Ән мен отшашуға толы мерекелік кеш Өскемендіктерге естен кетпес әсер сыйлады
Бүгін Өскеменнің жүрегі – орталық алаң мерекелік шаттыққа бөленді. Қала күні мен Қазақстан Республикасының Конституциясының 30 жылдығына арналған думанды кешке мыңдаған тұрғын жиналып, қуанышты сәтті бірге тойлады.
Тамыз айының соңғы аптасы Өскемен үшін қашан да мерекеге толы. 24-30 тамыз аралығында қала көшелері ән мен күйге бөленіп, түрлі мәдени-спорттық іс-шаралар ұйымдастырылды. Биылғы мерекелік апталық та өз жалғасын тауып, шымылдығы әсерлі гала-концертпен жабылды.
Кеште жергілікті өнерпаздармен бірге танымал эстрада жұлдыздары ән шырқады. Жүргізушілер Anara Batyrkhan мен Dake мерекелік кештің көркін қыздырды. JAZZDAUREN, Gazizkhan Shekerbek, Nursultan Nurberdiev, Diana Ismail, Jiger Auypbaev, Сейфуллин Жолбарыс сынды әншілер сахнаға шығып, алаңды әуенге бөледі. Әсіресе Alem-нің әндерін көрермендер ерекше ықыласпен қарсы алды.
Мерекелік кештің соңы көпшілікті қуанышқа бөледі. Түнгі аспанды жарқырата жарық шашқан отшашу думанды мерекенің шырайын аша түсті. Қала күні мен Конституция мерекесінің тоғысуы биылғы мерекені халық жадында сақталатын ерекше сәтке айналдырды.
Фото: Махаббат Ахметжанова












