Өскемендегі 28-ықшам ауданда пеш жарылды: Қала әкімі оқиға орнында
Бүгін Өскемен қаласының 28-ықшам ауданында электр желісіндегі ақау салдарынан үйдегі пеш шамадан тыс қызып, салдарынан жарылыс болды. Оқиға болған сәтте үйде 6 адам, оның ішінде балалар да болған. Төтенше жағдай туралы хабарлама түскен соң оқиға орнына қала әкімі Алмат Ақышов барып, жағдаймен жеке танысты, деп хабарлайды Altainews.kz.
Қала әкімінің айтуынша, жарылыстан кейін баспанасыз қалған отбасыға уақытша тұрғын үй беріледі. Сондай-ақ, жауапты қызметтерге ықшам аудан электр желілеріндегі ақауды жою бойынша нақты тапсырмалар жүктелді. Мамандардың айтуынша, мәселе 10 күн ішінде толық шешілмек.
Қазіргі уақытта жарылыс кезінде үйде болған адамдар медициналық тексеруден өтуде. Алдын ала мәліметке сәйкес, тұрғындардың өміріне қауіп төндіретін жарақаттар анықталған жоқ. Оқиға жергілікті билік бақылауында.

