KZ
Өскемен
-9°
облачно с прояснениями жел 3 м/с, СБ
502.27 597.15 6.57

Өскемен көшелерін қардан тазалау жұмыстары қарқынды

24.11.2025, 17:30 145 Базарова Айгүл

Бүгін Шығыс Қазақстан облысында ауа райының күрт өзгеруіне байланысты жол қозғалысында қиындықтар туындады. Өскеменде қаланы қою қар мен түнерген аспанның араласқан мінезі билеп тұр. Таңғы сағаттардан басталған толассыз қар аралас боран бір сәтке бәсеңдеген жоқ. Ауа райының күрт құбылуы қала өмірінің қалыпты ырғақтарына әсер еткенімен, шаһарды қар құрсауынан аршып, қозғалыс қауіпсіздігін сақтап қалу бағытындағы жұмыс та қауырт, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Қар аралас желдің екпінімен, қалың түсіп жатқан ақ ұлпа аз уақыт ішінде тротуарлар мен жолдарды толтырып үлгерді. Мұндай сәтте қаланың негізгі тірегі – коммуналдық қызмет өкілдері екені анық. «Таза Өскемен» мекемесі мен оған қарасты мердігер ұйымдар таң қылаң берместен-ақ күшейтілген жұмыс тәртібіне көшті. Бүгінде облыс орталығының басты көшелері мен магистральдарында барлық қолдағы техниканың толық қуатымен жұмыс істеп жатыр: автогрейдерлер, арнайы қар жинайтын машиналар, тракторлар, жүк тиегіштер және жолды ашуға қажет өзге де техникалар қаланың әр бөлігінде тоқтаусыз қозғалыста.

- Қазір «Таза Өскемен» тарапынан 62 арнайы техника жол тазалауға жұмылдырылған. Бұған қоса, қаланың шеткері аудандарында қарды күреу мен шығару жұмыстарына мердігер ұйымдардың 12 техникасы кірісіп отыр. Сонымен қатар, қала ішіндегі жүктемені жеңілдету мақсатында субмердігер компаниялардан тағы 10 техника тартылған. Яғни, бүгінгі ауыр метеорологиялық жағдайға қарамастан, жалпы 84 арнайы техника қала жолдарын ашық және қауіпсіз ету үшін тоқтаусыз еңбек етуде, - дейді қала әкімшілігі.

Коммуналдық қызмет экипаждары тәулік бойына кезекшілік тәртібімен жұмыс істейді. Бір топ демалысқа шықса, екіншісі бірден іске кіріседі. Негізгі назарға ең әуелі қоғамдық көлік қатынайтын бағыттар, көпірлер, көтерілу жолдары, қар тез жиналатын бұрылыстар мен қиылыстар алынған. Қар жауа бергеннен кейін-ақ орталық көшелерден қардың сыртқа шығару жұмысы да қатар жүргізіліп жатыр. Бұл – жолдардың өткізу қабілетін сақтап, кептелістерді болдырмаудың ең тиімді әдісі.

Мұндай боран мен қалың қар – табиғаттың қалыпты қысқы құбылыстарының бірі. Қала қызметтері табиғаттың тылсым құбылысы басылған соң да жұмысты жалғастырып, жолдарды толық тәртіпке келтіргенше бір сәтке де босаңсымайды. Қаланың тіршілігі қалыпқа түсуі үшін бар күш жұмылдырылып отыр.

Коммуналдық мекемелер осы тұста қала тұрғындары мен жүргізушілерден түсіністік танытып, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауды сұрайды. Қар мен жел салдарынан көріну шектелген, жолда көктайғақ болуы ықтимал, сондықтан көлікті барынша сақтықпен жүргізіп, жылдамдықты арттырмау – әркімнің өз қауіпсіздігі үшін маңызды. Шама келгенше, көліктерді жол жиегінде қалдырмай, коммуналдық техникалардың емін-еркін өтуіне мүмкіндік берсе, атқарылып жатқан жұмыстың өнімділігі арта түседі.

Жаяу жүргіншілер де ауа райының мінезін ескергені жөн: желдің екпіні күшті, көріну деңгейі төмен. Мұндайда әр қадамды абайлап басқан абзал. 


Айдос Мырзахметов

Фото: Жалғас Сакадиев 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу