KZ
Өскемен
-16°
пасмурно жел 2,5 м/с, В
495.1 583.72 6.46

Жалған ақпараттарға сенбеңіз: ІІМ мессенджерлерде тараған қауесеттерді жоққа шығарды

15.12.2025, 10:30 126 Төлеуғазы Жансая

Соңғы күндері мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде жол қауіпсіздігіне қатысты үрей тудыратын түрлі хабарламалар белсенді түрде таралуда. Атап айтқанда, жол бойында «жалған сәбиі бар» балалар автокреслосы қойылып, жүргізушілерді тоқтатуға арналған «тұзақ» туралы, сондай-ақ көліктің алдыңғы әйнегіне жұмыртқа лақтырып, оны тоқтатуға тырысады деген ақпараттар пайда болды. Алайда Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі бұл мәліметтердің шындыққа жанаспайтынын ресми түрде мәлімдеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі. 

ІІМ мәліметінше, аталған ақпараттар нақты деректерге немесе ресми тіркелген оқиғаларға негізделмеген. Мұндай хабарламалар көбіне адамдардың қорқынышын күшейтіп, қоғамда негізсіз алаңдаушылық туғызу мақсатында таратылады.

Ведомство өкілдері жолдарда балалар автокреслосы арқылы жүргізушілерді алдау немесе көліктерге әдейі жұмыртқа лақтырып тоқтату фактілері анықталмағанын нақтылады.

ІІМ әлеуметтік желі мен мессенджер қолданушыларына маңызды ескерту жасады. Қазақстан заңнамасына сәйкес, бұқаралық ақпарат құралдары немесе ақпараттық-коммуникациялық желілер арқылы жалған ақпарат тарату жауапкершілікке әкеп соғады. Бұл әкімшілік немесе қылмыстық жазаға дейін баруы мүмкін.

Министрлік азаматтарды кез келген ақпаратты таратпас бұрын оның ресми дереккөздерде расталған-расталмағанын тексеруге шақырады.

Мамандардың айтуынша, соңғы уақытта осындай жалған, тексерілмеген ақпараттар жиілеп кетті. Әсіресе мессенджерлерде таралатын хабарламалар эмоцияға әсер етіп, адамдарды асығыс шешім қабылдауға итермелеуі мүмкін.

Осыған байланысты құқық қорғау органдары азаматтарға тек ресми мемлекеттік органдардың, сенімді бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметтеріне ғана сүйенуге, күмәнді хабарламаларды әрі қарай таратпауға шақырады.

Қоғамдық қауіпсіздік пен тұрақтылық әр азаматтың ақпаратқа деген жауапкершілігінен басталады. Сондықтан кез келген мәліметке сын көзбен қарап, дәлелденген дерекке ғана сену – ең дұрыс шешім.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу