KZ
Өскемен
-17°
облачно с прояснениями жел 3 м/с, З
514.74 599.36 6.71

Глубокое ауданындағы ветеринарларға жаңа қызметтік көліктер берілді - ШҚО

18.08.2025, 14:00 270 Төлеуғазы Жансая

Глубокое ауданында ауыл шаруашылығы саласының алдыңғы шебінде жүрген ветеринар мамандарға жаңа қызметтік автокөліктер табысталды. Барлығы 14 жаңа машина беріліп отыр. Олар 5 жылға лизингке алынып, Өнеркәсіпті дамыту қоры қолдау көрсеткен, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Салтанатты шара Глубокое кентінде өтті. Шараға қатысқан мамандардың қуанышында шек жоқ.

– Бүгін біз үшін ерекше күн. Жаңа көліктер қолымызға тиді. Мал дәрігерінің жұмысы көбіне жолға байланысты. Бір дәрігер бірнеше ауылдық округке қызмет көрсетеді. Шақырған жерге дер кезінде жету үшін көлік міндетті. Сондықтан бұл біз үшін үлкен көмек, – дейді «Глубокое-Вет» КМК ветеринар дәрігері Анна Волкова.

Ауданға берілген көліктердің ішінде бір «Соболь» фургоны, бір пикап және 11 Chevrolet Cobalt жеңіл көлігі бар.

– Әр машина арнайы жабдықталған. Ішінде тоңазытқыштар, термошкафтар, хирургиялық және анатомиялық құралдар бар. Яғни, мамандардың кез келген жағдайда жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалған, – деп атап өтті «Глубокое-Вет» КМК директоры Салтанат Құрманғалиева.

Оның айтуынша, ауданның ветеринарлық қызметінің көліктері соңғы рет 2013 жылы жаңартылған. Сондықтан жаңа техниканың келуі – көптен күткен жаңалық.

– Биыл ветеринария саласына ерекше қолдау көрсетілді. Жаңа көліктерге ие болып, қатты қуанып отырмыз. Академик Павлов айтқандай: «Дәрігер адамды емдесе, мал дәрігері – адамзатты емдейді». Сондықтан біздің жұмысымызға жағдай жасалуы – барша халық үшін маңызды, – дейді Салтанат Құрманғалиева.

Жаңа көліктер тек Глубокое ауданына ғана емес, Шығыс Қазақстанның басқа аудандарына да берілді. Жалпы өңір бойынша ветеринарлық қызметке 113 жаңа машина тапсырылған.

– Бүгінде облыстағы ветеринарлық қызмет толықтай жаңа көлікпен қамтылды. Бұл – мал шаруашылығын дамыту мен халықты қауіпсіз әрі сапалы өніммен қамтамасыз етуде маңызды қадам, – деді ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов кілттерді аудандарға табыстау кезінде.

Қазір өңірде 500-ден астам ветеринар маман еңбек етуде. Барлығы 110 ветеринарлық мекеме жұмыс істейді. Жаңа автокөліктерді сатып алуға 2 миллиард 300 миллион теңге бөлініп, олар 5 жылға лизингке алынған.

Елизавета Седых

Фото/видео: Руслан Акматалиев

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу