KZ
Өскемен
-4°
снег жел 4 м/с, З
494.63 583.22 6.42

Әскерге шақырылған 22 мың сарбаздың 8,5 млрд теңге несиесі кейінге шегерілді

10.12.2025, 09:30 161 Базарова Айгүл

2024 жылдан бастап Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде мерзімді әскери қызметін өтеп жатқан азаматтар микрокредиттер мен банктік несиелер бойынша өз міндеттемелерін орындауды кейінге шегеру құқығына ие болды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Ережеге сәйкес, қызмет өткеру мерзімі бойына және әскерден босатылғаннан кейін 60 күн ішінде төлемдер пайызсыз, айыппұлсыз және өсімпұлсыз кейінге шегерілмек.

2025 жылғы қараша айындағы мәлімет бойынша, мерзімді әскери қызметке шақырылған 21,9 мың адамның 19,2 мыңы несие бойынша кейінге шегеру алған. Берілген кейінге шегерудің жалпы сомасы 8,5 млрд теңгені құрайды.

Кейінге шегеру алу үшін өтініш жазудың қажеті жоқ. Шақырылушылар туралы мәліметтерді Қорғаныс министрлігі кредиттік бюроға жолдайды, содан кейін ақпарат банктер мен микроқаржы ұйымдарына жеткізіледі. Банктер мен микроқаржы ұйымдары хабарлама түскен күннен бастап 15 күнтізбелік күн ішінде кейінге шегеруді рәсімдеуге міндетті.

Ақпарат жазбаша және/немесе онлайн беріледі, бұл ретте азаматтың жеке баруы немесе қосымша келісімдерге қол қоюы талап етілмейді. Бұл шара негізгі қарызға да, есептелетін сыйақыға да қолданылады.

Кейінге шегеру кезеңінде айыппұлдар, өсімпұлдар есептелмейді және өндіріп алу шаралары қолданылмайды. Егер әскери бөлімнің тізімінен мерзімінен бұрын шығарылса, кейінге шегеру тағы 60 күн сақталады.

Егер азамат кейінге шегеруден бас тартқысы келсе, банк хабарламасын алған күннен бастап 14 күн ішінде жазбаша өтініш беруге құқылы. Бұл жағдайда кредитор кейінге шегеруді тоқтатады.

Несие бойынша сот шешімі шығарылған, татуласу келісімі жасалған немесе атқарушылық жазба рәсімделген жағдайда кейінге шегеру берілмейді.

Егер кейінге шегеру автоматты түрде берілмесе, әскери қызметші қаржы ұйымына жазбаша өтініш бере алады. Мәселе шешілмеген жағдайда банктік, микроқаржылық уәкілге немесе Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жүгіне алады.


Дәурен Аллабергенұлы

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу