Дала рухын дәріптеген “Шығыс салбурыны” фестивалі басталды
Шығыс Қазақстан облысында дәстүрлі “Шығыс салбурыны-2025” халықаралық бүркітшілер фестивалінің ашылу салтанаты өтті. Дала рухы мен қыран болмысын дәріптейтін бұл шара биыл бесінші рет ұйымдастырылып отыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Салтанатты жиынға республикалық “Құсбегілер” федерациясының вице-президенті Бағдат Мүптекеқызы, Ұлан ауданының әкімі, сондай-ақ шетелдік саятшылар, қонақтар мен сайысқа кіл мықтыны анықтауға келгендер қатысты.
Биылғы фестивальге жеті мемлекеттің құсбегілері арнайы келіп, өз қырандарының бабын сынға салмақ. Қатысушылар бүркітті қолға шақыру, шырға тарту, қоян мен түлкіге салу сияқты дәстүрлі сайыстарда бақ сынайды.
Сонымен қатар, халықаралық шара аясында жылқышылар асау үйретіп, садақшылар мергендіктерін көрсетеді. Қыран құсты ұлықтап, ұлттық саятшылық дәстүрін насихаттауға бағытталған бұл фестиваль 2023 жылдан бері халықаралық деңгейде өткізіліп келеді.
Үш күнге созылатын “Шығыс Салбурыны-2025” фестиваліне 103 қатысушы қатысып, өз шеберліктерін ортаға салмақ.
Қуаныш Рахметоллаұлы
Фото: Евгений Щетников





