Риддердегі зауыт құрылысында заңбұзушылық анықталды
ШҚО Экология департаменті
Шығыс Қазақстан облыстық Экология департаменті Риддер қаласында өндірістік қалдықтарды өңдеуге арналған зауыт құрылысын бастаған «AB Techno» ЖШС-не жоспардан тыс тексеру жүргізді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
2025 жылдың сәуір айында өткен тексеру барысында кәсіпорын жалға алынған аумақта құрылыс пен дәнекерлеу, жер қазу жұмыстарына кіріскені анықталған. Яғни, жоба іске асырыла бастаған. Алайда бұл жұмыстар тиісті экологиялық рұқсаттарсыз, яғни экологиялық сараптамасыз басталған.
Мамандардың айтуынша, бұл әрекет Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексінің бірнеше бабын – атап айтқанда, 68, 87, 88 және 106-баптарының талаптарын бұзған.
Тексеру қорытындысы бойынша, іс сотқа жолданып, нәтижесінде кәсіпорын Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 328-бабының 4-бөлігіне сәйкес кінәлі деп танылды. Сот шешімімен компанияға 1,9 миллион теңге көлемінде айыппұл салынып, қызметі 3 ай мерзімге тоқтатылды.
Экология департаменті барлық кәсіпкерлерге ескерту жасайды: қоршаған ортаға әсер етуі мүмкін кез келген құрылыс немесе өндірістік жұмыс басталмас бұрын міндетті түрде экологиялық рұқсаттар мен сараптамалар алынуы тиіс.
Қоршаған ортаны қорғау – әр кәсіпкердің заң алдындағы жауапкершілігі.