KZ
Өскемен
-22°
плотный туман жел 1 м/с, С
501.02 597.27 6.59

ШҚО ауыл шаруашылығына заманауи технологияларды енгізуде

20.11.2025, 17:00 209 Базарова Айгүл

Шығыс Қазақстан облысы аграрлық секторға цифрландыру мен автоматтандыруды белсенді енгізуде: дәлме-дәл егіншілік, дрондар, спутниктік мониторинг және smart-фермалар өнімділікті арттыруға және мал шаруашылығын дамытуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

«Бүгінде облыстың ауыл шаруашылығы – тек егістік пен мал басы ғана емес, ол – азық-түлік қауіпсіздігі, бәсекеге қабілеттілік және экономиканың тұрақтылығы. Аграрлық сала белсенді дамып, технологиялық трансформациядан өтуде», – деді ШҚО Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ажар Қажибекова.

Басқарманың мәліметінше, өңірдегі егіс алқаптарының 40%-дан астамы дәлме-дәл егіншілік элементтерін қолдана отырып өңделеді және бұл көрсеткіш жыл сайын артып келеді.

GPS-навигациясы бар автоматтандырылған сепкіш кешендер мен қашықтан бақылау жүйелері себу тереңдігі мен ені сақталуын қамтамасыз етіп, тұқым мен жанармайды 10–15 % үнемдеуге әрі тұқымның сапалы көктеуіне мүмкіндік береді. Бүгінде шаруашылықтар мұндай техниканың көмегімен күніне 100–150 гектарға дейін өңдей алады.

Мал шаруашылығында smart-ферма элементтері енгізілуде: бұл –жануарларды азықтандыру мен күтуге арналған автоматтандырылған жүйелер, сауын роботтары және баламалы энергия көздері.

«Облыс аумағында 33 сүт-тауарлы ферма жұмыс істейді, ал жақында 34-ші – «Мойылды Байқоңыр» Алтай ауданында іске қосылады. Бұл келешегі өте зор жоба. Мұндай ферма мыңнан астам бас малды ұстауға қауқарлы. Оның құрылысы аяқталды, ал салтанатты ашылуы желтоқсан айының басында өтеді», – деді Ажар Қажибекова.

Ең технологиялық шаруашылықтар ретінде «ОХМК» ЖШС, «Камышинское» шаруа қожалығы, «Заря» шаруа қожалығы, «Средигорное-2» ЖШС, «Шығыс» шаруа қожалығы және «Украинка» шаруа қожалығы аталды. 

2012 жылдан бері роботтандырылған сүт кешенін пайдаланып келе жатқан «Бобровка+» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне ерекше көңіл бөлінуде.

Қазір мұндай технологиялар ШҚО-ның екі фермасында бар, ал кәсіпорын тәжірибесін Қазақстанның басқа өңірлері де қабылдап жатыр.

Ауыл шаруашылығын цифрландыру мен автоматтандыру саланың тиімділігін арттыруға, ресурстарды үнемдеуге және климаттық тәуекелдерге төзімділікті нығайтуға мүмкіндік береді. Бұл шаралар жоғары технологиялық, бәсекеге қабілетті және заманауи агроөндірісті қалыптастырады.


Роксана Глыбова

Айжанат Бақытқызы


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу