KZ
Өскемен
-20°
туман жел 1 м/с, С
501.02 597.27 6.59

ШҚО ел бірлігінің ордасына айналды: Достық үйлерінің республикалық конгресі ашылды

23.09.2025, 17:00 241 Серік Құсанбаев

Бүгін Өскеменде Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай Достық үйлерінің І республикалық конгресі өз жұмысын бастады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Екі күнге жалғасатын ауқымды шараға еліміздің барлық өңірінен 100-ден астам делегат келді. Олардың қатарында Достық үйлерінің директорлары, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, сарапшылар, мемлекеттік органдар қызметкерлері және жастар бар.

Шараның ашылуында сөз сөйлеген Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Ассамблея институтының ел бірлігін сақтаудағы ерекше рөлін атап өтті.

— Біздің ортақ міндетіміз – әр ұлттың дәстүрлерін сақтап қана қоймай, оларды жаңа мазмұнмен байытып, келер ұрпаққа аманаттау. Достық үйлері – бірлікті нығайтудың, қоғамдық келісім мен этносаралық диалогты дамытудың негізгі тірегі. Өскемен қаласында 33 жыл бұрын Қазақстандағы тұңғыш Достық үйі ашылған еді. Бүгінде мұндай орталықтар еліміздің түкпір-түкпірінде жұмыс істеп келеді. Ендігі мақсатымыз – осы мол тәжірибені дамыту, – деді аймақ басшысы.

Конгресс аясында еліміздегі Достық үйлерінің осы уақытқа дейінгі атқарған игі істері сараланып, алдағы ауқымды жоспарларды жүзеге асыру жолдары талқыланды. Сондай-ақ, тәжірибе алмасу, жұмыс барысында кездесетін кемшіліктерді жою мәселелері күн тәртібіне қойылды.

– Елімізде өткізіліп жатқан бірінші республикалық конгресс – тарихи оқиға. Болашақта мұндай жиындар жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп тұрса, нұр үстіне нұр болар еді, – деді қатысушылар.

Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Марат Әзілханов өз сөзінде этносаралық бірліктің маңыздылығына тоқталды:

– Біздің түріміз бен тіліміз, дініміз бен шыққан тегіміз әр алуан болғанымен, бәріміз бір тудың астында тұрып, бір әнұранды қосыла шырқаймыз. Біз – Қазақстан мемлекетінің азаматтарымыз. Сондықтан біздің қуанышымыз бен мұңымыз да, мақсат-мұратымыз да ортақ, – деді ол.

Конгресс барысында этносаралық келісімді нығайтудың жаңа тетіктері ұсынылып, Достық үйлерінің үздік тәжірибелері ортаға салынды.

Ертең жиын Риддер қаласында жалғасып, қорытындыланбақ. «Ассамблея жастары» атты мектеп аясында жас делегаттар ашық диалог форматында бас қосып, этносаралық татулық пен қоғамдық белсенділікті арттыру жолдарын талқылайды.

Айта кетейік, биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толып отыр. Бұл – бүкіл ел үшін маңызды қоғамдық-саяси оқиға. Әсіресе, Шығыс Қазақстан үшін бұл дата ерекше мәнге ие. Себебі алғашқы этномәдени бірлестіктер мен алғашқы Достық үйі дәл осы өңірде құрылған еді.

Фото/видео: Жалғас Сақадиев

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу