KZ
Өскемен
-1°
снег жел 6 м/с, В
514.74 599.36 6.71

Аудандық ауруханаға мәртебесі қайтарылады – Марқакөл

16.08.2025, 11:30 278 Айдос Мырзахметов


Қазіргі таңда Марқакөл ауданында 20 медициналық мекеме жұмыс істейді. Оның ішінде аудандық аурухана, үш дәрігерлік амбулатория және 16 медициналық пункт бар. Бұл нысандарда 13 дәрігер, 75 орта буын медицина қызметкері, сондай-ақ санитарлар мен техникалық персонал еңбек етеді. Денсаулық сақтау мекемелері медициналық техникамен 82 пайызға қамтамасыз етілген, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Марқакөл тұрғындарымен кездескен Шығыс Қазақстан облысының әкімі өңірде атқарылатын медициналық жоспарларға тоқталды. Атап айтқанда, Боран ауылындағы дәрігерлік амбулаторияға күрделі жөндеу жүргізіледі. Қазір нысанға техникалық тексеру жасалды, ал қаржы жобалау-сметалық құжаттама дайын болған соң, 2026 жылы бөлінбек.

Ауданда тоғыз маман жетіспейді. Әсіресе акушер-гинеколог, хирург, анестезиолог-реаниматолог, рентгенолог және стоматологтарға сұраныс жоғары. Бұл мәселені шешу мақсатында жыл сайын дәрігерлерді шетелдің жетекші клиникаларына жіберу тәжірибесі енгізілген. Өткен жылы Ресей, Германия және Түркияда 44 маман біліктілігін арттырып келді. Олардың оқуына 420 миллион теңге бөлінген.

Аудан бойынша ауру көрсеткіштері біршама жақсарған. Қан айналымы жүйесі, қатерлі ісік және қант диабеті деректері төмендеген. Ал ана мен нәресте өлімі тіркелмеген.

– Аудандық аурухана қазір дәрігерлік амбулатория ретінде жұмыс істейді. Толыққанды аурухана мәртебесін алу үшін санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай лицензия қажет. Осыған орай ғимараттың желдету жүйесі жаңартылып, ауруханадағы лифт жөнделуде. Бұл жұмыстарға Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры мен облыстық бюджеттен қаражат бөлінген, – деді ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу