Полиция заңсыз қару-жараққа қарсы күресті күшейтуде
Жыл басынан бері еліміз бойынша заңсыз айналымнан 2 300-ден астам қару тәркіленді. Тек қазан айының өзінде 400-ден астам қару, 3 200-ден астам оқ-дәрі, гранаталар мен тротил шашкалары тәркіленіп, 59 жасырын қару қоймасы жойылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тәркіленген қарулардың ішінде 91 қару 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде ұрланғаны белгілі болды. Биылғы қазан айындағы тексерулер мен жедел іздестіру іс-шаралары барысында 400-ден астам қару және 3 200-ден астам оқ-дәрі, гранаталар мен тротил шашкалары тәркіленді. Сонымен қатар, 59 жасырын қару қоймасы анықталып, жойылды, – дейді ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаменті басқарма бастығының орынбасары Жандос Батырбеков.
Атап айтқанда, 17 криминалдық қару тәркіленді, оның ішінде 8 қару Қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған. Қалған қарулар бұрын айналымнан жоғалып, кейін заңсыз жолмен қайта шыққан.