KZ
Өскемен
-12°
пасмурно Штиль
498.65 589.06 6.49

Облыста кінәлі тұлғалар жауапкершілікке тартылды

depositphotos.com

16.11.2025, 11:30 215 Базарова Айгүл

Шығыс Қазақстан – еліміздегі ғана емес, бүкіл Орталық Азия аймағындағы ең ірі индустриялық өңірлердің бірі. Алтай мен Сауырдың қойнауы қазынаға толы, жер астында мыс пен мырыштың, алтын мен күмістің сирек кездесетін металдардың қоры мол. Алайда бұл байлықтың екінші жағы да бар – экологиялық салмақ. Тау-кен өндірісінің дамуы табиғи тепе-теңдікке елеулі әсер етпей қоймайды. Сондықтан соңғы жылдары өңірде жер қойнауын пайдаланушылардың экологиялық жауапкершілігі басты назарға алынып отыр, деп хабарлайды Altainews.kz.

Облыстық экология департаменті басшысының міндетін атқарушы Әсет Сүлейменов ұсынған ақпарат бойынша бүгінде ШҚО аумағында 484 жер қойнауын пайдалану нысаны тіркелген. Олардың ішінде 108 келісімшарт кең таралған пайдалы қазбаларды барлау және өндіруге, ал 306 келісімшарт қатты пайдалы қазбаларға тиесілі. Бұдан бөлек, 64 кәсіпорын бірінші санатқа жатады, яғни қоршаған ортаға айтарлықтай әсер ету деңгейі жоғары.

Бұл деректердің өзі өңіріміздің экологиялық ахуалының күрделілігін аңғартады. Мұндай жағдайда мемлекеттік бақылау тетігінің тиімділігі айрықша маңызға ие.

Осы жылдың он айында экология департаменті жоспардан тыс сегіз тексеріс жүргізген. Олардың басым бөлігі ірі өндіруші кәсіпорындар мен старательдік лицензия иелеріне қатысты болған.

Тексеріс барысында анықталған басты бұзушылықтар мыналар – геологиялық барлау мен өндіру жұмыстарын экологиялық рұқсатсыз жүргізу, топырақ пен су айдындарын ластау, экологиялық сараптама талаптарының сақталмауы, қалдықтармен жұмыс істеу ережелерін бұзу. Мұндай заңсыздықтар қоршаған ортаға орны толмас залал келтіретіні анық. Сондықтан кінәлі компаниялар мен тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың қатарында «East Copper» ЖШС, «Altai GeoTechnology» ЖШС, «PROFIT S» ЖШС, «КАСКАД-Н» ЖШС және бірқатар жеке кәсіпкерлер бар. Жалпы салынған айыппұл көлемі – 9,7 миллион теңге, оның 9,4 миллионы бюджетке өндірілген. Бұл – тек қаржылық санкция ғана емес, экологиялық мәдениет пен жауапкершіліктің арта бастағанының белгісі.

Қазіргі кезде «ВСАМ Продакшн», «Маралиха» және «Маралиха Голд» кәсіпорындары бойынша тексерулер жалғасуда. Сонымен қатар экология департаменті «ГРК МЛД» және «КОГОДАЙ» компанияларына қатысты профилактикалық бақылау шараларын қолға алмақ.

Мұндай жүйелі қадамдардың басты мақсаты – бұзушылық анықтау емес, олардың алдын алу. Бүгінде департамент профилактикалық бақылау мәдениетін қалыптастыруға басымдық беріп отыр.

– Біздің міндет – бизнесті жазалау емес, экологиялық стандарттарды сақтай отырып жұмыс істеуге бағыттау. Жер қойнауын пайдалану – тек экономикалық пайда көзі емес, ол табиғат алдындағы моральдық жауапкершілік, – деді Әсет Сүлейменов.

Шығыс Қазақстан табиғаты – елдің экологиялық байлығы. Ертіс өзені мен Алтай тауларының жүйесі бүкіл аймақтың климаттық тұрақтылығына әсер етеді. Сондықтан әрбір кен орны, әрбір өндіріс ошағы экологиялық саясаттың нысаны болуға тиіс.

Бүгінде өңірдің экологиялық ахуалын жақсарту мақсатында бірнеше бағыт айқындалған. Олар – табиғатты қорғау шараларын цифрландыру, қалдықтарды қайта өңдеу үлесін арттыру, жер қойнауын пайдаланушылардың ашық есептілігін қамтамасыз ету, экологиялық мониторинг жүйесін автоматтандыру. Мұның бәрі Экологиялық кодекстің талаптарына сай жүргізіліп отыр.

Соңғы жылдары өңір тұрғындары арасында экологиялық белсенділік артып келеді. Қоғамдық ұйымдар, журналистер мен волонтерлер табиғатты қорғау саласында нақты бастамалар көтеріп жүр. Бұл үрдіс – экология департаментінің жұмысын толықтыратын маңызды фактор. Мәселен, табиғатты қорғау бағытында ұйымдастырылған «Таза Ертіс», «Жасыл аймақ», «Эко-бақ» жобалары жергілікті қоғамдастықтың экологиялық санасын арттыруға серпін берді.

Жер қойнауын пайдалану – табиғат пен адам арасындағы нәзік тепе-теңдік. Ал бұл тепе-теңдікті сақтау – мемлекеттің ғана емес, әрбір кәсіпорын мен азаматтың парызы.

Облыстық экология департаментінің тексерістері – бірреттік шара емес, ұзақмерзімді саясаттың бөлігі. Бұл – өндірістің ашықтығын арттырып, өңірдің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі жұмыс.



Ержан Әбіш

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу