Өскеменде Достық үйлерінің Республикалық Конгресі басталды
Өскеменде Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толуына орай Достық үйлерінің Республикалық Конгресі өз жұмысын бастады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бұл алқалы жиынға еліміздің барлық облыстарындағы Достық үйлерінің директорлары, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, сарапшылар, жастар және мемлекеттік органдардың өкілдері келді. Жалпы саны 100-ден аса адамнан құралған делегация бас қосып, елдегі қоғамдық келісім мен бірлікті нығайту жолдарын талқылауда.
Мұндай деңгейдегі жиын Өскеменде екінші рет ұйымдастырылып отыр. Қаланың бұл жолғы миссиясы – түрлі этнос өкілдерінің басын қосып, өзара түсіністік пен ынтымақты күшейтетін орталыққа айналу.
Конгресс бағдарламасы мазмұнды басталды. Қонақтар алдымен Ертістің сол жағалауындағы этноауылға барып, түрлі ұлт өкілдерінің тұрмыс-тіршілігімен, өнері мен мәдениетімен танысты. Әрі қарай меймандар Шығыс Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы Жастар театрының арнайы қойылымын тамашалайды. Бұл қойылым ұлттық мәдени кодтарды қамтып қана қоймай, қазіргі заман құндылықтарын да дәріптейді.
Айта кетейік, биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толып отыр. Бұл – бүкіл ел үшін маңызды қоғамдық-саяси оқиға саналады. Атаулы дата Шығыс Қазақстан үшін ерекше мәнге ие. Өйткені дәл осы өңірде алғашқы этномәдени бірлестіктер мен алғашқы Достық үйі ашылған. Бүгінде бұл ұйымдар өңір өміріне белсене араласып, толеранттылықты, мәдениетті, бейбітшілік пен өзара түсіністікті насихаттап келеді. Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының жасанды құрылым емес, ел бірлігін нақты іспен нығайтатын тиімді институт екенін бірнеше рет атап өткен болатын.
Конгресс жұмысы тек Өскеменде ғана емес, Риддер қаласында да жалғасады. Мұнда жастарға арналған «Ассамблея жастары» мектебінде ашық диалогтар мен бейресми кездесулер өтеді. Жиын барысында жас делегаттар қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылап, этносаралық құрмет пен ынтымақтастықты қалыптастырудағы жастардың рөлін айқындамақ.
Конгресс аясында «Достық тәжірибелері: жұмыс істейтін үлгілер» атты сараптамалық сессия да өтеді. Онда өңірлердегі Достық үйлерінің қызметі, этносаяси мәселелерді шешудегі қоғамдық ұйымдардың рөлі, азаматтық бірегейлікті нығайту жолдары және жастардың осы үдерістегі белсенділігі талқыланады.
Осылайша, Өскеменде бастау алған бұл Конгресс елдің мәдени және қоғамдық өмірінде этносаралық келісімді нығайтып, татулық пен ынтымақты одан әрі арттыруға серпін бермек.
Фото: Александр Шушеньков















