KZ
Өскемен
-3°
пасмурно жел 4 м/с, ОШ
509.94 593.88 6.43

ШҚО – өндірістік жарақаттар бойынша республикада алдыңғы қатарда

depositphotos.com

21.10.2025, 13:30 169 Базарова Айгүл

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің мәліметіне сәйкес 2025 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша өндірістегі жазатайым оқиғалардан 934 жұмыскер зардап шегіп, оның 133-і қаза тапты. Бұл ретте биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша өндірістік жарақаттану 2024 жылдың екінші жартыжылдығымен салыстырғанда 3,4%-ға төмендеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі. 

Ағымдағы жылы 9 айда өндірістік жарақаттану коэффициенті (1000 жұмыскерге шаққандағы жазатайым оқиғалардың жиілігі) 0,13 құрады. Республиканың өнідірістік аймақтарында жарақат алудың ең жоғары деңгейі сақталуда. Мәселен, Қарағанды облысында - 103 адам, ШҚО-да – 89 адам, Павлодар облысында – 68 адам, Ақтөбе облысында – 64 адам, Атырау облысында – 48 адам зардап шеккен. Сондай-ақ, Алматы қаласында 51 адам зардап шекті. Экономиканың салалары бойынша ең көп зардап шеккендер тау-кен металлургия кешенінің өнеркәсіптерінде – 17,4 % және құрылыс саласында – 10,2%. Жазатайым оқиғалардың орын алуының негізгі себептері: өндірістегі жұмыстың тиісті деңгейде ұйымдастырылмауы (34,2%); жәбірленушінің өзінің өрескел абайсыздығы (33,6%); еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау ережелерін бұзу (8,5%); жол қозғалысы ережелерін бұзу (7,8%).

Еңбекті қорғау фактілерінің бұзылушылықтары бойынша құқық қорғау органдарына жазатайым оқиғаларды тергеудің 730 материалы жіберілді, соның негізінде 211 қылмыстық іс қозғалды.

«Қауіпсіз еңбек жағдайын жасау мен өндірістік жарақаттануды азайту ҚР Үкіметі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің негізгі міндеттерінің бірі болып табылады.Соңғы бес жылдың ішінде мемлекеттік органдар мен жұмыс берушілердің еңбекті қорғау саласы бойынша қабылданған кешенді шаралардың нәтижесінде өндірістік жарақаттану деңгейі 6,7%-ға түсті. Профилактика мен бұзушылықты алдын алу мақсатында еліміздің 3262 кәсіпорны қауіпсіздік пен еңбекті қорғау стандарттарын енгізді. 2019 жылдан бастап Министрлік тарапынан «Нөлдік жарақат - Vision Zero» тұжырымдамасын жетілдіру болйынша белсенді жұмыс атқарылуда. Оған бүгінде 610 кәсіпорын қосылды», делінген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарламасында.

Сонымен қатар Құрылыс объектілерінде бас мердігердің объектідегі еңбек қауіпсіздігі мәселелері бойынша барлық қосалқы мердігерлерге жауапкершілігі мен бақылауын көздейтін бақылаудың тікелей моделін енгізу бойынша жұмыс жалғасуда. Бұл бақылау моделін республиканың 318 кәсіпорны енгізді. Сонымен қатар, «Онлайн еңбек консультанты» электронды сервисі іске қосылды. Ол жұмыскер мен жұмыс берушінің арасында қашықтықтан өзара әрекеттесуді қамтамасыз ету үшін еңбек заңнамасының сақталуының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Сервис жұмыс берушінің еңбекті қорғау талаптарының сақталуын өзіндік тексеруден өтуін қарастырады. Сервис іске қосылғалы бері 50 125 жұмыс беруші оны пайдаланды.

Қазіргі уақытта 2024–2030 жылдарға арналған Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы жүзеге асырылуда. Ол 4 негізгі бағытты қамтиды:

  1. Тәуекелге бағдарланған ұлттық еңбекті қорғау жүйесін жаңғырту;
  2. Қауіпсіз жұмыс орындарын ынталандыру шараларын дамыту;
  3. Кәсіби құзыреттілік пен ғылыми әлеуетті арттыру;
  4. Еңбекті қорғау саласындағы бақылау мен мониторингті күшейту.

Бұл бастамалар өндірістік жарақаттану мен кәсіби сырқаттанушылықтың төмендеуіне ықпал етеді деп күтілуде.

Қазақстанда еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Мемлекеттік бақылау мен жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттыру, цифрлық технологияларды енгізу және халықаралық тәжірибеге сүйену – еңбек жағдайларын жақсартуға нақты қадамдар болып отыр.

 

Қуаныш Рахметоллаұлы

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу