KZ
Өскемен
-2°
небольшой снег жел 4 м/с, Ю
519.61 610.13 6.54

Ауыл әкімдері цифрлық білімдерін жетілдірді - ШҚО  

16.04.2025, 16:47 408 Ержан Әбіш

Өскемен қаласындағы Oskemen Hub алаңында ауыл әкімдеріне арналған қайта даярлау курсы аясында өңірлік басқарудағы цифрлық шешімдерге арналған шеберлік сабағы өтті. Бұл шара қазіргі заманғы технологиялар мен интеллектуалды шешімдер негізінде басқару үдерісін жетілдіруге бағытталды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Шеберлік сабағының негізгі мақсаты – басқару тиімділігін арттыру үшін цифрлық сервистер мен интеллектуалды жүйелерді қолдану тәжірибесін тарату. Қатысушылар заманауи цифрлық платформалар арқылы жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін жетілдіру жолдарын талқылады.

Іс-шара барысында Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің ақпараттық технологиялар және цифрландыру бағытындағы үздік жобалары ұсынылды. Аталған жобалар өңірлік басқарудың тиімділігін арттыру және азаматтармен өзара байланыс орнату мақсатында жасалған.

Семинар спикерлері ретінде Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ-нің Ақпараттық технологиялар саласындағы құзыреттер мен технология трансфері орталығының жетекшісі Руслан Четтыкбаев, Oskemen Hub жетекшісі Дидар Мұратұлы сөз сөйледі.

Олар цифрлық технологиялардың болашағы мен жергілікті басқару жүйесіне ықпалы, үлкен деректермен жұмыс, аналитикалық платформалар, азаматтардың өтініштеріне жедел әрекет ету секілді өзекті тақырыптарды қозғады.

Айта кету керек, семинарға Шығыс Қазақстан облысының 28 ауылдық округінің әкімдері қатысып, заманауи басқару құралдарын меңгеріп, тәжірибелік дағдыларын жетілдірді. Бұл білім ауыл әкімдеріне өз өңірлеріндегі басқару тиімділігін арттыруға жаңа мүмкіндік береді.

Шара Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ШҚО филиалы, Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ және Oskemen Hub-тың қолдауымен ұйымдастырылды.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу