«Өскемен-1» теміржол вокзалы: ШҚО әкімі құрылыс қарқынын қадағалап қайтты
Шығыс Қазақстан әкімі Нұрымбет Сақтағанов облыс орталығындағы маңызды құрылыс алаңдарының бірі – «Өскемен-1» теміржол вокзалында жүріп жатқан қайта жөндеу жұмыстарының қарқынын бағамдап қайтты, деп хабарлайды Altainews.kz.
Жоба бойынша вокзалдың санаты жоғарылап, ғимараттың жалпы аумағы бұрынғы 700 шаршы метрден 1800 шаршы метрге дейін ұлғайтылады. Құрылысқа жауапты мердігер ұйым – «Промтехмонтаж» ЖШС.
ШҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, нысанда қазір ригельдер мен қатаңдық диафрагмаларын монтаждау жүріп жатыр. Бұл кезең ертең толық аяқталуы тиіс.
10 желтоқсаннан бастап бірінші қабаттың арматурасын байлау және бетон құю кезіндегі пішінін ұстап тұратын қалыптарды орнату жұмыстары басталады. Бес күннен кейін бірінші қабаттың жабын плитасын бетондау жоспарланған. Одан соң газоблоктан қабырғалар қаланады. 17 желтоқсаннан бастап екінші қабатта құрылыс кезеңі басталмақ.
Айта кетейік, нысанда 30-дан астам жұмысшы еңбек етуде, екі бірлік техника тартылған.