KZ
Өскемен
-15°
туман жел 1 м/с, С
501.02 597.27 6.59

Бұқтырма көпірін салған компанияның басшысы «Барыс» орденімен марапатталды

1.08.2025, 14:55 6 677 Ержан Әбіш

 

Бұқтырма су қоймасы үстінен салынған еліміздегі ең ұзын көпір - бүгінде өңірдің маңызды стратегиялық нысандарының бірі. Осы ірі жобаның ерекшелігі — оны толықтай отандық инженерлер жүзеге асырды. Құрылыс барысында жергілікті кадрлардың әлеуеті мен тәжірибесі толық пайдаланылды. Аталған ауқымды инфрақұрылымдық жобаны басқарған "ОблШығысЖол" ЖШС директоры Жанболат Қазанов бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан II дәрежелі "Барыс" орденін алды. Бұл марапат — көлік саласын дамытуға, ел инфрақұрылымын жаңғыртуға қосқан сүбелі үлесінің бағалануы, деп хабарлайды Altainews.kz ШҚО Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Жанболат Қазановтың басшылығымен компания еліміздегі ең ауқымды әрі стратегиялық маңызды инфрақұрылымдық жобалардың бірі — Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпірдің құрылысын жүзеге асырды. Бұл нысан техникалық сипаттамалары бойынша ғана емес, аймақ пен ел үшін маңыздылығы тұрғысынан да бірегей деп танылды.

Біз Жанболат Қазановпен байланысып, марапат жайлы пікірін білдік. Ол бұл жаңалықтың өзі үшін күтпеген жағдай болғанын айтты.

"Мемлекет басшысының қолынан осындай жоғары марапат алу — мен үшін үлкен құрмет. Бұл – бүкіл ұжымымыздың еңбегіне берілген баға әрі еліміздің тұрғындары алдындағы жауапкершілікті арттыра түседі. Қазіргі таңда Президенттің тапсырмасымен компаниямыз Катонқарағай және Зайсан аудандарында екі стратегиялық нысан — әуежайлар құрылысын жүргізіп жатыр", – деді Жанболат Қазанов.

Жаңа әуежайлар өңір туризмі, логистикасы мен экономикасының өсу нүктесіне айналмақ. Ел көлік инфрақұрылымын дамытуға осындай зор үлес қосып жүрген жерлесімізге біз де зор мақтанышпен қарап, Жанболат Қазановты лайықты марапатымен шын жүректен құттықтаймыз!

Фото: akorda.kz, ШҚО ӨКҚ

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу