Тамырын жайған отбасылық өнер
"Туған жер – алтын бесігім" фестивалі аясында өткен Тарбағатай ауданының мәдени күндерінде жетістіктер көрмесінде Ақжар ауылы өнер мектебінің тәрбиеленушілері мен оқытушыларының экспозициясы, сондай-ақ басқа да суретшілер мен шеберлердің жұмыстары басты орынға қойылды. Атап айтқанда, Индира Оспанованың әртүрлі маталардан ерекше стильде жасаған аппликациялары келушілердің ерекше назарын аударды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
АВТОРДЫҢ ДЕБЮТІ
Облыс орталығындағы "Ертіс концерт" ғимаратының Тарбағатай суретшілері мен қолөнершілерінің көрмесі орналасқан кең фойесіне кіре берісте осы ауқымды экспозицияның қолтаңбасының айналған бірегей картиналар еріксіз көзге түсті. Олардың авторы Индира Оспанова облыс орталығына бірден жеті қолөнер жұмысын әкелгенін айтты.
– Осындай тақырып пен техникаға біз алғаш рет бет бұрдық, ал мен үшін автор ретіндегі бүгін дебютім. Әлбетте талғамы жоғары аудитория алдында қобалжып тұрмын, - деп мойындайды ол. – Мен көрермендерден ешнәрсе жасырмаймын. Апликация жанрында осындай кенептерді жасаудағы құпия – әдеттегі қағаздан емес, әдемі, қанық бояулы маталардың, мәселен, велюрдің көмегімен жасауымда.
Шебердің айтуынша, тың да өзгеше туындыларды жасауға аудандық білім бөлімінің басшылығы түрткі болған. Олар Өскеменде өтетін көрмеге көрерменнің жан дүниесіне өзгеше әсер етіп, ерекше ықылас тудыратын, қалыптан тыс жаңа дүниелер ұсынуға бағыт берген екен. Осы сенім мен қолдау шеберді тың ізденістерге жетелеп, өзіндік қолтаңбасы бар туындылар жасауға шабыт берген.
Бүгінде, уақыт өте келе, бұл шешімнің сәтті болғанын әрі өзін толықтай ақтағанын сеніммен айтуға болады. Мұны көпшілік көрерменнің ыстық ықыласынан, олардың әсерлі пікірлерінен аңғаруға болады.
Шебердің түсіндіруінше, құрақ көрпе тігу кезінде мата бөлшектері тігін машинасымен не қолмен біріктіріледі. Алайда бұл тәсілді картиналар жасауда қолдануға келмейді. Сондықтан ол маталарды арнайы желімнің көмегімен бекіту технологиясын таңдаған.
СЮЖЕТТЕР МЕН МОТИВТЕР
Орындау техникасы қаншалықты озық болса да, бұл бөлек әңгіме екенін айтқан жөн, өйткені бүгінде инновациялық материалдардың тапшылығы сезілмейді, соған қарамастан олар шығарманың бар құндылығын толық шешіп бере алмайды. Ең бастысы – картиналардың идеялық мазмұны мен көркемдік тереңдігі қандай?
– Біз бірінші кезекте сюжеттік желіге айрықша мән бердік, – деп жалғастырды кейіпкеріміз. – Туындылар Семейден шыққан белгілі суретшінің еңбектері желісімен орындалды. Ол бізге декоративті бұйымдарды жіптен, сондай-ақ табиғи материал – шиден жасауымызға өз рұқсатын беріп, «бәрі ортақ игілікке қызмет етсін» деген ізгі ниетін жеткізді. Ал түпкі нәтижесін сіздер өз көздеріңізбен көріп, туындыларымызда дүниені қабылдауымызды, оған деген көзқарасымызды қаншалықты сәтті бейнелей алғанымызды бағалай аласыздар.
Автордың айтуынша, әрбір туындының өзегіне көрерменге бейнелі түрде, бірақ аса жинақы әрі ықшам тілмен жол тартатын терең философиялық мағына шоғырланған. Жалпы аппликация құрылымында әрбір бөлшек өз орнын тауып, ықшам да үйлесімді өрілген, ол ойға – кең тыныс, еркін толғаныс сыйлайды.
Тағы бір туындыда ұрпақ сабақтастығы, әулет жалғасы, ұлттық педагогика терең бейнеленген. «Немерелер» деп аталған жұмыста бүлдіршіндер ата мен әжесінің қолынан ұстап, өмір жолындағы алғашқы қадамдарын жасап, дүниені танып келеді.
Ал келесі сюжетте күту тақырыбы өзгеше қырынан ашылады. Мұнда жорықтан не аңшылықтан қайтатын жанды тағатсыздана күткен дала сұлуының жан тербетер көңіл күйі мен бейнесі ескі дәстүрлі сарында емес, заманауи шешіммен сомдалып, нанымды жеткізілген.
Үшінші туындыда ақ кимешек киген қадірлі әжелер жайылған дастархан басында бейнеленген. Бұл көрініс халықтың қонақжайлық рухын, аралас-құралас отырып сыр шертісудің аса құнды мәні мен тереңдігін паш етеді. Әңгіме мол ас пен тағамда емес (кездесудің мәні онда емес), бір тостаған қымыз үстіндегі шынайы сұхбатта.
Қай дала перзентінің шабыс пен дүбірлі бәйгеде делебесі қозбайды дейсіз?! Бірақ тұлпардың жалына жабысып, ат үстінде зулап келе жатқан шабандоздар артында көзге көне көшпелілер қолданған таңба кейпіндегі күн бейнесі шалынады. Бұл – сан ғасырлық дүниетанымның, дала рухының терең символы.
Өмірдің үздіксіз жалғасуы, табиғаттың мәңгі жаңарып отыруы, уақыт пен болмыстың тоқтаусыз айналымы ағаштың соңғы жапырағын үзіп алып жатқан ешкілер бейнесі арқылы терең әрі әсерлі өрілген. Бұл көрініс – ақырдың нышаны емес, керісінше, жаңа өмірлік кезеңнің бастауын меңзейді.
Жетінші туынды отбасылық қарым-қатынастағы тепе-теңдік тақырыбына арналған. Қоғамда бүгінде кеңінен талқыланып жүрген осы өзекті мәселе шығармада терең мағыналық қырынан көрініс табады. Мұнда халқымыздың сан ғасырлық өмір тәжірибесі мен салт-дәстүріне сүйенген даналығы айқын сезіледі, өйткені қазақ ұғымында отбасы – әрдайым береке-бірлік пен үйлесімнің алтын діңгегі болған.
ҚҰРМЕТ БЕЛГІСІ
Міне, осы жерде автор – Ақжар ауылынан шыққан суретшілер династиясының өкілі екенін, ал оның басында белгілі қылқалам шебері Әлібек Шоқанов тұрғанын айта кеткен жөн. Ауданның жетістіктер көрмесіне автордың жұбайы Индира, ұлы Әділет, келіні Дилинұр, сондай-ақ Ақжар ауылындағы аудандық өнер мектебінің шәкірттері мен әріптестері ерекше өнер туындыларын ұсыныпты.
Отағасы сурет өнері жанрындағы жаңа туындыларымен таныстырды, ол Қазақстандағы Алтайдың ең биік нүктесі – Мұзтау тауына деген құрметі мен таңданысын білдірген, әрі оны екі жағынан да бейнелеген.
Суретшінің шығармашылығында биыл 180 жылдығын атап өткен Ұлы Абайдың туған жерлеріне де құрмет көрсетілген. Мәселен, картиналардың бірінде қазақтың ақыны әрі ойшылының лирикалық шығармаларының біріне арналған желсіз түндегі жарық ай бейнеленген.
Экспозицияда Тарбағатай балалар өнер мектебі тәрбиеленушілерінің жұмыстары ерекше орын алады. Олардың ұстаздары да шетте қалмады: мысалы, педагогтар Ләззат Кендіржанова мен Еркебұлан Жәкішов түстерінің әр алуандығымен, әсемдігімен таң қалдырған киізден жасалған суреттер мен панноларды ұсынды.
МӘҢГІЛІК ІЗДЕНІСТЕ
Әлібек Шоқанов кілем бұйымдарына сурет салудың жаңа танымал техникасын қолдану арқылы ерекше әсер қалдырды. Нәтижесінде оларда жыртқыш аңдардың, атап айтқанда, жолбарыстың, қар барысының, бүркіттің, жабайы жануарлар патшалығын билейтіндей көрінген қырағы, батыл жауынгер қыздың бейнесі аса шынайы бейнеленген.
Әлібек тарихи тақырыптарды ұнатады, оған Алтын адам туралы салған майлы суреті дәлел. Басқа бір жұмысының тақырыбы – Томирис бейнесіндегі аңызға айналған тұлға - ежелгі тарихта және ұрпақтардың жадында мәңгі қалған билеуші.
Біздің әңгімеміз көрмеге келушілерді шабыт толқынында туған шығармашылығымен таныстырған, мамандығы мен кәсібі бойынша суретші, Әлібектің жұбайы Дилинұр Исмайлова туралы айтпасақ, толық болмас еді. Әрине, облыс орталығына бәрін әкелу мүмкін емес, бірақ қолданбалы өнердің жас шебері келушілердің назарына білімін, тәжірибесін, жүрегі мен жанын салған, үлкен талғаммен жасалған кәдесыйларды ұсынды.
Өткен жылы Шоқановтар отбасында қызы Альбина Әлібекова Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетін қызыл дипломмен бітіріп шықты. Альбинаның шығармашылықта өз қалауы бар. Майлы бояулардың орнына ол акрилді пайдаланып, кенепте нәзік әйел бейнелерін салады.
Бәлкім, Шоқановтар біздің заманымызда нағыз суретшілердің өте сирек кездесетін әулеттерінің бірі, олар жерлестерінің өмірін тамыры халық өнері мен мәдениетінде сақталған ерекше шығармашылықтарының жарқын нұрымен нұрландырар әулет болар.
Таир Сапаргалиев
Айна Бакимбаева
Фото: Таир Сапаргалиев





