Өскемендіктерді ретро автомобильдер көрмесі мен музыкалық кеш күтеді
Өскемен қаласы әкімдігі
28 тамыз күні сағат 19:00-де Өскемен қаласының күні аясында қала әкімдігінің ұйымдастыруымен Достық үйі (ДКМ) алаңында ерекше форматтағы мерекелік ретро кеш өтеді. Шара 70-ші, 80-ші және 90-шы жылдар стилінде ұйымдастырылып, қонақтарды өткен дәуірдің әуені мен сәніне жетелейді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Кеш барысында қала тұрғындары мен қонақтары сол жылдардағы атақты өлеңдерді тыңдап, дәуірдің сән үлгілерін тамашалай алады. Сонымен қатар, арнайы ретро автомобильдер көрмесі ұйымдастырылады. Онда сирек кездесетін жеңіл көліктер мен мотоциклдер ұсынылады.
Ұйымдастырушылар коллекциялық көліктері немесе мотоциклдері бар тұрғындарды белсенді қатысуға шақырады.
Мерекелік бағдарлама барысында ең үздік киім үлгісі мен ең ерекше көлік иелері бағалы сыйлықтарға ие болады. Ұйымдастырушылар бұл кешті қала күні мерекесінің ең жарқын және есте қаларлық сәттерінің біріне айналдыруды көздеп отыр.