KZ
Өскемен
-2°
небольшой снег жел 7 м/с, ОШ
508.3 592.17 6.63

Жаңа жыл қарсаңында 53 мың орынға қосымша пойыздар іске қосылады

Бүгін, 17:10 47 Төлеуғазы Жансая

Жаңа жылдық мереке кезеңінде жолаушылар саны күрт артатынын ескере отырып, Ұлттық тасымалдаушы сұранысты толық қамтамасыз ету мақсатында бірқатар қосымша пойыздарды іске қосады. Қосымша рейстер шамамен 23 мың жолаушыны тасымалдауға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Сонымен қатар, сұранысы жоғары бағыттарда пойыз құрамына 584 қосымша вагон тіркеліп, жолаушыларға 30 мыңнан астам орын ұсынылады.

Осылайша, мереке күндері барлығы 53 мыңнан астам қосымша орын қолжетімді болмақ.

«№201/202 Алматы-2 – Астана-1 бағыты бойынша пойыздар Алматы-2 станциясынан 2025 жылғы 20, 22, 24, 26, 28, 30 желтоқсанда және 2026 жылғы 2, 4 қаңтарда жөнелтіледі. Астана-1 станциясынан — 2025 жылғы 21, 23, 25, 27, 29, 31 желтоқсанда және 2026 жылғы 3, 5 қаңтарда жолға шығады.
№203/204 Астана Нұрлы жол – Шымкент бағыты бойынша пойыздар Астанадан 2025 жылғы 20, 23, 26, 29 желтоқсанда және 2026 жылғы 2 қаңтарда жөнелтіледі. Шымкенттен — 2025 жылғы 22, 25, 28, 30 желтоқсанда және 2026 жылғы 4 қаңтарда қатынайды.
№257/258 Ақтөбе – Астана Нұрлы жол бағыты бойынша пойыздар Ақтөбеден 2025 жылғы 20, 23, 26, 29 желтоқсанда және 2026 жылғы 2 қаңтарда жолға шығады. Астанадан — 2025 жылғы 22, 24, 28, 30 желтоқсанда және 2026 жылғы 4 қаңтарда жөнелтіледі.
Барлық пойыздар стандартты купе және плацкарт вагондарынан жасақталған», – делінген ресми хабарламада. 

Билеттерді bilet.railways.kz ресми сайтынан сатып алуға болады. Жаңа жыл алдында билеттердің жылдам сатылып кететінін ескерген Ұлттық тасымалдаушы жолаушыларға сапарларын ертерек жоспарлауға кеңес береді.

Егер билет сатып алу сәтінде бос орын болмаса, жолаушылар «Күту парағы» қызметін тегін пайдалана алады. Бұл сервис орын босағанда автоматты хабарлама жіберіп, билетті рәсімдеуге мүмкіндік береді. Хабарламалар жолаушының жеке кабинетіне немесе SMS арқылы жолданады.

Қызмет түрі сайтта және билет кассаларында қолжетімді. Алайда пойыз жөнелтілуіне 7 күн қалғанда, бірақ 2 сағаттан кеш емес уақытта рәсімделеді.


Жансая Төлеуғазы

Фото: «ҚТЖ» ҰК» АҚ

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу