Өскемен әкімі қоғам белсенділерімен кездесті
Өскемен қаласының әкімі Алмат Ақышов қала өміріне белсенді араласып жүрген қоғам белсенділерімен кездесу өткізді. Дөңгелек үстел отырысына журналистер, ақын-жазушылар және түрлі сала өкілдері қатысты, деп хабарлайды Altainews.kz.
Кездесу барысында қала басшысы Өскеменнің әлеуметтік және инфрақұрылымдық дамуы бойынша атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы баяндады. Әкімнің айтуынша, шаһардағы өзекті мәселелердің бірі – ЖМК шағын ауданы мен ескі қала арасындағы көлік кептелісі. Бұл мәселені шешу мақсатында 2026 жылы Ертіс өзені арқылы өтетін жаңа көпірдің құрылысы басталмақ.
Сонымен қатар, жиында бірнеше маңызды тақырыптар қаралды. Атап айтқанда, кеңес дәуірінен қалған көше атауларын тарихи және қазіргі талаптарға сай өзгерту, қала сыртында жаңа атшабар (ипподром) салу, Желдіөзек мұсылман зиратындағы орын тапшылығын шешу, сонымен қатар қала көшелерінің тазалығы мен жол сапасын арттыру.
Кездесуге қатысушылар өз ұсыныстарын білдіріп, қаланы дамыту бағытында пікір алмасты. Шараның мақсаты – тұрғындар мен жергілікті билік арасындағы ашық диалогты нығайтып, өзекті мәселелерді бірлесе талқылау болды.
Серік Құсанбаев




