ШҚО онкология орталығында өкпенің стереотаксикалық терапиясы қолданыла бастады
Шығыс Қазақстан облысының көпсалалы онкология және хирургия орталығында радиациялық терапияның жаңа жоғары дәлдікті әдісі енгізілді. Енді дәрігерлер өкпеге таралған метастаздарды стереотаксикалық радиотерапия (SBRT) арқылы, тынысты кідірту техникасын (DIBH) пайдаланып емдейді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Орталық мамандары Беларусь Республикасында тағылымдамадан өтіп, тәжірибесін арттырды. Нәтижесінде зақымданған ошаққа дәл әсер етіп, сау тіндерді сақтауға мүмкіндік беретін жаңа тәсіл қолданысқа енгізілді. Терапия барысында тыныс алуды бақылау жүйесі (ABC), күнделікті верификация (IGRT), дозаны дәл жеткізу әдістері (IMRT/VMAT) қолданылады. Бұл тәсіл 1–3 ошақпен шектелген метастаздары бар науқастарға тиімді.
Өкпеден бөлек, орталықта сүйек (қабырға, омыртқа, жамбас, сегізкөз) және ми метастаздарын емдеу үшін де стереотаксикалық сәулелік терапия мен радиохирургия әдістері қолданылады. Ол үшін Elekta Versa HD заманауи үдеткіштері мен нақты бекіту жүйелері пайдаланылады.
Жаңа технология жоғары тиімділігімен ерекшеленеді: емдеу амбулаториялық жағдайда жүргізіледі, асқыну қаупі азаяды, мерзімі қысқарады. Бүгінде стереотаксикалық сәулелік терапия онкологиялық орталықтың күнделікті жұмысына еніп, тіпті аурудың метастатикалық сатысында да науқастардың өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік беріп отыр.
Фото: Шығыс Қазақстан облысының көпсалалы онкология және хирургия орталығы