Жастар және тәуелсіздік құндылығы: ел болашағы – белсенді ұрпақ қолында
16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай Алтай ауданы орталығында «Жастар және тәуелсіздік құндылығы» тақырыбында мазмұнды дөңгелек үстел өтті. Тағылымды шара елдің азаттығы мен егемендігін қастерлеу, жастардың азаматтық жауапкершілігін арттыру және олардың қоғамдағы рөлін айқындау мақсатында ұйымдастырылды, деп хабарлайды Altainews.kz.
Іс-шараға аудан әкімі Ренат Құрмамбаев арнайы қатысып, тәуелсіздіктің мемлекет үшін ғана емес, ең алдымен жас ұрпақ үшін стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті. Өз сөзінде аудан басшысы егемен елдің болашағы білімді, белсенді әрі отансүйгіш жастардың қолында екенін айтып, жастардың аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосып жатқан үлесіне жоғары баға берді.
Дөңгелек үстел барысында қатысушылар патриотизм, азаматтық белсенділік, жастардың қоғамдық бастамаларға қатысу мүмкіндіктері және еріктілік қозғалысының маңызы секілді өзекті тақырыптарды кеңінен талқылады. Еркін пікір алмасу форматында өткен кездесуде жастар ойларын ашық айтып, қоғамдағы өз рөлін сезінудің маңыздылығына тоқталды.
Шараға қатысқан еріктілердің бірі Иван Тимонин дөңгелек үстелдің мазмұнды әрі пайдалы өткенін атап өтіп, мұндай кездесулер жастардың жаңа бастамаларға деген ынтасын арттыратынын жеткізді. Оның айтуынша, ел тәуелсіздігі әр азаматтың белсенді азаматтық ұстанымы мен жеке жауапкершілігіне тікелей байланысты.
Ал Эвелина Бухарева жастарды қоғамдық жұмыстарға кеңінен тартудың маңыздылығына тоқталып, осындай кездесулердің патриоттық сана мен ел болашағына деген жауапкершілікті қалыптастыруда ерекше рөл атқаратынын айтты.
Тағылымды басқосу жастардың бірлігі мен отансүйгіштік рухын айқындайтын әсерлі флешмобпен қорытындыланды. Бұл көрініс тәуелсіз ел жастарының ортақ мақсат жолында біріге алатынын айқын көрсетіп, шараға ерекше рухани серпін сыйлады.



