ШҚО-да полицейлер баланың өмірін құтқарды
Шығыс Қазақстанда патрульдік полиция қызметкерлері шұғыл әрекет етіп, ес-түссіз жатқан баланы дер кезінде ауруханаға жеткізді. Оқиға «Өскемен – Шемонаиха» тасжолында болған, деп хабарлайды Altainews.kz.
Көлік тізгіндеген ер адам жол бойында қызмет атқарып жүрген полиция қызметкерлеріне тоқтап, көмек сұрайды. Оның көлігінде есінен танып қалған бала болған. Әр минут қымбат екенін түсінген тәртіп сақшылары кідірместен көмекке кіріседі.
Полиция капитаны Данияр Киноятов пен полиция лейтенанты Шыңғыс Жаксылыков патрульдік көліктің арнайы дыбыс және жарық белгілерін қосып, жолды тазалап, баланың көлігін ауруханаға дейін ілесіп жеткізді. Уақытылы көрсетілген көмектің арқасында дәрігерлер балаға дер кезінде медициналық көмек көрсетті.
Баланың әкесі полицейлерге шексіз ризашылығын білдіріп, олардың жедел әрі үйлесімді іс-әрекеті ұлының өмірін сақтап қалғанын айтты.
Бұл оқиға — патрульдік полиция қызметкерлерінің күн сайын атқарып жүрген бейбіт, бірақ аса жауапты еңбегінің жарқын көрінісі. Адам тағдыры таразыға түскен сәтте олардың шешуші әрекеті өмір мен өлімнің арасын жалғап тұрады.