Биыл отандық құс фабрикалары 360 мың тоннадан астам ет өндірді
gov.kz
Қазақстанда құс шаруашылығы саласы тұрақты өсім көрсетуде. Ағымдағы жылдың он айының қорытындысы бойынша елімізде 360 мың тоннадан астам құс еті өндірілген. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,2 пайызға жоғары, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Құс шаруашылығы – агроөнеркәсіп кешенінің ең қарқынды дамып келе жатқан салаларының бірі. Қазіргі таңда елімізде 43 жұмыртқа бағытындағы құс фабрикасы, 36 ет өндіретін кәсіпорын және 7 асыл тұқымды шаруашылық жұмыс істейді. Олардың үшеуі – бройлер, үшеуі – жұмыртқа бағытында, ал біреуі үйрек шаруашылығына маманданған.
Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес, биылғы 1 қазанда елдегі жалпы құс саны 49 миллионға жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 6,5 пайызға артық. 2024 жылы елде 4,5 миллиард дана жұмыртқа өндіріліп, ішкі нарық толық қамтамасыз етілген болатын. Сол жылы құс еті өндірісі де 360 мың тонна деңгейінде болған.
Салаға салынған инвестициялық жобалардың арқасында соңғы бес жылда елді құс етімен қамтамасыз ету деңгейі 58 пайыздан 79 пайызға дейін өскен.
Мемлекет құс шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөлуде. Субсидиялау қағидалары шеңберінде өндірушілерге түрлі қолдау шаралары көрсетіледі: ет бағытында асыл тұқымды балапандар сатып алуға және өндіріс құнын төмендетуге субсидиялар беріледі; жұмыртқа бағытында соңғы буындағы балапандар сатып алуға қолдау көрсетіледі.
Бұған қоса, инвестициялық субсидиялау тетігі арқылы мемлекет құс еті өндірісі мен жұмыртқа фабрикаларын салуға жұмсалған қаражаттың 25 пайызына дейін өтейді.
Импортқа тәуелділікті азайту және азық-түлік қауіпсіздігін күшейту мақсатында жаңа өндіріс орындары іске қосылуда. Мәселен, былтыр жылдық қуаттылығы 15,9 мың тонна болатын 6 жоба іске асырылып, инвестиция көлемі 5,7 млрд теңгені құрады. 2025 жылы жылдық қуаттылығы 45 мың тонна құрайтын 5 жоба жүзеге асырылып жатыр, жалпы инвестиция 26 млрд теңге.
Алдағы үш жылда қуаттылығы 241 мың тонна және инвестиция көлемі 167,9 млрд теңге болатын 8 ірі құс фабрикасын іске қосу жоспарланып отыр. Нәтижесінде, 2027 жылға қарай Қазақстан ішкі нарықты құс етімен толық қамтамасыз етіп (110%), экспорт көлемін де ұлғайта алады.