Ақылы жолдардың сапасыз учаскелерінде төлем ақысы алынбайды
stock.adobe.com
15 қыркүйектен бастап Қазақстандағы республикалық маңызы бар ақылы автожолдарда төлем тәртібіне жаңа ереже енгізілді. Бұдан былай егер жолдың белгілі бір бөлігі жөндеуді қажет етсе немесе ақаулар қозғалыс қауіпсіздігіне әсер етсе, сол аралық үшін жүргізушілерден ақы алынбайды. Төлем тек жолдың жарамды және талапқа сай бөліктері үшін ғана есептеледі, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Қазіргі уақытта елімізде 27 ақылы автожол бар. Мысалы, егер ұзындығы 100 шақырым болатын жолдың 5 шақырымы жөндеуді қажет етсе, онда жөндеу аяқталғанға дейін жүргізушілер тек 95 шақырым үшін ғана төлейді. Бұл өзгеріс көлік иелерінің шығынын әділ етуге және жол сапасына қойылатын талаптарды күшейтуге бағытталған.
Ұлттық оператор жолдардың жағдайын үнемі бақылауда ұстайтынын хабарлады. Сонымен қатар, әрбір жүргізуші жолдағы ақаулар туралы тәулік бойы жұмыс істейтін 1403 қысқа нөміріне қоңырау шалып, хабарлай алады.
Жаңа тәртіп республикалық қана емес, халықаралық маңызы бар ақылы жолдарға да қолданылады. Жүргізушілер үшін бұл өзгеріс жол сапасын жақсартуға ықпал етіп қана қоймай, жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға да мүмкіндік береді.