«Береке Fest»: Өскеменде әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасы төмендетілді
Өскемен қаласының бірқатар сауда орындарында қазір «Береке Fest» республикалық акциясы жүріп жатыр. Сауда және интеграция министрлігінің қолдауымен еліміз бойынша өтіп жатқан акцияның басты мақсаты – бірінші қажеттіліктегі тауарлардың бағасын тұрақтандыру, отандық өндірушілерді қолдау және тұрғындарға қолжетімді өнім ұсыну, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Шығыс Қазақстан облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Асхат Сағидолдин атап өткендей, Республика күніне орайластырылған акция 25 қыркүйекте басталып, қазан айының соңына дейін жалғасады.
Асхат Сағидолдин департамент мамандары бағаның негізсіз өспеуін үнемі бақылауда ұстап отырғандарын, акция кезінде де назардан тыс қалтырмайтынын жеткізді. Сауда орындары мен кәсіпкерлердің көпшілігі бастаманы қолдап, өз өнімдерінің бір бөлігін жеңілдікпен ұсынуға келіскен.
Акцияға Өскемендегі бірқатар ірі дүкендер, соның ішінде «Altay маркет» сауда орталығы да қосылған. Сауда орнының әкімшісі Арай Қалиева акцияның нәтижесі туралы айтып берді.
Сауда орталығының 24/7 режимінде жұмыс істеуі, қолайлы көлік тұрағының болуы және кең де жарық бөлімдері мен тауарларының әралуандығы тұтынушылардың көптеп келуіне себепші болып отыр.
Арай Төлегенқызының айтуынша, акция басталғаннан бері маркетке келушілердің сенімі артқан. «Берекелі елдің сөресі толы болсын, әр үйге береке орнасын!» деген ұранмен өткізіліп жатқан науқан қала тұрғындары арасында үлкен қолдау тапқан.
Айта кетейік, «Береке Fest» логотипі қойылған сөрелерден тұрғындар арзандатылған бағадағы өнімдерді оңай тани алады. Баға төмендетілген тауарлар қатарында 19 әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлері басым.
Дәл осындай шара облыс орталығындағы «City Center» сауда үйінде және басқа да сауда орындарында өтіп жатқанын ескерте кеткен жөн.
Жалпы акция – тұрақты баға саясатын сақтауға және тұрғындардың тұрмыстық шығындарын азайтуға бағытталған әлеуметтік маңызды бастама. Ұйымдастырушылардың айтуынша, егер тұрғындар тарапынан оң пікір көп болса, бұл игі шара алдағы уақытта да жалғасын табады.
Айна Бакимбаева
Фото: Махаббат Ахметжанова
Видео: Евгений Щетников









