KZ
Өскемен
-29°
туман жел 1 м/с, С
518.39 603.09 6.68

Марқакөлде дәрігер тапшы: халыққа толық медициналық көмек қажет

pixabay.com

2.07.2025, 13:30 240 Айна Бакимбаева

Шығыс Қазақстан облысындағы жаңадан құрылған Марқакөл ауданында медицина саласы кадр тапшылығын сезініп отыр. Қазіргі таңда аудан орталығындағы амбулаторияда акушер-гинеколог, хирург, стоматолог және анестезиолог-реаниматолог секілді негізгі мамандар жетіспейді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Ауданға қарасты Қалжыр ауылдық дәрігерлік амбулаториясында да жағдай оңай емес. Мұнда бір жалпы тәжірибелік дәрігер мен екі акушер маманына қажеттілік бар.

Қазіргі таңда ауданда бір орталық аурухана, үш дәрігерлік амбулатория және 16 медициналық пункт тұрғындарға қызмет көрсетіп келеді. Халыққа қолжетімді медицина ұйымдастыру мақсатында "Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасы аясында Ақжайлау мен Ұрынқай ауылдарында жаңа медициналық пункттер салынып, биыл халық игілігіне берілген.

Аудан орталығы бұрын Күршім ауданына қарағанымен, қазір өз алдына жеке жұмыс істеуге көшіп жатыр. Алайда үлкен мәселенің бірі – перзентхананың болмауы. Соның салдарынан ауыр халдегі жүкті әйелдер Өскемен қаласындағы ана мен бала орталығына жіберіледі.

– Дегенмен, жүкті әйелдердің патологиясын ерте анықтап, оларды уақытылы облыс орталығына жөнелту тетігі жолға қойылған, – дейді Марқакөл ауданы әкімінің міндетін уақытша атқарушы Нұрсұлтан Бейсенов.

Оның айтуынша, Марқакөл ауылындағы ауруханаға күрделі жөндеу жұмыстары жоспарланған. Қазір жобалық-сметалық құжаттама дайындалып, 24 миллион теңгеге заманауи медициналық жабдықтар сатып алынған. Атап айтқанда, жаңа операциялық үстел, гинекологиялық кресло, электрокардиограф және көпфункционалды төсек алынған.

– Шілде айында аурухананың лифтіне де күрделі жөндеу жүргізу көзделіп отыр, – деді әкім орынбасары.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу