Елордада тұңғыш әскери әлем біріншілігі өтпек
Фото: Instagram/qazaqkuresi.kz
14–15 тамыз күндері Астанада алғаш рет әскери қызметшілер арасында қазақ күресінен әлем чемпионаты өтеді. Төл спорттың бұл тарихи додасын Халықаралық әскери спорт кеңесі (CISM) қолдап отыр. Чемпионат ҚР Туризм және спорт министрлігі, Қорғаныс министрлігі және QAZAQ KURESI ассоциациясының ұйымдастыруымен өтпек, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Соңғы жылдары елімізде ұлттық спорт түрлеріне ерекше мән беріліп келеді. Жуырда Мемлекет басшысы қол қойған жаңа заң аясында ресми тіркелген 11 ұлттық спорт түрі басым спорт ретінде танылып, дамуға жаңа мүмкіндік алды. Соның ішінде қазақ күресінің орны айрықша.
Осы чемпионат арқылы қазақ күресі CISM күнтізбесіне енген алғашқы ұлттық спорт түрі болып отыр. CISM — әлемнің 130-дан астам елінің әскери спортшыларын біріктіретін беделді халықаралық ұйым.
Биылғы чемпионат Кеңес Одағының Батыры, қазақтың қаһарман қызы Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арналмақ. Байрақты бәсекеге Қазақстанмен бірге Түркия, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Беларусь, Иран, Қытай, Моңғолия, Италия, Пәкістан, Тунис, Гана, Бразилия, Камерун, Шри-Ланка және өзге де елдерден әскери палуандар қатысады.
Барлығы 16 салмақ дәрежесі бойынша жеңімпаздар анықталады.
Сондай-ақ чемпионат аясында шетелдік жаттықтырушылар мен төрешілерге қазақ күресінің ережелері мен әдіс-тәсілдерін таныстыруға арналған оқу-әдістемелік семинарлар мен шеберлік сабақтары ұйымдастырылады. Бұған қоса, UWW халықаралық күрес ұйымының нұсқаушысы Эдмар Абдуллаев арнайы оқыту курсын өткізеді.
Айта кетейік, әлем чемпионаты Астанадағы Qazaqstan жеңіл атлетика кешенінде өтеді.