Абайдың 180 жылдығына арналған ауқымды мәдени бағдарлама жарияланды
depositphotos.com
Абай облысында қазақтың ұлы ойшылы, ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы қарсаңында халықаралық, республикалық және өңірлік деңгейдегі 100-ден астам ауқымды мәдени іс-шаралар ұйымдастырылмақ деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Мерейтой аясындағы мәдени және спорттық жарыстардың жүлде қорына 9 автокөлік пен 90 жылқы тігіліп отыр. 1-10 тамыз аралығында өтетін мерекелік шараларға 30 мыңнан астам адам қатысады деп жоспарланған.
Мерейтойлық бағдарламаның ресми ашылуы 1 тамызда «ABAY ACADEMIYASY» энциклопедиялық порталының іске қосылуымен басталады. Бұл платформа ұлы ақынның мол мұрасын цифрландыру, жүйелеу және ғылыми айналымға енгізуге бағытталған. Сонымен қатар сол күні Мақаншыдағы Алакөл жағасында Қазақстанның халық әртісі Секен Тұрысбеков пен «Ақ жауын» оркестрінің концерті өтеді. Семейдегі Арбат алаңында иллюстратор Аңсаған Мұстафаның көрмесі ашылып, «Асыл мұра» атты облыстық қолөнер фестивалі ұйымдастырылады.
2-6 тамыз аралығында халық әртісі Майра Ильясованың Абайға арналған гастрольдік концерті Семейден басталып, Үржар, Аягөз, Жарма және Жаңасемей аудандарын аралайды. 3 тамызда Абай театрында «Абай әлемі» атты рухани кеш өтсе, 4 тамызда Секен Тұрысбеков пен оркестрдің қорытынды концерті ұсынылады. 5 тамыз күні «Ой толғау – Хәкім Абай» атты моноопера сахналанса, 6 тамызда Абай алаңында «Абай елі – өнер кеніші» концерті мен жас ақындар мүшәйрасы – «Өлең сөздің патшасы» байқауы өтеді.
7-9 тамыз аралығында Абай мұрасын насихаттауға бағытталған бірқатар маңызды шаралар ұйымдастырылады. 7 тамызда жазушы, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Асқар Алтайдың шығармашылық кеші өтеді. Осы кеш аясында «Абай жолы» энциклопедиясы мен Бағашар Тұрсынбайдың «Абай Құнанбайұлы кім?» кітабының тұсауы кесіледі. 8 тамызда Семейде «Адамзаттың Абайы» республикалық ақындар айтысы мен Абай ауданында «Жеті қазына» ұлттық байқауы басталады. 9 тамызда Шәкәрім университетінде халықаралық ғылыми конференция, «Жидебай-Бөрілі» музейінде көрме, Абай кітапханасында кітап тұсаукесері және 15 елдің қатысуымен өтетін халықаралық ақындар фестивалі ұйымдастырылады. Кешке қарай орталық алаңда «Абайға тарту» атты концерт өтеді.
10 тамыз – ресми Абай күні. Бұл күні таңертең Жидебайда Құран бағышталып, құрбандық шалу рәсімімен бастау алады. Одан кейін еліміздің барлық өңірінде ұлы ақынға тағзым ретінде Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтеді.
Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы – тек мәдени оқиға емес, бұл – ұлт руханиятын жаңғыртуға бағытталған үлкен бағдарлама. Абай әлемін насихаттау арқылы қазақ әдебиеті мен мәдениетінің тереңдігі мен көркемдігін халықаралық деңгейде көрсету мақсаты көзделіп отыр.
Қуаныш Рахметоллаұлы