Коррупцияға жол жоқ: ШҚО жастары арасындағы қаржылық сауаттылық
Өскемен құрылыс колледжінде студент жастарға арналған «Коррупция жоқ! Жастар арасында қаржылық сауаттылық» тақырыбында мазмұнды тренинг өтті. Іс-шараға құқық қорғау органдарының өкілдері қатысып, жастармен ашық форматта пікір алмасты, деп хабарлайды Altainews.kz.
Кездесудің басты мақсаты – жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру, студенттердің құқықтық және қаржылық сауаттылығын арттыру, сондай-ақ құқық бұзушылықтардың алдын алу. Сонымен қатар заң талаптарын сақтамаудың салдары мен заңға қайшы әрекеттер үшін көзделген жауапкершілікті жан-жақты түсіндіру көзделді.
Тренинг барысында спикерлер заң талаптарын сақтау, жастар арасындағы құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шаралары, қаржылық алаяқтықтың түрлері және олардан қорғану жолдары туралы кеңінен баяндады. Студенттерге нақты өмірлік мысалдар келтіріліп, өз құқықтарын қорғау тетіктері түсіндірілді.
Іс-шарада Шығыс Қазақстан облысы прокуратурасының 3-басқармасының аға прокуроры Рауан Сайранбекұлы және ШҚО бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Жандос Мұзтауов сөз сөйлеп, жастарды заңды құрметтеуге, адалдық пен жауапкершілік қағидаттарын ұстануға шақырды. Спикерлер студенттердің сұрақтарына жауап беріп, күнделікті өмірде кездесетін құқықтық жағдайлар бойынша пайдалы кеңестер ұсынды.
Мұндай кездесулер жастардың заңға деген сенімін арттырып, құқық бұзушылықтың алдын алуға, сондай-ақ саналы әрі жауапты азамат қалыптастыруға ықпал ететіні атап өтілді.






