KZ
Өскемен
-12°
небольшой снег жел 3 м/с, ОБ
514.31 603.03 6.4

Үлкен Нарын: нақты тапсырмалар мен даму міндеттері 

Кеше, 12:10 24 Айдос Мырзахметов

Үлкен Нарын ауданы қарқынды дамып келе жатқан өңірдің маңызды өңірлерінің бірі. Бүгінгі Үлкен Нарын – таза ауыз сумен толық қамтылған елді мекендері бар, қысқы жылу маусымын тұрақты өткізуге қауқарлы инфрақұрылымы қалыптасқан, әлеуметтік осал топтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету ісі кезең-кезеңімен шешіліп жатқан, білім беру мен денсаулық сақтау нысандары жаңарып, заманауи жабдықтармен толықтырылып отырған аудан. Сонымен қатар, интернет пен цифрлық технологияларға қолжетімділік кеңейіп, жастардың білім алуына, кәсіпкерліктің дамуына және мемлекеттік қызметтердің сапалы көрсетілуіне жол ашылуда. Спорттық және мәдени нысандардың бой көтеруі мен жаңғыруы ауданның рухани тынысын кеңейтіп, салауатты өмір салтын қалыптастыруға серпін беріп отыр. Бұл бастамалардың барлығы бір ғана мақсатқа – аудан тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға, ауыл мен қала арасындағы әлеуметтік теңгерімді сақтауға және Үлкен Нарынның болашақ даму әлеуетін нығайтуға бағытталған, деп хабарлайды Altainews.kz.

ТІРШІЛІК НӘРІ НАЗАРДА

Мемлекет басшысы қойған 2025 жылға дейін халықты толық, яғни, 100 пайыз таза ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі стратегиялық міндет Үлкен Нарын ауданында жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Бүгінде аудан аумағындағы барлық 21 елді мекен орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылып, тұрғындарды сапалы тіршілік нәрімен қамтамасыз ету мәселесі кезең-кезеңімен шешімін тауып отыр.

Инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту бағытындағы ірі жобалардың бірі – Үлкен Нарын ауылындағы су құбыры нысандарын қайта жаңғырту жұмыстары. Биыл бұл мақсатқа 2,2 млрд теңге қарастырылып, құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасын табуда. Аталған жобаның жалпы құны 5,1 млрд теңгені құрайды. Бұған дейін, 2022–2024 жылдар аралығында 2,7 млрд теңге бағытталып, бірқатар маңызды учаскелер жаңартылды. Жобаны толық аяқтау үшін қосымша 254,9 млн теңге көлемінде қаржы қажет.

Сонымен қатар ауданның өзге де ауылдарында ауыз су желілерін жаңарту жұмыстары қарқынды жүргізілді. Алтынбел ауылында 100,3 млн теңгеге, Үштөбе ауылында 110,9 млн теңгеге, Солдатово ауылында 59,2 млн теңгеге су құбыры желілеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары толық аяқталып, ел игілігіне берілді. Ал Жұлдыз ауылында құны 110 млн теңгені құрайтын су құбыры желілерін жөндеу жұмыстары қазіргі таңда жалғасуда.

- Аталған жұмыстардың уақтылы әрі сапалы аяқталуы – тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға тікелей әсер ететін маңызды мәселе. Осыған орай Үлкен Нарын ауданының әкімі Елдос Байрахметовке энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасымен бірлесіп, Жұлдыз ауылындағы су құбыры желілерін жөндеу жұмыстарын ағымдағы жылдың соңына дейін белгіленген мерзімде әрі талапқа сай аяқтауды қамтамасыз ету тапсырылады, - деген еді облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов ауданға жасаған сапарында.


Таза ауыз су – тек тұрмыстық қажеттілік қана емес, елдің денсаулығы мен болашағына салынған берік негіз екені анық. Үлкен Нарын ауданында жүзеге асырылып жатқан жүйелі жұмыстар осы мақсатқа негізделеді.

ҚЫС ҚАМЫН ЖАЗ ОЙЛАҒАН

Бүгінде аудан аумағында үш қазандық жұмыс істейді. Олар – орталық қазандық, аудандық аурухана аумағында орналасқан қазандық және агроколледж аумағындағы жылу көздері. Аталған нысандар әлеуметтік маңызы бар мекемелер мен тұрғын үйлердің қыс мезгілінде қалыпты жылумен қамтылуын қамтамасыз етіп отыр.

Жылыту маусымының үздіксіз әрі апатсыз өтуі үшін өткен жылы аудан бойынша барлық үш қазандық пен жылу желілеріне кешенді түрде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл мақсатқа 325,3 млн теңге қарастырылып, тозығы жеткен жабдықтар жаңартылып, жылу жүйелерінің сенімділігі арттырылды. Атқарылған жұмыстар қыстың қатаң сынағына дайындықты ертерек пысықтауға мүмкіндік берді.

Ағымдағы жылы да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын тапты. Үлкен Нарын ауылындағы қазандықтарды жөндеу жұмыстары толық аяқталып, оған 181 млн теңге көлемінде қаражат жұмсалды. Сонымен қатар «НарынКомХозСервис» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне жылыту маусымына қажетті көмір қорын қалыптастыру үшін 154,9 млн теңге бөлінді. Бұл шешім аудан халқын отынмен уақтылы қамтамасыз етіп, қысқы кезеңде тұрақты жылу беруге берік негіз қалады, - дейді аудан басшысы Елдос Байрахметов.

Осыған байланысты аймақ басшысы тарапынан Үлкен Нарын ауданға мен Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасымен бірлесіп, жылыту маусымының үздіксіз әрі тұрақты өтуін қамтамасыз ету жүктелген-ді.

ТҰРҒЫН ҮЙ – ӘЛЕУМЕТТІК ТҰРАҚТЫЛЫҚТЫҢ БЕРІК ТІРЕГІ

Үлкен Нарын ауданында тұрғын үймен қамту мәселесі әлеуметтік саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде жүйелі түрде шешімін тауып келеді. Әсіресе, көпбалалы отбасылар мен әлеуметтік осал топтағы азаматтарды баспанамен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінуде.

2024 жылы «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы аясында аудан ауылдарында 12 тұрғын үй сатып алынып, нәтижесінде 24 пәтер әлеуметтік санаттағы азаматтардың игілігіне берілді. Бұл қадам баспанаға зәру отбасылардың үмітін оятып, ауылдық жерлердегі әлеуметтік ахуалды жақсартуға елеулі серпін берді. Аталған жұмыстар ағымдағы жылы да жалғасын тауып, Үлкен Нарын ауылынан бір қабатты бір тұрғын үй сатып алынып, екі пәтер мұқтаж жандарға табысталды.

Дегенмен тұрғын үйге деген сұраныс әлі де өзекті. 2025 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша аудан бойынша тұрғын үй кезегінде 265 азамат тіркелген. Олардың қатарында ата-ана қамқорлығынсыз қалған 52 жетім бала, 159 әлеуметтік осал топ өкілі, 19 көпбалалы отбасы, жалғыз баспанасы апатты деп танылған 10 азамат, сондай-ақ 25 мемлекеттік қызметші, бюджеттік ұйымдар мен арнайы мемлекеттік органдардың қызметкерлері бар.

Үлкен Нарын ауданында тұрғын үй саясатын кезең-кезеңімен әрі жүйелі түрде жалғастырудың маңызы айқын.

ЦИФРЛЫҚ ҚОЛЖЕТІМДІЛІК

Қазіргі заман басты талаптарының бірі – сапалы әрі тұрақты интернет. Бұл тек байланыс құралы ғана емес, білім мен медицинаға, мемлекеттік қызметтерге, кәсіпкерлік пен ақпарат кеңістігіне ашылған кең мүмкіндік. Осы бағытта Шығыс Қазақстан облысында жүйелі жұмыстар жүргізіліп, өңірді толық цифрлық қамтуға басымдық берілуде.

Бүгінде облыс аумағындағы 265 елді мекенде тұратын халықтың 97,5 пайызы интернет желісімен қамтылған. Жыл соңына дейін тағы 26 ауылды интернетке қосу жоспарланып отыр. Ал қалған 66 шағын елді мекен 2027 жылдың соңына дейін республикалық Жол картасына сәйкес кезең-кезеңімен интернетке қол жеткізетін болады.

– Үлкен Нарын ауданында да бұл жұмыс өз нәтижесін беріп келеді. Қазіргі таңда аудан халқының 95,7 пайызы интернетке қол жеткізген. Дегенмен бірқатар елді мекендерде байланыс мүлдем жоқ немесе сапасы төмен деген тұрғындардан шағымдар түсуде. Атап айтқанда, Үштөбе, Жұлдыз, Қаражал, Алыбай, Күндізді және Бесүй ауылдарында барлығы 468 адам тұрады, - дейді аудан әкімі. – Аталған алты елді мекен бойынша түйткілдерді шешу ұялы байланыс операторларымен бірлесіп, «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылмақ. Үштөбеде – 164, Жұлдызда – 173, Қаражалда – 20, Алыбайда – 45, Күндіздіде – 4, Бесүйде – 62 тұрғын бар. Осы ауылдарды интернетпен қамту 2027 жылдың соңына дейін кезең-кезеңімен жоспарланып отыр. Сонымен қатар интернетке қосудың баламалы жолдары да қарастырылуда. Оның ішінде спутниктік технологияларды пайдалану және жергілікті желілік шешімдер құру мүмкіндіктері бар. Әрбір елді мекеннің географиялық ерекшелігі мен қолжетімді техникалық мүмкіндіктеріне қарай нақты шешімдер қабылданатын болады. Білім беру саласында да цифрлық қолжетімділікті арттыру бағытында маңызды қадам жасалды. Аудан аумағындағы 8 мектепке жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету мақсатында «Starlink» спутниктік интернет жиынтықтары орнатылды.

Сонымен қатар, жол бойындағы байланыссыздық мәселесін шешу де назардан тыс қалған жоқ. Үлкен Нарын ауданы аумағындағы республикалық маңыздағы автожол бойында антенна-мачталық құрылыс салу бойынша сараптаманың оң қорытындысы алынған. Бұл жоба жүзеге асқан жағдайда, жолдағы қауіпсіздік артып, жолаушылар мен жүргізушілер үшін байланыс қолжетімді болмақ.

Осыған байланысты Цифрландыру және архивтер басқармасына Үлкен Нарын ауданының әкімімен бірлесіп, ауданның алты елді мекенін интернетке қосудың баламалы нұсқалары бойынша нақты ұсыныстар әзірлеу тапсырылған. Белгіленген мерзім – 2025 жылғы 26 желтоқсан. 

БІЛІМ – БОЛАШАҚТЫҢ БЕРІК ІРГЕТАСЫ

Шығыс Қазақстан облысында білім беру саласын дамытуға айрықша көңіл бөлініп келеді. Бүгінде өңірде 347 мектеп жұмыс істейді және жыл сайын білім беру нысандарына күрделі әрі ағымдағы жөндеу жүргізу үшін 2 млрд теңгеден астам қаражат бағытталады.

Облыста 3–6 жас және 2–6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту деңгейі 100 пайызға жетіп, балабақшаға қолжетімділік мәселесі толық шешімін тапқан. Үлкен Нарын ауданында да білім беру инфрақұрылымын жаңғырту бағытындағы жұмыстар қарқынды жүргізілуде.

– Өткен жылы аудан бойынша 118,3 млн теңгеге алты білім беру нысаны жөндеуден өтті. Атап айтқанда, «Көктерек орта мектебіне» – 22,2 млн теңге, «Солонов орта мектебіне» – 25,5 млн теңге, «Ново-Хайрузовка Болашақ» бөбекжай-балабақшасына» – 5,2 млн теңге, «Балғын негізгі орта мектебіне» – 17,6 млн теңге, «Балбөбек» бөбекжай-балабақшасына» – 22,8 млн теңге және «Күншуақ» арнайы балабақшасына» – 25,0 млн теңге көлемінде қаражат бөлінді. Бұл жұмыстар оқу орындарының материалдық-техникалық базасын нығайтып, балалардың қауіпсіз әрі қолайлы ортада білім алуына мүмкіндік берді, – дейді Елдос Байрахметов. –Ағымдағы жылы Үлкен Нарын колледжінде де бірқатар маңызды жаңғырту жұмыстары атқарылды. Оқу орнына 14,8 млн теңгеге ағымдағы жөндеу жүргізіліп, оның ішінде электр беру желілерін жөндеуге 11,4 млн теңге, жылыту жүйесін жаңартуға 3,4 млн теңге бағытталды. Сонымен қатар колледждің материалдық базасын күшейту мақсатында 72,1 млн теңгеге комбайн мен жатка сатып алынды.

Білім мен спортты ұштастыру бағытында да нақты нәтижелер бар. «Көкбастау орта мектебі» үшін құны 110 млн теңгені құрайтын заманауи спорттық модульдің құрылысы толық аяқталды. Жобаны «NNTR GROUP» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асырды. Бұл нысан оқушылардың дене шынықтырумен жүйелі айналысуына және салауатты өмір салтын қалыптастыруға жол ашады.

Өткен жылы Үлкен Нарын ауылдық лицейі де заманауи білім беру кеңістігіне қадам басты. Оқу ордасына STEM, робототехника, химия, физика және биология кабинеттері 61,0 млн теңгеге жеткізіліп, жаратылыстану бағытындағы пәндерді тереңдетіп оқытуға мүмкіндік артты.

– Ауданда қосымша білім беру саласы да дамып келеді. Қазіргі таңда Үлкен Нарын ауданында екі ұйым жұмыс істейді. Оның бірі – 700 баланы қамтитын Оқушылар шығармашылығы үйі, екіншісі – 154 бала білім алатын Балалар музыка мектебі. Алайда соңғы жылдары музыка мектебінде шамамен 100 оқушы орнының жетіспеушілігі мәселесі сақталып отыр. Бұл – дарынды балаларды өнерге баулуда қосымша шешімдерді қажет ететін өзекті мәселе. Сонымен қатар, аудан аумағында оқушылардың қауіпсіздігі мен қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселесі де назарда. Қазіргі уақытта Үлкен Нарын ауылының шалғай шағынаудандарынан 253 оқушыны тасымалдайтын екі мектеп автобусы тозуына байланысты жаңартуды қажет етеді, - деді аудан әкімі.

Осыған байланысты Білім басқармасы мен Үлкен Нарын ауданы бірлесіп, оқушыларды тасымалдауды қамтамасыз ететін екі мектеп автобусын жаңарту бойынша нақты ұсыныстар әзірлеп, сондай-ақ Үлкен Нарын ауылының Балалар музыка мектебіндегі оқушы орындарының тапшылығы мәселесін шешу жолдарын пысықтап, жақын арада тиісті ұсыныстар енгізеді.

ХАЛЫҚ ӘЛ-АУҚАТЫНЫҢ ӨЗЕГІ

Үлкен Нарын ауданында денсаулық сақтау саласын дамыту, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Қазіргі таңда Үлкен Нарын ауданында халыққа медициналық қызмет көрсететін 17 мекеме жұмыс істейді. Оның ішінде аудандық аурухана, екі дәрігерлік амбулатория, үш фельдшерлік-акушерлік пункт және 11 медициналық пункт бар. Өңір бойынша барлығы 30 дәрігер, 88 орта буын медицина қызметкері, 26 санитар және 32 өзге қызметкер еңбек етіп, тұрғындардың денсаулығын сақтауға үлес қосуда.

2024 жылы «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасы аясында Майемер ауылында құны 203,6 млн теңгені құрайтын заманауи медициналық пункт бой көтерді. Бұл нысан шалғай ауыл тұрғындары үшін алғашқы медициналық көмекті дер кезінде алуға мүмкіндік беріп, медициналық қызметтің сапасын жаңа деңгейге көтерді.

Материалдық-техникалық базаны нығайту бағытында да жұмыстар жүргізілді. Аудандық аурухана үшін 473,8 млн теңгеге алты бірдей заманауи медициналық жабдық сатып алынды. Олардың қатарында компьютерлік томограф, аудиологиялық жабдық, стоматологиялық қондырғы, холтер, электрокардиограф және дезинфекциялық камера бар. Сонымен қатар биыл 16,2 млн теңгеге виброакустикалық аппарат алынып, емдеу-диагностикалық мүмкіндіктер кеңейтілді. Бүгінде ауданның денсаулық сақтау нысандарының медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілу деңгейі 89,2 пайызды құрайды.

Медициналық нысандарды салу мен жарақтандырумен қатар, білікті кадрлармен қамтамасыз ету де айрықша маңызға ие. Осы мақсатта жыл сайын медицина қызметкерлері негізгі басым бағыттар бойынша біліктілігін арттыру үшін шетелдің жетекші клиникаларына жіберіледі. Өткен жылы облыстың 44 медицина қызметкері Ресей, Германия және Түркия елдерінде білімін жетілдіріп, бұл мақсатқа 420 млн теңге бөлінді. Оның ішінде Үлкен Нарын ауданынан екі маман – акушер мен балалар бөлімшесінің медициналық мейірбикесі Түркияның клиникаларында оқудан өтті, бұл үшін 18,6 млн теңге қарастырылды. Биыл да бұл жұмыс жалғасып, облыстың 72 медицина қызметкері шетелде біліктілігін арттырды, бөлінген қаржы көлемі 420,1 млн теңгені құрады.

– Ауданда кадр тапшылығы мәселесі де бар. Қазіргі уақытта бір дәрігер – акушер-гинеколог және төрт орта буын медицина қызметкері (екі мейірбике, екі фельдшер) жетіспейді. Бұл түйткілді шешу алдағы кезеңдегі негізгі міндеттердің бірі ретінде белгіленіп отыр. Сала көрсеткіштеріне тоқталсақ, биыл ауданда қатерлі ісік ауруларымен сырқаттану деңгейі 26,2 пайызға төмендеп, 100 мың тұрғынға шаққанда 235,5-ті құрады. Алайда қатерлі ісіктен болатын өлім-жітім 19,8 пайызға артып, 100 мың тұрғынға 71,7 көрсеткішін көрсетті. Сондай-ақ туберкулезбен сырқаттану деңгейі үш есе өсіп, 100 мың тұрғынға шаққанда 27,7-ге жетті. Нәресте өлімінің бір жағдайы тіркелсе, ана өлімі дерегі болған жоқ. Осыған байланысты денсаулық сақтау басқармасына Үлкен Нарын ауданының әкімімен бірлесіп, сырқаттанушылық пен өлім-жітім көрсеткіштерін төмендету бойынша нақты ұсыныстар әзірлеу, сондай-ақ қажетті медициналық кадрларды тарту бағытындағы жұмысты күшейту қажет, - деген аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағановтың тапсырмасы өз нәтижесін беруі тиіс.

Халықтың өтініштері мен әлеуметтік сұранысты ескере отырып, Үлкен Нарын ауданында «Қамқорлық» қорымен бірлесіп мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту орталығын ашу жоспарлануда. Бұл орталық Алтай, Катонқарағай және Күршім аудандарын да қамтып, ауданаралық деңгейде қызмет көрсететін болады. Күндізгі және тәулік бойы жұмыс істейтін оңалту орталығын орналастыру үшін аудандық аурухана ғимаратының бірінші және екінші қабаттары белгіленіп, жалпы аумағы 1 433,6 шаршы метрді құрайды. Ғимаратты жөндеу үшін оны аудандық аурухананың балансынан аудандық коммуналдық меншікке беру қажеттілігі туындап отыр.

– Ағымдағы жылы аудандық аурухана ғимаратына ағымдағы жөндеу жүргізуге арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, жобаның құны 200 млн теңге болып белгіленді. Алайда қолданыстағы бюджет заңнамасына сәйкес денсаулық сақтау ұйымдарының ағымдағы шығыстары, оның ішінде жөндеу жұмыстары, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қаражаты есебінен қаржыландырылуы тиіс, ал облыстық бюджеттен бұл мақсатқа қаражат бөлуге мүмкіндік беретін бағдарлама қарастырылмаған, – деді аудан әкімі. – Осыған байланысты Нұрымбет Аманұлының тапсырмасына сай, Мемлекеттік сатып алулар басқармасы, Денсаулық сақтау басқармасы және Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасымен бірлесіп аудандық аурухананы аудандық коммуналдық меншікке беру мүмкіндігін қарастырып, сондай-ақ ғимаратты жөндеуді қаржыландыру бойынша нақты ұсыныстар енгіземіз.

РУХАНИ ЖАҢҒЫРУДЫҢ АЛТЫН ӨЗЕГІ

Рухани құндылық пен салауатты өмір салты қатар дамыған жерде қоғамның іргесі берік, ұрпақтың болашағы нық болары сөзсіз.

Ауыл мәдениетін жаңғырту бағытындағы маңызды қадамдардың бірі 2024 жылы Жұлдыз ауылында жүзеге асты. Мұнда ауылдық клуб ғимаратына 40,6 млн теңге көлемінде ағымдағы жөндеу жүргізіліп, мәдени ошақтың тынысы қайта жанданды.

Биыл Үлкен Нарын ауылының мәдениет үйінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға ерекше көңіл бөлінді. Көшпелі мәдени іс-шараларды сапалы ұйымдастыру мақсатында 27,6 млн теңгеге екі бірлік автокөлік сатып алынды. Оның бірі – 16+1 орындық GAZ A65R33 маркалы автобус, екіншісі – Chevrolet Cobalt маркалы жеңіл автокөлік. Бұл көліктер шалғай ауылдарға мәдениет пен өнерді жақындатып, аудан халқының мәдени өмірін жандандыруға мүмкіндік береді.

Спорт саласында да Үлкен Нарын ауылында көптен күткен ірі нысанның құрылысы жалғасуда. Құны 694,7 млн теңгені құрайтын дене шынықтыру-сауықтыру кешені – аудан жастары мен тұрғындары үшін маңызды әлеуметтік нысан. Жоба аясында 2025 жылға дейін 430,2 млн теңге бағытталған. Бұл кешен іске қосылып, спортпен жүйелі түрде айналысуға, бұқаралық спортты дамытуға және салауатты өмір салтын қалыптастыруға кең мүмкіндік ашылмақ.

Аталған нысанның құрылысы 2021 жылы басталғанымен, 2022 жылы мердігер «QazConstructions» ЖШС-нің шарттық міндеттемелерді орындамауына және сот дауларына байланысты уақытша тоқтатылған болатын. Соның салдарынан құрылыс жұмыстары тек 35 пайызға дейін ғана орындалды. Алайда бұл түйткіл де кезең-кезеңімен шешімін табуда.

Нысан құрылысын толық аяқтау мақсатында ағымдағы жылдың 22 қыркүйегінде Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы мен «Элхон» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Қазіргі таңда нысанда металл конструкцияларды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Жоспарға сәйкес дене шынықтыру-сауықтыру кешенін пайдалануға беру 2026 жылға межеленген.

Осыған байланысты құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасына Үлкен Нарын ауданының әкімімен бірлесіп, Үлкен Нарын ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтауды қамтамасыз ету тапсырылды.



Айдос Мырзахметов

Фото: Махаббат Ахметжанова 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу