Өскеменде Ясауи дәуірінен сыр шертетін көрме басталды
Бүгін Шығыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде ортағасырлық тарих пен мәдени мұраны тоғыстырған «Түркістан – мыңжылдықтар сәулесі» атты көрме ашылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Экспозиция залында көпшілік назарына еліміздегі іргелі мекемелердің бірі – «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығында сақталған құнды жәдігерлер ұсынылды.
Көрменің салтанатты ашылу рәсіміне «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының қызметкерлері, дін өкілдері, тарих пен руханиятқа қызығушылық танытқан зиялы қауым, ғылыми орта өкілдері мен жастар қатысты.
Шараның негізгі мақсаты – түркі өркениетінің алтын бесігіне айналған Түркістан өңірінің тарихи маңызын кеңінен насихаттау. Сонымен қатар, қазақ халқының байырғы мәдениетінде ерекше орын алатын, сопылық поэзияның негізін қалаған көрнекті ақын, діни қайраткер, 1093 жылы дүниеге келген түркістандық ғұлама – Қожа Ахмет Ясауидің рухани мұрасын дәріптеу.
Экспозицияның мазмұны екі түрлі «жарық» концепциясына құрылған. Рухани жарық – Қожа Ахмет Ясауи мен оның шәкірттерінің қолжазбаларынан көрініс тапса, ал заттай деректер негізіндегі «жарық» – XII мен XIX ғасырларға тән керамикалық және қола шырағдандар арқылы көрсетілген. Бұл көркем үндестік көрерменге Ясауи мұрасының рухани тұрғыдағы ғана емес, эстетикалық және мәдени құндылығын да тереңінен сезінуге сеп болмақ.
«Түркістан – мыңжылдықтар сәулесі» көрмесі – Қожа Ахмет Ясауи ілімі арқылы ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан рухани ағартушылық пен мәдени мұраның сабақтастығы. Бұдан бөлек, көрмеде Түркістан өңірінің ортағасырлық тұрмысы мен рухани болмысын айшықтайтын бірегей жәдігерлер алғаш рет көпшілікке таныстырылды.
Көрме Шығыс Қазақстан өңірінде бір ай бойы жалғасады. Одан кейін бұл рухани-мәдени жоба еліміздің басқа да қалаларында өткізіледі.
Фото/видео: Руслан Акматалиев







