Облыста буллинг пен суицид жағдайлары азайған
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев өңірлік психологиялық қолдау көрсету орталықтарының мамандарымен кездесті. Жиын соңында өңірлік орталықтардың үш басшысы марапатталды. Олардың қатарында Шығыс Қазақстан облыстық психологиялық қолдау және көмек көрсету орталығының директоры Лилия Куземко да бар. Олар білім беру жүйесіндегі психологиялық қолдау жүйесін дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін марапатқа ие болды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
2023 жылдан бері еліміздің барлық өңірінде балаларға арналған психологиялық қолдау орталықтары жұмыс істеп келеді. Бүгінге дейін бұл орталықтар 240 мыңнан астам бала мен ата-анаға көмек көрсеткен.
Кездесу барысында білім беру жүйесіндегі психологиялық сүйемелдеу саласындағы өзекті мәселелер қозғалып, қазіргі басты сын-қатерлер талқыланды. Сонымен қатар, орталықтар жұмысының нәтижесінде Шығыс Қазақстан, Қостанай және Ақтөбе облыстарында буллинг пен суицид жағдайларының азайғаны атап өтілді. Жиын барысында ортақ идеялар ұсынылып, болашақтағы даму бағыттары айқындалды.
Министр психолог мамандардың рөлін күшейту, олардың кәсіби біліктілігін арттыру және балаларға, ата-аналар мен педагогтерге қауіпсіз орта қалыптастырудың маңыздылығына ерекше тоқталды.
Министр қолынан марапат алған Лилия Куземко орталық ашылған күннен бергі жұмысы жайлы баяндады. Шығыс Қазақстан облыстық білім басқармасына қарасты психологиялық қолдау және көмек көрсету өңірлік орталығы 2024 жылдың басынан жұмыс істейді. Қазіргі таңда мұнда 13 психолог, 4 әдіскер және бірнеше әлеуметтік педагог қызмет атқарады. Барлығы — жоғары білімді, тәжірибелі мамандар. Олардың 88%-ының еңбек өтілі 5 жылдан асады, ал 82%-ының біліктілік санаты бар.
Балалар мен ата-аналар арасындағы қарым-қатынасты жақсарту, буллинг, суицид пен интернет-тәуелділіктің алдын алу мақсатында 648 профилактикалық іс-шара өткізілген. Бұл жұмыстармен 20 629 бала мен ата-ана қамтылған. Бұл — тек статистика емес, қоғамдық психологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған кешенді жұмыстың нәтижесі. Жоғарыда аталған жетістіктер министрлік тарапынан да жоғары бағаланды.






