Президенттің 2024 жылғы Жолдауы: Әділетті Қазақстанның негізі – «Заң мен тәртіп» қағидасы
Қазіргі қоғамда заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мемлекеттің тұрақты дамуының негізі болып саналады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында басқарушы органдар алдына әрбір азамат өзін қорғауда сезінетін және мемлекеттік институттарға сенетін тиімді қауіпсіздік жүйесін құру міндетін қойды. Бүгінде Қазақстанда Үкімет бұл жұмысты кешенді түрде жүргізуде: қылмыстың алдын алу шаралары күшейтіліп, цифрлы технологиялар енгізілуде, заңнама жетілдіріліп, мемлекет пен қоғам арасындағы әріптестік нығайтылуда, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Үкіметке сілтеме жасап.
Құқықтық тәртіпті және патрульдік қызметті күшейту
ҚР Ішкі істер министрлігі өз күш-жігерін қала және ауылда қауіпсіз орта құруға бағыттап отыр. Күн сайын 14 мыңнан астам полиция қызметкері мен Ұлттық ұланның әскери қызметшілері құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде. 15 мыңнан астам патрульдік маршрут әзірленді, бұл проблемалы барлық аймақты қамтуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар қайталанатын қылмыстардың алдын алу жұмыстары жүргізілуде.
Аталған шаралар қазірдің өзінде айтарлықтай нәтиже беруде. Жыл басынан бері қоғамдық орындарда және көшелерде, сондай-ақ бұрын сотталғандар арасында құқық бұзушылықтар санының азаюы тіркелді. Полицияның үйлесімді іс-әрекеттерінің арқасында 10 мыңнан астам қылмыс ашылып, 10 млн-ға жуық әкімшілік құқық бұзушылықтың жолын кесілді.
Цифрландыру және бейнебақылау
Цифрлы технологияларды енгізуге ерекше көңіл бөлінуде. Бейнебақылау желісі бүкіл ел бойынша кеңейіп келеді: 19 мыңнан астам камера бет-әлпетті тануға, қараусыз қалған заттарды түсіруге және тіпті көлік ағындарын талдауға қабілетті жасанды интеллектімен жабдықталған. Бұл жүйелерді Жедел басқару орталықтарымен біріктіру орын алған оқиғаларға нақты уақыт режимінде әркет етуге мүмкіндік береді.
Полиция қызметкерлері заманауи планшеттер мен смарт-жетондармен жабдықталуда. Бұл олардың жылдам әрекет етуіне және қызмет тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Азаматтарға қолайлы болуы үшін «102» мобилді қосымшасы іске қосылды, сондай-ақ eGovMobile мен екінші деңгейлі банктердің қосымшаларында «Заң және тәртіп» қызметі пайда болды. Енді кез келген азамат құқықбұзушылық жайлы «бір батырма» арқылы хабарлап, қоғам мен құқық қорғау органдары арасындағы байланысты жеңілдете алады.
Әйелдер мен балаларды қорғау
Үкіметтің басым бағыттарының бірі – азаматтардың ең осал санаттары – әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Ішкі істер министрлігінде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жөніндегі арнайы басқарма құрылды.
Ұрып-соғу және денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру қылмыстық сипатқа ие болды. Биылғы жылдың 7 айында отбасылық зорлық-зомбылық деректері бойынша 8 мыңнан астам қылмыстық іс тіркелді.
Жаңа құқықтық тетіктердің арқасында соттар 56 мыңнан астам қорғау нұсқамасын шығарды, ал 19 мыңнан астам құқықбұзушы әкімшілік қамауға алынды. Мыңдаған әйел мен балаға дағдарыс орталықтарында көмек көрсетілді. Бұл мемлекет тарапынан азаматтардың құқығын қорғау бағытында нақты жұмыстар жүргізіліп жатқанын көрсетеді.
Қаржылық алаяқтықпен күрес
Цифрландыру жағдайында интернет-алаяқтық қылмыстарының саны күрт өсіп келеді. Азаматтарды қорғау үшін Ішкі істер министрлігі жүйелі шараларды жүзеге асыруда: ерте әрекет ету жүйелері енгізілуде, күмәнді қоңыраулар мен транзакциялар бұғатталады. Тек соңғы айларда ғана 2,6 млрд теңгеден астам қаржы ұрлығының алды алынды.
Жедел қызметтер алаяқтар пайдаланған 88 мыңнан астам SIM-картаны тәркіледі, сондай-ақ 67 млн-нан астам жалған халықаралық қоңыраудың жолы кесілді. Бұдан бөлек, Министрлік алдын алу жұмыстарын белсенді жүргізіп жатыр. Атап айтқанда, мектеп оқушыларына, студенттерге және зейнеткерлерге арналған семинарларда қауіпті алаяқтық іс-қимылдарды тани білу және қаржыны қорғау жолдары үйретіледі.
Есірткі қылмысына және экстремизмге қарсы іс-қимыл
Бүгінде есірткі қылмысы күрделі мәселе күйінде қалып отыр. 2024 жылдан бері вейптердің заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді, есірткі бизнесін ұйымдастырушыларға жаза өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейін қатаңдатылды. Биылғы 7 айда есірткіге қатысты 4,6 мыңнан астам қылмыс анықталып, 13 ұйымдасқан қылмыстық топ жойылды, 11 тоннадан астам есірткі мен 23 тонна химиялық зат тәркіленді.
Экстремизммен күрес те назардан тыс қалмайды. 2025 жылы экстремистік сипаттағы 44 қылмыстық құқық бұзушылық анықталып, оның 23-” іс сотқа жіберілді.
Жол-көлік қауіпсіздігі
Ерекше бағыт – жолдағы апаттарды азайту. Жаңа заң бойынша орташа жылдамдықты асырғаны үшін жауапкершілік күшейтілді, мопедтерді тіркеу міндетелді. Сонымен қатар айыппұлдарды ескертулермен алмастыра отырып, ұсақ бұзушылықтар үшін жазаларды жеңілдету қарастырылды.
Биылғы 7 айда жолдарға 25 мыңнан астам тексеру жүргізілді, қозғалыс қауіпсіздігіне қауіп төндіретін сан мың ақаулар анықталды. Соған сай дрондардан бастап автоматты тіркеу камераларына дейінгі бақылаудың жаңа әдістер қолданыла бастады. Мұның бәрі бүгінде нәтиже беріп, республикалық трассаларда жол-көлік оқиғаларында қаза тапқандар саны 12%-ға төмендеді.
Заңнаманы жетілдіру
Әділет министрлігі заңдылық пен тәртіпті қамтамасыз етудегі құқықтық базаны қалыптастыруда шешуші рөлге ие. Соңғы жылдары ведомство заңнаманың маңызын арттыру, құқықтық рәсімдерді оңайлату және азаматтар үшін сот төрелігін қолжетімді ете түсу бойынша көп жұмыс жүргізуде. Соның ішінде ең бір маңызды бағыт қылмыстық және әкімшілік құқықты, оның ішінде жеке құқықтарды қорғау және қайталама қылмыс деңгейін төмендетуге бағытталған жаңа нормаларды жетілдіру туралы болды.
Сот төрелігінің қол жетімділігі және құқықтық білім
Әділет министрлігінің басымдықтарының бірі – халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру. Ведомство онлайн-қызметтерді қарқынды дамытып, электрондық форматта мемлекеттік қызметтер спектрін кеңейтуде. Азаматтарға цифрлық платформалар арқылы соттар мен мемлекеттік органдарға жүгінуге мүмкіндік беріледі, бұл бюрократиялық жүктемені азайтады және уақытты үнемдейді.
Халық арасында ағартушылық жұмыс жүргізу маңызды міндет болып қала береді. Құқықтық мәдениетті нығайтуға бағытталған акциялар мен білім беру науқандары үнемі өткізіліп тұрады, бұл қоғамда заң мен мемлекеттік институттарға деген құрметті қалыптастырады.
Адам құқықтары саласындағы реформалар
Әділет министрлігі адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауға көп көңіл бөледі. Кемсітушілікке қарсы іс-қимылға, халықтың осал топтарын қорғауға және әділ сот төрелігінің кепілдіктерін нығайтуға бағытталған жаңа тетіктер әзірленіп, енгізілуде. Бұл саладағы қазақстандық бастамалар халықаралық деңгейде қолдау табуда, бұл елдің құқықтық мемлекет ретіндегі беделін нығайтады.
ІІМ мен Әділет министрлігі қабылдаған шаралар мемлекеттің «Заң және тәртіп» біртұтас және тиімді жүйесін құруға ұмтылатынын көрсетеді. Бұл жүйе заманауи технологияларға, заңнаманы жетілдіруге, қоғамның белсенді қатысуына және құқық бұзушылардың қатаң жауапкершілігіне сүйенеді.
Мемлекеттің міндеті – сын-қатерлерге жауап беріп қана қоймай, құқықтық тәртіп өмір сүру нормасына айналатын жағдайларды қалыптастыру. Бүгінгі таңда Қазақстан азаматтардың сенімін нығайта отырып және елдің болашақ дамуы үшін берік іргетас қалап, осы бағытта сенімді түрде қадам басуда.


