес, адамның ішкі күйі.
Үй — сенің қорғаның, сенің табиғи әлемің. Ал студия — сыртқы кеңістік, тәртібі, талабы, басқа энергиясы бар орта. Осы екі әлемнің айырмашылығы тым үлкен. Сондықтан үйде туған әуеннің студияда сол күйінде қайталанбай қалуы — қалыпты құбылыс.
Кейде тіпті түсінбейсің, неге дәл сол күйді, сол әуенді қайта жеткізе алмаймын деп. Бірақ өнердің табиғаты сондай — бір сәтте ерекше шабыт сыйлайды, оны ұстап қалу өз қолыңда. Құдайдың өзі де кейде ерекше дүниені қолыңа беріп қояды, ал оны қалай өңдеп, қалай жеткізетінің — өз шеберлігіңе, өз табандылығыңа байланысты.
- Жалпы компьютер мен аспапта ойнаудың ерекшелігі қандай?
- Бәрі, түптеп келгенде, қаржыға тірелетіні рас. Түнгі үште шабыт келсе, соған дәл сол сәтте үндесіп, жан-дүниеңмен бірге ағатын гитарашыны қайдан табасың? Ондай мүмкіндік жоқтың қасы. Өнер адамына тән тылсым уақыт пен сезімге дәл келетін адам табылмайды. Ал компьютер – тап сол мезетте сенің қасыңда. Ақша сұрамайды, күтуге мәжбүрлемейді, «қазір бола ма?» деп сұрамайды. Қолыңа алған бетте ойыңдағы дыбысты қағып алып, сол сәттің энергиясын қатырып тастауға мүмкіндік береді.
Былайша айтқанда, менің мүмкіндігімнің көбісі кедейліктен туды. Қымбат студия, тірі музыканттар, кәсіби аспаптар қолжетімсіз болғандықтан, амалсыздан компьютерге жүгінуге тура келді. Бірақ сол амалсыздықтың өзінде үлкен мүмкіндік жасырын екен. Компьютер маған қалаған әуенімді сол сәтте жазуға еркіндік берді.
Әрине, тірі гитарашының ойыны – мүлде бөлек әлем. Оның шынайылығы, адамның ішкі дірілін жеткізетін табиғи тембрі бар. Адам қолынан туған дыбыс жаныңды әлдеқайда терең қозғауы мүмкін. «Пластмасса дыбыс» деген ұғым да осы айырмашылықтан туған, яғни, компьютермен жазылған дыбыс мінсіз, тегіс, жылтыр болып келеді. Бірақ музыка – мінсіздікті көтермейтін өнер. Оның сәл бұзылған, сәл қыңыр, сәл дірілдеген жерлері – жанды. Сол кемшілігі оның көркі.
Соған қарамастан, компьютермен жұмыс істейтіндердің де ішінде «тірі музыка» тудыруға жанын салатын мамандар бар. Олар әр дыбыстың демін, әрқилы қателігін, адамның қолымен жасалғандай табиғи қимылын қалпына келтіруге тырысады. Жасанды дыбысты жанды ету – бүгінгі заманның жаңа кәсіп, жаңа өнері десе болады.
Заман да өзгеріп жатыр. Компьютерлік технология күннен-күнге дамып, енді тек мінсіз дыбыс емес, кемшілігі бар шынайы музыканы да жазып беруге жақындап қалды. Дыбыстың демін, саусақтың тиюін, шекті шерткенде шыққан болмашы сықырды да имитациялайтын деңгейге келді. Болашақта компьютерлі музыка мен тірі аспаптық орындаудың арасы тіпті байқалмай қалуы мүмкін.
- Музыкант болғысы келетіндер көп пе?
- Әнші болғысы келетіндер көп, тіпті өте көп. Бүгінгі заманда атаққа, даңққа, қалтадағы табысқа қызығатындардың саны күн сайын артып келеді. Бірақ сол арманның артында қаншалықты ауыр еңбек, қаншама түн ұйқысыз өтетінін екінің бірі ескере бермейді. Әнші болу — тек сахнада жарқырау емес, ең алдымен, көзге көрінбейтін ұзақ соқпақ жол.
Күн сайын қолымызға дайын материал тиіп отыратын кезеңде өмір сүріп отырмыз. Дайын минус, дайын мәтін, дайын аранжировка — бәрі қолжетімді. Бірақ шығармашылықтың шын мәні дайын дүниені пайдалана салуда емес. Шынайы өнер адамы болу үшін алдымен өз өніміңді өзің тудыра білуің керек. Жоқтан бар жасау — ең қиын, бірақ ең бағалы процесс. Онда сенің болмысың, сенің тілегің, сенің шынайылығың бар.
Иә, дайын әнмен ғана жұмыс істейтіндер де бар. Оларға жол әлдеқайда жеңіл. Дайын тректі алып, дауыс қосып, сахнаға шыға береді. Бірақ ондай адамның деңгейі — орындаушының деңгейі ғана. Оның артында ізденіс, табандылық, шығармашылықтың ауыр еңбегі тұрмайды. Жеңіл жолмен жүру — уақытша нәтиже береді, бірақ оны өнердің өзегі деп айту қиын.
Меніңше, нағыз музыкант — әннің идеясынан бастап соңғы дыбысына дейін өз қолымен жасай алатын адам. Әуенін де, мәтінін де, аранжировкасын да, дыбысын да өзі тудыруға қабілетті адам.
- Шығармашылық жолыңда қанша ән жаздың?
- Шамамен, 130 ән жазыппын. Ұнамды, әдемі шықты деп отыз шақтысын айта аламын. Қырық шақтысына өзім толыққанды қатыспағандықтан өзімдікі деп айта алмаймын. Бірақ, әрлеу сияқты жұмыстарына қатыстым.
- Жаңа заман әндерін қай алаңда тыңдауға болады?
- Ол да ұрпақтың жасына байланысты бөлінеді. Ескіден келе жатқан хипхоп, RnB әндер жарияланатын «Соунд клауд» деген алаңдар бар. ТМД елдері арасында еркін әндер әлеуметтік желідегі каналдар арқылы жарияланады.
- Рэп секілді әндерде теріс насихаттар көп қой...
- Жасыратыны жоқ, қазіргі музыкалық ортада баршылық та, бейберекет қозғалыс та қатар жүреді. Өнердің жолы әртүрлі. Біреу тәртіппен келеді, біреу «шабыт іздеп» жүріп қажетті емес күйге түседі. Өз басым тазалықты, жинақылықты, салауатты өмір салтын ұстанғанды жақсы көремін. Шабыттың ең мықтысы — тұнық санада туады деп ойлаймын. Бірақ, өкінішке қарай, бұл ойды бәрі бірдей бөлісе бермейді.
Студияға келетін жастардың көбі — әртүрлі күйдегі, әртүрлі көңілдегі адамдар. Бір-бірін танымайтын, ортақ мақсаты жоқ адамдардың студияға жиналуы — қалыпты көрініс. Жалпы алғанда, жастар көп жиналған жерде «тыныштық сақталады» деп сену — өз-өзімізді алдау. Өйткені студия — шығармашылық ордасы болғанымен, онда әркімнің ішкі энергиясы, мінезі, әдеті байқалады. Кімнің көңілі тасып тұр, кімнің жүйкесі жұқарып тұр — бәрі анық сезіледі. Бұл ортада өз ойыңды жинақтап, толыққанды жұмыс істеу қиынға соғатын кездер бар.
Бұған қоса, біздің жұмысымыздың көшпелі сипаты да бөлек мәселе. Студия тұрақты, қалыпты бір мекенжайда болғаны — үлкен артықшылық. Бір кеңістіктің энергиясына үйренесің, дыбысының ерекшелігін білесің, жұмыс ырғағың қалыптасады. Ал біз секілді жиі орын ауыстыратындар үшін бұл — айтарлықтай кедергі.
- Ән жазам деушілердің көбі қай жанрда шырқағысы келеді?
- Рэп. Жеңіл жазылады. Әрине, жақсы туындыны жарыққа шығару үшін, оның ішінде рэпті де жазу үшін көп жұмыс істеу керек. Бірақ, ең қолжетімді, жеңіл түрі сол. Ән жазғызам деп келетіндер де соған үйір болады. Бейәдеп сөздер де қолданылады. Қыздар ән жазуға сирек келеді. Жиырма адамның екеуі ғана қыздар.
- Ал жас ерекшеліктері бойынша?
- Ең жасы алты жастағы бала болды. Анасымен бірге келіп рэп жазғызып кетті. Алпыс жастағылар да келді. Бірақ рэп емес, баяу әндер орындайды. Қырық шамасындағы ағайындардың көбі рэп орындайды.
- Алты жастағы бала қандай ән орындады? Мұндайға өз көзқарасың қалай?
- Әрине, оларды сахнаға жетелеп жүрген – аналары. Баласының талабын байқап, «ән айтсын» деп қолтығынан демегені түсінікті. Бірақ шынтуайтына келгенде, олардың орындағаны – әліппе жайлы шағын рэпке ұқсас дүниелер ғана. Рэп жанрын жас ерекшелігімен өлшейтін болсақ, ол ең алдымен жеткіншектер мен жастардың ішкі толқынысына сай келеді. Өйткені рэп – өмірдің ащы-тұщысын, ішкі бұрқанған сезімді, қоғаммен күресті, жеке тәжірибені жеткізетін жанр. Ал бала не айтады? Көшеде қыдырғанын ба, әлде ауыр балалық шағын ба? Мұндай тәжірибе әлі қалыптаспаған.
Бұл жерде мен аналарының ниетін түсінемін. Олар баласын қоғам алдында сенімді ұстасын, қысылмай сөйлеуді үйренсін, көпшілікпен жұмыс істеп көргені дұрыс болсын деген оймен жетелеп жүр. Мұның тәрбиелік мәні бар, әрине. Дегенмен әңгіменің басында айтқандай, балаға мүмкіндігінше өз таңдауын беруге тырысқан жөн. Егер әлі таңдауға қабілетті емес жаста болса, ең дұрысы — өнердің түрлі бағытындағы үйірмелерге апарып көру. Әр үйірме — оның өзін тануына ашылған бір есік.
Ең бастысы, ата-ана баласын ерте жастан вокалға баулып, дұрыс мамандарға көрсетсе, бұл оның болашағына үлкен пайда әкеледі. Дауыс қоюды, тыныс алуды, музыкалық естуді бала кезде қалыптастыру әлдеқайда оңай.
- Арманың қандай? Танымал болу, студия, лейбл ашу ма?
- Басты арманым өз көңілімді қанағаттандыратын ән жазғым келеді. Өте қанағатсызбын. Талғамым өте күрделі. Елдің бәрі «керемет деп» мақтап тұрса да туындыларымды жақтырмай отырамын. Тыңдамаймын. Сондықтан гештальтты жабатын ән керек. Бәрі сондай ма, мен ғана сондай ма? Кім білсін. Шәкіртім бар білгенімді үйретіп жүрген. «Өзіңді алдама, алданба» деймін. Жұмыс істе. Ән жазуымен бел буа кіріскіссі келетін адам, алдымен өзінің «кереметтігімен ауырып» болып, шынайы жұмысқа кірісуі керек деп білемін.
- Иманбектің феномені туралы не айтасың?
- Эйнштейн айтқандай «құдай асық ойнамайды». Ол оның Грэммиі болған. Маңдайына жазған, бағы мен бұйырғаны сол.
- Қазақ музыкасы қанатын кеңге жайды. Соңғы жылдары ТМД елдерін асып, әлемді бағындырған жастар көп. Мұны түсіндіре алар ма едің?
- Қазақ — табиғатынан музыка мен сөз өнеріне жақын халық. Бұл — артық айтқандық емес, ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық болмыс. Шамасы келгеннің бәрі ақын, ең болмаса, сөздің ретін тауып ұйқастырғанды жөн көретін бір ерекше қасиет бар. Біздің халқымыз үшін өлең шығару, ән айту — арнайы дайындықты қажет ететін жат әрекет емес, күнделікті тұрмыспен біте қайнасқан мәдениет.
Батыста кейінірек пайда болған «батл» мәдениеті бар: қарсыласқа суырылып, қолма-қол жауап беру, тап сол сәтте сөз табу, еш дайындықсыз ойсырата ұйқастыру — бұл олардың заманауи өнерінде жаңа бағыт саналады. Ал біз үшін мұндай форма ежелден бар дүние. Айтыс — бүтін бір халықтың сөзге жүйріктігін, суырыпсалмалығын танытатын теңдессіз өнер. Бірден жауап беру, қарсыласты сөзіңмен жеңу, даланың мінезін бір шумаққа сыйдыру — қазаққа тән табиғи қасиет.
Сондықтан да қазақ халқы өлең мен ән өнерінде ешқашан артта қалмаған. Әр шаңырақта домбыра үнін тыңдап өскен ұрпақ бар, әр ауылда өз ақын-жырауы, өз әнші-құмар жастары бар. Бұл — қанына сіңген қасиет. Музыканы түсіну, сезіну, әуенге еру қазақ үшін бөлек қабілет емес, болмыс.
Осы себепті қазіргі жастардың да музыкаға бейім болуы — заңдылық. Өйткені олардың жан дүниесінде ата-бабадан қалған өнердің табы бар.
Сұхбатыңа рахмет!
Айдос Мырзахметов