KZ
Өскемен
-26°
переменная облачность жел 2 м/с, СШ
518.39 603.09 6.68

Тарбағатай ауданы: әлеуметтік нысандар жаңарып, инфрақұрылым дамуда

3.12.2025, 15:14 220 Айна Бакимбаева

Тарбағатай ауданы соңғы үш жылда айтарлықтай өзгерді. Ауданның дербес мәртебе алуы, ұлттық жобалар мен Президент тапсырмаларына сай жүргізілген кешенді жұмыстар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа тыныс ашты. Инфрақұрылым жаңғыруда, өндіріс күшейді, ауылдар көркейіп, халықтың өмір сапасы жақсарып келеді. 2025 жылдың 10 айындағы көрсеткіштер Тарбағатай өңірінің даму қарқыны тұрақты әрі қарымды екенін дәлелдейді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Тарбағатай ауданының әкімі Дархан Жөргекбаев ауданның 2025 жылғы арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының көрсеткіштеріне жан-жақты тоқталды.

– Мемлекеттік саясаттың басымдықтары мен қолдау тетіктері ауданның барлық саласының дамуына оң әсерін тигізіп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Тарбағатай бүгінгі күні жаңару кезеңіне қадам басқан, болашағы айқын өңірге айналып келеді. Биыл Тарбағатай ауданын дамытудың кешенді іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру жұмыстары жалғасты. Оған он айдағы жұмыс қорытындылары дәлел, – деді аудан әкімі.

Өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 2025 жылдың қаңтар-қазан айларында 3 375,4 млн. теңгені құрап, 2024 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 182,4%-ға өсті. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібі өнімдерінің көлемі 1 187,5 млн. теңгені құрап, өсу қарқыны – 128,8% құрады. Тау-кен өнеркәсібі өнімдерінің көлемі 1 609,5 млн. теңге, өсу қарқыны өткен жылмен салыстырғанда 3,5 есеге ұлғайды. Ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 2025 жылдың қаңтар-қазан айларында 23 255,3 млн. теңгеге жетті, өсу қарқыны – 122,7%. Негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі 2025 жылдың қаңтар-қазан айларында 25 196,9 млн. теңге болып, 2024 жылмен салыстырғанда 2 есеге өсті.

Құрылыс жұмыстарының көлемі 2025 жылдың қаңтар-қазан айларында 23 730,9 млн. теңгеге жетті. Өсу қарқыны 2024 жылмен салыстырғанда 3,2 есеге ұлғайды. Ауданда өткен жылдың қаңтар-қазан айларында 4 646 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, ағымдағы жылы 4 797 шаршы метр болып, өсу қарқыны 102,9 пайызды көрсетті.

2025 жылдың қаңтар-қазан айларында жергілікті бюджеттің өзіндік кірістері 1 866,8 млн. теңгені құрап, 2024 жылмен салыстырғанда 114,5%-ға өсті (2024 жылы 1 630,2 млн. теңге).

Мектептер жаңарып, білім сапасы артуда

– Білім беру саласы бойынша жеке тоқталсақ, ағымдағы жылы ауданымыздың білім беру саласында 1 153,8 млн. тг 13 жоба жүзеге асырдық. 2023-2024 жылдары Шеңгелді, Шолақорда, Тәуке ауылдарына жаңа мектептер салынып, қолданысқа берілген болса, ал 2025 жылы Сарыөлең ауылына 550 000 млн теңгеге жаңа мектеп салынды. Бұл білім ордасы 2026 жылы қолданысқа берілетін болады, – деді баяндамашы.

2025 жылы білім беру инфрақұрылымын жетілдіру, оқу процесінің сапасын арттыру және білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту бағытында бірқатар нысандарда жөндеу және жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, толықтай аяқталды. Жалпы сомасы 253 818,1 млн теңге қаражат игерілді. Нәтижесінде оқу орындарының материалдық жағдайы жақсарып, оқушылар мен педагогтер үшін қолайлы білім беру ортасы қалыптасты.

Атап айтқанда, К. Жарылқасынов атындағы Жаңалық орта мектебінің жылу жүйесіне, Асусай мектеп-балабақша кешенінің жылу қазандығы мен электр жүйесіне ағымдағы жөндеу жүргізіліп, Жаңауыл ауылының «Қарлығаш» балабақшасында ішін әрлеу, еденін ауыстыру және санитарлық тораптарды жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ш. Уәлиханов және Қ. Ақынов атындағы орта мектептерде жаңа модификацияланған STEM кабинеттері ашылып, толық іске қосылды. Қыдырбек Билялов атындағы мектеп-лицейдің ішкі жылу жүйелері мен Балалар өнер мектебінің жылыту жүйесіне, Жетіарал мектеп балабақша кешенінің асханасына, сондай-ақ Қазақстан бастауыш мектебінің оқу бөлмелерінде ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталды. Абай атындағы орта мектебінің спорт алаңына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, нысан пайдалануға берілді. Ақжар ауылындағы Абай орта мектебінде ерекше білім беруді қажет ететін оқушыларды қолдау кабинеті ашылды. Биыл Құйған ауылындағы орта мектептің ғимаратына 350 000 млн теңге қаражатқа күрделі жөндеу жұмыстары басталды. 2026 жылы толығымен аяқталатын болады.

Тарбағатай ауданы бойынша жалпы білім сапасы да жыл сайын артып келеді. Аудан оқушылары облыстық, республикалық жарыстарда, әртүрлі пәндік олимпиадалар, чемпионаттарда, оқулар мен әскери патриоттық сайыстарда, спорттық жарыстарда жүлделі орындар алып келеді. Мысалы, аудан оқушылары 2022-2023 оқу жылында облыстық кезеңде 98, республикадан 10 жүлделі орын алса, 2024-2025 оқу жылында облыстық кезеңде 284 және республикадан 22 жүлделі орындарды иеленді.

– Білім саласы бойынша алдымызда тұрған міндеттерге тоқталсақ, Ақжар ауылының Қыдырбек Билялов атындағы мектеп-лицейі мен Тұғыл ауылының Тұрар Рысқұлов орта мектебінің ғимараты күрделі жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Тұғыл ауылындағы Шоқан Уәлиханов мектебінің жанына кезінде жапсарлас салынып, бірақ құрылысы аяқтамай қалған ғимаратты да толықтай жөндеп, халық игіліне беру жоспарымызда бар. Сонымен қатар Ақжар ауылына жаңадан Балалар өнер мектебін салу да қажеттілігі бар. Бүгінде аталған жобаларды жүзеге асырудың тетіктері қарастырылып, жұмыстар атқарылуда, – деп атап өтті спикер.

Медицина саласының жаңа кезеңі басталды

Соңғы үш жылда Тарбағатай ауданында денсаулық сақтау саласында ауқымды жұмыстар атқарылды. Аудан әкімі Дархан Жөргекбаевтың айтуынша, тұрғындардың денсаулығын жақсарту – аудан дамуының басты басымдығы. 2023 жылы барлық қаржы көздерінен 1,7 млрд теңгеге 11 жоба, 2024 жылы 1 млрд теңгеден астам қаржыға 4 жоба жүзеге асты. 2022-2024 жылдары Маңырақ, Сарыөлең, Құйған, Тәуке ауылдарындағы медпункттер толық күрделі жөндеуден өтті. Аудандық аурухананың ауызсу, кәріз, жылу жүйелері жаңартылып, перзентхана бөлімі толық жөнделді. Қазіргі таңда перзентхана 2-ші деңгейде қызмет көрсетеді. 

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2023-2024 жылдары тоғыз ауылда - Ахметбұлақ, Жаңаталап, Шорға, Қазақстан, Шолақорда, Ақмектеп, Асусай, Жамбыл, Байтоғас жаңа медициналық пункттер салынып пайдалануға берілді. 2024 жылдың маңызды жаңалығы – аудандық ауруханаға 451 млн теңгеге КТ аппаратының алынуы. Израильде арнайы оқудан өткен дәрігер бұл құрылғыларды кәсіби деңгейде қолдана бастады.

Аудан әкімі 2025 жылы 1 271,2 млн. теңге қаражатқа 11 жобаны жүзеге асыру жоспарланғанын айтты. Қазіргі уақытта Тұғыл ауылындағы дәрігерлік амбулаториясына 330 600,3 млн теңгеге республикалық және облыстық бюджет есебінен күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Сонымен қатар Ақжар ауылындағы аудандық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімшесінде жүргізілген жөндеу жұмыстары толықтай аяқталған. Оған республикалық және облыстық бюджеттен 91 612,5 млн теңге қаражат жұмсалынды. Тарбағатай аудандық ауруханасының емхана бөлімшесін күрделі жөндеуге 329 305,10 млн теңге, ал сумен жабдықтау, су бұру және жылумен жабдықтау жүйелерін ауыстыруға, сондай-ақ мәйітхана мен алаңішілік желілерді күрделі жөндеуге 302 095,82 млн теңге қаражат қарастырылған.

Аталған шаралар аудан тұрғындарына көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын арттыруға, аурухана мен емхана инфрақұрылымын жаңартуға және қолайлы жағдай жасауға бағытталған. 2025 жылы «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен жалпы құны 41,7 млн теңге оңалту кабинеті ашылды. Сонымен қатар «Балтнер» медициналық қалдықтарды дезинфекциялау және ұнтақтау жабдығы сатып алынды. «Қазцинк» ЖШС-нің қолдауымен жүзеге асырылған жобаның жалпы құны – 101,8 млн теңге. Тарбағатай аудандық ауруханасына жылжымалы медициналық кешен (орталық) алынды. Енді шалғай ауылдарға барып, жергілікті халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетуге мүмкіндік бар. Жылжымалы кешен қажетті медициналық құрал-жабдықтармен қамтылып, білікті мамандармен жұмыс істейтін болады. Бұл орталық арнайы жабдықталған, қажетті аппараттармен толық қамтамасыз етілген.

– Сонымен қатар болашақта Қабанбай, Қарасу ауылдарының дәрігерлік амбулаториясын жаңадан салу жоспарлануда. Биыл Қабанбай ауылынының дәрігерлік амбулаториясы инвестициялық жобасының оң экономикалық қорытындысы алынып, жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеуге облыстық бюджеттен қаражат бөлінеді деп күтілуде. Біз биыл Жаңатілеу ауылының медпунктін ауданның балансына алып ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Алдымызда Жаңалық және Бозша ауылдарының да медпунктерін жөндеу міндеттері тұр, – деп нақтылады Дархан Шомпайұлы.

Спорт пен мәдениет саласына жіті көңіл бөлініп отыр

Спорт пен мәдениет саласы бойынша 2023-2024 жылдары 23 ірі жобаға 2 млрдтан астам қаражат игерілген болатын. Ең ауқымды жобаның бірі 2024 жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Тұғыл ауылында спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.

Қазіргі уақытта Ақжар ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізілуде. Құны 520 085 млн теңгені құрайтын жоба 2026 жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде. Аталған нысан ауыл тұрғындарының салауатты өмір салтын ұстануына, бұқаралық спортты дамытуға және жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік береді. Сондай-ақ, Ақжар ауылының орталық стадионына 26 274 млн теңгеге қайта жаңғырту жұмыстары биыл аяқталды. Маңырақ ауылының тумасы меценат Бауыржан Қожахметов өз қаражатына салып берген спорт кешенін спорт мектебінің теңгеріміне беріліп, бірнеше адам жұмыспен қамтылды. Ауданда 84 спорт нысаны жұмыс істейді. Спортшылардың жетістігі жыл сайын артып, 12 әлем чемпионы, 16 Азия чемпионы, 40 Қазақстан чемпионы дайындалды. 2022-2023 жылдары Жаңауыл, Маңырақ, Жетіарал, Құйған, Жаңатілеу ауылдарындағы 5 мәдениет ғимаратына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын. Былтыр Жаңаталап ауылдық клубына ағымдағы жөндеу жүргізілді.

Сонымен қатар мәдени ошақтардың материалдық техникалық базаны нығайту үшін барлық мәдениет үйлері мен ауылдық клубтарға музыкалық аппаратуралар алынды. Ақжар мәдениет үйіне LED экран, құрылмалы сахна және LED экранды сахна кешені, «Шевролет» автокөлігі мен 18 орындық «JAC» микроавтобусы, 8 орындық «Газель» автокөлігі, 31 орындық «Газ» автобусы сатып алынды. Ақжар, Тұғыл, Жетіарал, Жаңауыл, Құйған, Маңырақ, Қабанбай ауылдарының мәдениет үйінің сахнасына LED экран алынып, сахнасы қосымша жарықтандырылды.

2025 жылы ауданда 9 жобаға 583,016 млн теңге қаржы жоспарланған. Биыл ауылдық мәдениет нысандарын дамыту, тұрғындардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және мәдени инфрақұрылымды жаңарту мақсатында бірқатар жобалар іске асырылып, толықтай аяқталды. Жаңатілеу ауылындағы мәдениет үйіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, нысан пайдалануға берілді. Жобаның жалпы құны – 14 млн теңге. Құйған ауылындағы жастар орталығында ағымдағы жөндеу жұмыстары да толық орындалып, орталық өз жұмысын бастады. Жалпы құны – 13 млн теңге. Құйған және Қабанбай ауылдарындағы кітапханаларға жаңа жиһаздар сатып алу жұмыстары аяқталды. Бұл мақсатқа 5,7 млн теңге жұмсалды. Орталық кітапханаға жаңа кітаптар сатып алу жобасы толық орындалып, кітап қоры жаңартылды. Жобаның жалпы құны – 1,7 млн тг жуық.

Жыл көлемінде шығармашылық қызметтің түрлі салалары - ұлттық, тілдік-ділдік, тарихи-танымдық, әдеби, театралдық өнер, дара орындаушылық өнерді дамытуда ауылдық округ көрермендерінің назарына 180-ге жуық тақырыптық концерттер, 3 спектакль, 18 театрландырылған көрініс ұсынылды. Ауылдық округтегі шығармашылық топтары арасында жыл басынан бері 15 түрлі өнер байқауы, әдеби-мәдени бағыттағы 1048 іс-шара өткізіліп, 126 950 адам мәдени рухани жұмыстармен қамтылды.

Өткен жылы «Барқытбел» этно тобы, әнші-вокалистер Астана қаласында өткен дүниежүзілік көшпенділер ойынының бағдарламасына қатысып келді. Облысымызда танымал болған аудан өнер иелері сахна мәдениетінің жаңа биігін бағындырып жүр. Алтай ауданында өткен «Алтын Тұрғысын» облыстық этно фестивалінде аудан өнерпаздары бас жүлдеге ие болды.

2025 жылдың маусымында мәдениет үйінің «Барқытбел» этно ансамблі мен «Назқоңыр» тобы Катонқарағай ауданында өткен «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық өнер фестиваліне қатысып, бас сахнада өнер көрсетті. Таяуда ғана Ақжар мәдениет үйінің «Барқытбел» этноансамблі Қытай Халық Республикасы Таюань қаласында ЮНЕСКО-ның ұйымдастырумен өткен дүниежүзілік «Ганнат» фестивалінде қазақ өнерін паш етті. Тарбағатай таланттары өнер өркенінің биігін төмендетпей, ертеңнің есігін айқара ашып келеді.

Болашақта Ақжар ауылына және Құйған ауылына мәдениет үйлерін салу және Қабанбай мен Құйған ауылдарына спорттық модульдер салу міндеттері тұр. Қазіргі уақытта офтэик-контракт арқылы инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде.

Жолдарға асфальт төсеу жұмыстары жалғасады

Аудан әкімінің айтуынша, 2025 жылы аудандық маңызы бар ауылдық округ орталықтарының жолдарына 100% асфальт төселді. Енді ауылдық округ орталықтарынан ауылдарға баратын аудандық маңызы бар жолдарды және ауылдардың ішкі көше жолдарын жөндеуге кіріскен.

2023-2024 жылдары Ақжар мен Шілікті арасындағы, Ақжар мен 29 км арасындағы, Қарасу мен Ақмектеп ауылдары арасындағы жалпы ұзындығы 60 шақырым облыстық маңызы бар жолдарға асфальт төселіп, ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын. Сонымен қатар Жетарал – Асусай аралығындағы 28 шақырым жолға, Жаңауыл мен Ақметбұлақ арасындағы 26 шақырым жолға, Қарсақбай – Байтоғас ауылдарына баратын жолдарға орташа жөндеу жұмыстарын жүрді. Ақмектеп ауылына кіреберіс 1 шақырым жолға орташа жөндеу жүргізілген.

– Кеңес одағы заманынан бері асфальт салынып көрмеген Акжар – Шілікті автожолының 15 шақырымына биыл орташа жөндеу жүргізілді. Бозша ауылына кіреберіс 3 шақырым жолға асфальт төселді. Қабанбай ауылының Қабанбай көшесі, Жаңалық ауылының Қасенов көшесі орташа жөнделді, Тұғыл ауылының Қарасуат көшесіне асфальт төселіп орташа жөнделді, – деп аптап өтті Дархан Жөргекбаев. 

Жалпы биыл 76,6 шақырым жолға асфальт төселді. Жалпы жұмсалған қаражат 2 111 192,62 млн теңгені құрайды. Аталған 76,6 шақырым жөнделген жолдың ішінде асфальт төселген үлесі 49,750 шақырымды құрайды. Ал қалған 26,8 шақырым жолға қиыршық тас төселіп, тегістелді. Оған 45,430 млн теңге қаражат жұмсалды. Атап айтқанда Құйған – Жалаңаш аралығына, Шенгелді, Қазақстан ауылдарына кіреберіс жолға, Құйған – Жамбыл аралығындағы жолдарға ағымдағы жөндеу жүргізілді. Тұғыл ауылының Зайсан, Байтұрсынов, Желтоқсан көшелеріне, Құйған ауылының Мәметова көшесіне, Жетіарал ауылының Абай және Шомбин көшелеріне, Маңырақ, Қарасу, Шеңгелді ауылдарының ішкі көше жолдарына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Ақжар ауылының өзінде ғана биыл жалпы ұзындығы 6,56 шақырымды құрайтын 10 ішкі көше жолдарына асфалт төселді. Оның жалпы қаражаты – 469,055 млн теңге. Атап айтқанда Ақжар ауылының Жамбыл, Абай, Дәулетбай, Торайғыров, Мұхамәди, Нұразханов, Төгісов, Оралхан Бөкей, Сейфуллин көшелеріне орташа және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, асфальтталды.

Сонымен қатар Жетіарал ауылына кіресберіс жолдағы су өткізгіш көпірлер ағымдағы жөндеуден өткізіліп, оған 19,146 млн теңге қаражат жұмсалды. Ақжар ауылының «Мектеп» шағын ауданының көшесіне, Құсанов, Желтоқсан, Қамысбаев, Әуезов, Төгісов, Уәлиева, Сейфуллин, Нұразханов, Торайғыров көшелеріне, яғни 10 көшеге қиыршық тас төселіп, тегістеу жұмыстары жүргізілді. Бұл көшелердің жалпы ұзындығы 5 шақырымды құрап, аудандық бюджеттен 32 568,00 млн теңге қаражат игерілді.

«Бір қабатты Шығыс»: 20 отбасына баспана кілттері табысталмақ

Ауылдарға көрік берер жаңа шаңырақтар жылдан-жылға көбеюде. Аудан орталығы мен ауылдық округтерде тұрғын үйлер бой көтеріп, елдің еңсесі биіктей түсті. Әр баспана – береке бастауы. «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы аясында соңғы 2022-2025 жылдар аралығында ауданда жалпы көлемі 9639 шаршы метрді құрайтын 123 тұрғын үй салынып пайдалануға берілді. Атап айтқанда Ақжар мен Тұғыл, Қарасу, Жаңауыл, Маңырақ, Бозша, Байтоғас, Сарыөлең, Шорға және Қазақстан ауылдарында жаңа баспаналар бой көтеріп, ұзақ жылдар бойы баспана кезегінде тұрған көпбалалы және аз қамтылған отбасылар баспаналы болды. Биыл 20 тұрғын үйдің құрылысына 410,800 млн. теңге қаражат қаралып, баспаналардың құрылысы аяқталуда. Жыл соңына дейін «Отбасы банк» арқылы кезегі айқындалған отбасыларға 20 баспананың кілтін тапсыру жоспарлануда.

– Ауданда мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғын үй алу кезегi жоғары қалпында сақталып отыр. Аудан бойынша 2025 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша жалпы кезекте 240 адамды тұр. Оның ішінде көпбалалы отбасылар – 60, әлеуметтік осал отбасылар – 87, жетім балалар – 21, жалғыз баспанасы апатты деп танылған – 22, мемлекеттік және бюджеттік мекеме қызметкерлері – 50. Біз бұл мәселелерді әр жыл сайын біртіндеп шешетін боламыз, – деді спикер.

Барлық ауылдар ауызсумен қамтылды

Аудандағы 28 елді мекеннің барлығы ауыз сумен қамтамасыз етілген. 2024 жылы аудан бойынша су және кәріз жүйесі құрылыстарына 615,6 млн. теңге қаражатқа 8 жоба жүзеге асыру басталған, (оның ішіндегі 3 жобаның 1-і 2024 жылы жүзеге асырылды, 2025 жылға 2 жоба ауыспалы). 2025 жылы 10 жобаға 1 078,7 млн теңге қаражат бөлініп, игерілуде.

Құйған және Жаңауыл ауылдарына ауызсу жүйесі желілерін қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды. Сондай-ақ «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Ақжар ауылының орталық кәріз жүйесіне жеке тұрғын үйлер мен мекемелерді қосу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта кәріз жүйесіне құбырды жалғап қоюға, 2026 жылдың көктем айынан бастап барлық нысандарды құбыр желісіне қосуға насихат жұмыстары жүргізілуде

Сонымен қатар ауданда биыл бірнеше елді мекенді ауыз сумен қамту жобасын іске асыру жоспарланған. Атап айтқанда, Асусай, Шорға, Жаңатілеу ауылдарында орталықтандырылған су құбыры желілері мен су жинау резервуар құрылыстары басталды. Бұл ауыспалы жобаларға биыл жалпы 663 307,0 млн теңге қаражат бөлінген. Жобалардың құрылысы 2026 жылы аяқталады деп күтілуде.

Аудандық бюджет есебінен 12,5 млн. теңгеге Тұғыл ауылындағы ауыз құбыры желісі тартылды. Жаңаауыл округіне қарасты Жаңаталап ауылындағы су құбырларындағы ақаулықтарға Ақжар КМК мекемесіның күшімен жөндеу жұмыстары аяқталды. Ауыл халқы толық сумен қамтылды. Болашақта Шеңгелді, Шолақорда, Ахметбұлақ, Жамбыл, Бозша ауылдарына да орталықтандырылған су құбыры желісін тарту жоспарда бар. Биыл Жамбыл және Бозша ауылдарының су құбыры желілерінің құрылысы нысаны бойынша кешенді ведомствоаралық сараптаманың қорытындысымен бірге жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге 9 млн теңге қаражат бөлінді.

Ауылдар ажарланып келеді

Ауылдарды абаттандыру жұмыстарына 2023 жылы 149,0 млн, теңгеге 25 жоба жүзеге асырылған болатын. (23 жоба – бюджеттік, 2 жоба – бюджеттен тыс). 2024 жылы 57 жоба іске асырылып, 662,8 млн. теңге қаражат игерілді. 2024 жылы абаттандыру бойынша ірі жобалар Ақжар аллеясының құрылысы аяқталып, Жамбыл көшесінің бойындағы көппәтерлі тұрғын үйлердің ауласы асфальтталып, абаттандырылған болатын. Қабанбай батыр саябағында Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ескерткіші қайта жөнделіп, Ауған соғысы ардагерлеріне арнап ескерткіш салынды. Бірнеше ауылға ойын алаңдары мен футбол алаңдарын салынды.

– Биыл Тарбағатай ауданында абаттандыру бойынша ауқымды жобалар іске асырылды. Жалпы бағытқа 51 жобаға 373,873 млн теңге бөлініп, бұл қаражат балалар ойын алаңдарын орнатуға, спорттық инфрақұрылымды жақсартуға және аудан орталығы мен ауылдардың келбетін жаңартуға бағытталды. Ең ірі жобалардың бірі Акжар ауылындағы көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын абаттандыру. Бұл мақсатқа 36 млн теңге бөлініп, аулалар жаңартылып, тұрғындарға қолайлы орта жасалды, – деді аудан басшысы.

Абаттандыру жұмыстары аясында Ақжар ауылының Жамбыл көшесінің бойындағы көпқабатты 5 үйдің қасбеттерін «Мюнхен» сылағымен әрлеу жобасы да маңызды орын алды. Бұл жұмысқа 33 млн теңге қарастырылып, аудан орталығының архитектуралық келбеті айтарлықтай жақсартылды. Осындай көлемді жобалардың бірі – Тұғыл ауылындағы стадионның жүгіру жолақтарына тартан жабынын төсеу. Бұл спорт нысанын жаңғыртуға 20 млн теңге бағытталды.

Ауылдық жерлерде спорт инфрақұрылымын дамыту да басты назарда болды. Тұғыл ауылында мини-футбол алаңы 25 млн теңгеге, ал ұлттық ойын алаңдары 12 млн теңгеге орнатылды. Сол сияқты Жаңаталап және Ахметбұлақ ауылдарында, сондай-ақ басқа да елді мекендерде балалар ойын алаңдары мен стрит-воркаут кешендері орнатылды. Акжар ауылындағы «Бәйтерек» монументі мен аллаяны ағымдағы жөндеу жұмыстары да назардан тыс қалмай, оған 22 млн теңге бөлінді.

Сонымен бірге Ақжар ауылының «Мектеп» шағын ауданы және «Балауса-Балғын» балабақшасы аумақтарына балалар ойын алаңдарын сатып алуға 15 млн теңге жұмсалды. Саябақтарды суару үшін су мәселесін шешу мақсатында бұрғылау жұмыстары жүргізіліп, 6 нысанға арналған ұңғымалар қазылды. Бұл жобаға 6 млн теңге қарастырылып, саябақтар мен аллеяларды көгалдандыру жұмыстары жақсаруда. Ақжар ауылының көшелері мен үйлерге атау мен нөмір тақтайшалары сатып алынды.

«Мақта апа» саябағы мен футбол алаңына, Ақжар мәдениет үйінің алдындағы фонтанға жөндеу жүргізілді. Жамбыл-Шәкәрім көшелерінің қиылысына бағдаршам қойылды. Сонымен қатар Құлжабай, Сарықасқа тоғамдарының арналары тазартылып, жасанды жол кедергілері мен жол белгілері сатып алынды. Стадионға прожекторлар орнатылып, «Қабанбай» паркінде ландшафтық дизайн жұмыстары жүргізілуде. Сарыөлең ауылына сыртқы қоршаулар алынып, орнатылды.

Сонымен қатар халық көп қатынайтын әлеуметтік нысандарға – аудандық аурухананың алдына, Билялов атындағы мектеп-лицейдің алдына, Абай мектебі мен Байжігіт мешітінің алдына, «Балауса-Балғын» балабақшасының алдына, «Қазақтелеком» ғимаратының алдына, полиция бөлімі мен салық басқармасы ғимараттарының алдына асфальт төселіп, автотұрақтар салынды. Бұл жобаларға жергілікті бюджеттен 90 889,14 млн теңге қаражат жұмсалды.

2025 жылы аудан көлемінде ауылдық елді мекендерде 7 балалар ойын алаңын, 4 стрит воркаут, 6 шағын футбол алаңын орнату жұмыстары жүргізілді. Қазіргі уақытта ауданда футбол алаңы және балалар ойын алаңы салынбаған бірде-бір ауыл қалған жоқ. Ақжар ауылының өзінде ғана 8 футбол алаңы, 8 балалар ойын алаңы жұмыс істеп тұр. Жалпы, аталған ірі жобалар Тарбағатай ауданының көркін айтарлықтай жақсартып, тұрғындардың демалысы, спортпен айналысуы және күнделікті өмірі үшін қолайлы орта қалыптастыруға бағытталды

Көшелерді жарықтандыру ісі қолға алынды

Осы жылы Тарбағатай ауданында көшелерді жарықтандыру және жаңарту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Аудан бойынша жарықтандыру желілерін жүргізу, жаңа тіректер орнату және шамдарды ауыстыруға жалпы 82 020 млн теңге қаражат бөлінді. Бұл қаржы ауыл көшелерін жарықтандыру деңгейін көтеріп, тұрғындардың қауіпсіздігі мен ыңғайлылығын арттыруға мүмкіндік берді.

Аталған жыл ішінде бірқатар елді мекендерде жаңа жарықтандыру жүйелері орнатылды.  Бұл мақсатта Ақжар ауылында – 13,2 млн теңге, Жетіаралда – 12 млн теңге, Тәуке ауылында – 12 млн теңге, Қарасуда – 10 млн теңге. Сонымен қатар Жамбыл мен Тұғыл ауылдарының әрқайсысына 5 млн теңге, Ахметбұлақ және Жанаталап ауылдарына 2 млн теңге қаражат бөлінді. Аталған елді мекендерде жаңа тіректер орнатылып, көше жарығы толық іске қосылды.

Жарықтандыру жүйесін күтіп-ұстауға да ерекше көңіл бөлінді. Ақжар ауылында – 10 млн теңге, Тұғыл ауылында 3,8 млн теңге, ал тағы 6 ауылдық округтің жарықтандыру жүйесін ұстап тұруға 6 млн теңге бағытталды. Сонымен қатар Құйған ауылындағы Мұстафа Өзтүрік және Арғанаты көшелерінің кабельдері 1,5 млн теңге көлемінде ауыстырылды. Жетіарал ауылындағы көше жарығын ресімдеуге қажетті мемлекеттік актіні дайындауға 1,5 млн теңге бөлінді.

Жалпы айтқанда аудандағы барлық ауылдық елді мекендер, оның ішінде барлық көшелердің 95%-ы көше шамдарымен толықтай қамтамасыз етілді. Кейбір көшелердің бойында жарық шамдар бағаналары жетпей қалған қысқа бөліктері ғана қалды. Біз бұл мәселелерді алдағы 2026 жылы түбегейлі шешетін боламыз. Осы жылы Тарбағатай ауданында интернет және телекоммуникация инфрақұрылымын жақсарту мақсатында жалпы 157 571,6 млн теңге көлемінде қаржы бағытталды.

Аудандағы шалғай ауылдарды сапалы байланыспен қамту үшін бірқатар ірі антенна-мачталық құрылымдар салынды. Оның ішінде Жаңаауыл ауылында биіктігі 20 метр болатын антенна құрылысына 129 132 млн теңге, ал 60 метрлік екінші мұнара құрылысына 28 439,6 млн теңге бөлінді. Сонымен қатар Тайжүзген және Қарой ауылдарында биіктігі 30 және 40 метр болатын байланыс мұнараларының құрылысы жүзеге асырылуда. Бұл жобалар – халықты жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етіп, цифрлық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға бағытталған маңызды бастамалар.

Әуежай, теміржол, кен орны: Тарбағатай экономикалық кластерге қадам басты

Тарбағатай ауданының даму әлеуеті жыл санап жақсарып келеді. Алдағы уақытта іске асырылатын ауқымды жобалар өңірдің экономикалық және әлеуметтік өркендеуіне үлкен серпін бермек. Президенттің тікелей тапсырмасы бойынша Зайсан – Тарбағатай аудандарының ортасындағы Сәтпай ауылы маңынан әуежай салынуда. Бұл жоба ауданның көлік логистикасын түбегейлі жақсартып, туризм мен бизнестің дамуына жол ашады. Сонымен бірге, Зайсан көліне түсетін су жолы порты мен Майқапшағай – Тұғыл бағыты бойынша теміржол салу бастамасы өңірдің транзиттік мүмкіндігін күшейтіп, жаңа экономикалық дәлізді қалыптастырады.

Аудан әкімі атап өткендей, аудан дамуы үшін стратегиялық маңызы бар жобалардың бірі – «Қызылқайың» кен орнында жүргізіліп жатқан барлау жұмыстары. Егер кен қоры расталса, 2027-2028 жылдары жобалау, инженерлік инфрақұрылым тарту жұмыстары басталады. 2028 жылдан бастап комбинаттың құрылысын қолға алу жоспарлануда. Өндіріс толық қуатына шыққан кезде 1500-ге жуық адамды тұрақты жұмыспен қамту көзделіп отыр. Бұл – тек жаңа жұмыс орындары емес, аудан экономикасын жаңа деңгейге шығаратын өндірістік кластердің қалыптасуы.

Осының нәтижесінде Тарбағатай ауданы тоғыз жолдың торабында орналасқан, туризмі мен логистикасы дамыған, тек мал шаруашылығына тәуелді аудан емес, өнеркәсіптік әлеуеті бар жаңа форматтағы ауданға айналмақ.

– Осы игілікті бастамалардың барлығы Тарбағатай өңірінің келешегінің кемел екенін көрсетеді. Алдымызда әлі де үлкен міндеттер мен жарқын мүмкіндіктер тұр. Ауданымызға салынатын жаңа инфрақұрылымдар, өндірістік қуаттар мен көлік дәліздері – тек экономикалық өсімнің ғана емес, халықтың әл-ауқатының артуының кепілі. Біз бірлесе отырып туған өлкемізді жаңа биікке көтереміз, – дейді сеніммен Тарбағатай ауданының әкімі.

 

Айна Ескенқызы

Фото: ШҚО ӨКҚ

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу