Жыл соңына дейін Глубокое және Тарбағатай аудандарында инклюзия кабинеттері ашылады – ШҚО
gov.kz
Шығыс Қазақстан облысында ерекше білім беруді қажет ететін балаларға қолдау көрсетуге айрықша көңіл бөлінуде. Бүгінде өңірде бұл санаттағы 12 304 бала бар. Оның ішінде 2291-і – мектепке дейінгі, 10 013-і – мектеп жасындағы балалар, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Арнайы қолдау көрсету үшін облыста 29 арнайы білім беру ұйымы жұмыс істейді. Атап айтқанда, 6 мектеп-интернатта – 1024 бала, 5 арнайы балабақшада – 422 бала, 12 психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінде – 621 бала, 1 оңалту орталығында – 201 бала, «Асыл Мирас» аутизм орталығында – 82 бала білім алып, көмек алуда. Сонымен қатар, 4 психологиялық-медициналық-педагогикалық комиссия қызмет көрсетуде.
Ерекше балаларды оқу процесінен қол үздірмей қолдау үшін өңірдегі 57 мектеп пен 3 балабақшада инклюзияны қолдау кабинеттері ашылған. Қазіргі уақытта мұнда 1554 бала көмек алуда.
Мамандардың айтуынша, бұл қадамдар ерекше білім беруді қажет ететін балаларға сапалы білім алуға, қоғамға толыққанды бейімделуге мүмкіндік береді.