Бүгін Өскемен қаласындағы Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің мәжіліс залында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шығыс Қазақстан облысы бойынша өкілдігінің ұйымдастыруымен «Ас беру мәдениеті: салттың сабақтастығы, ұрпақтың ұлағаты» атты аймақтық ақсақалдар форумы өтті.
Бүгінде қоғамда кеңінен таралған мәселелердің бірі – құдайы астар мен ас беру рәсімдеріндегі ысырапшылдық. Ұлттық салт-дәстүрімізге сай келетін, шариғат талаптарына үйлесетін ас беру әдебін сақтау – әрбір азаматтың жауапкершілігі. Бұл тек діни рәсім ғана емес, жастарға тағылым, бірлікке бастар жол. Ас беру мәдениетін жаңғырту, дарақылық пен даңғазалықтан арылу, қарапайымдылықты насихаттау бүгінгі күннің маңызды тақырыбына айналды.
Осы орайда ұйымдастырылған форум жұмысына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев, сондай-ақ өңірлік ақсақалдар кеңестерінің мүшелері, дін қызметкерлері мен ардагерлер қатысты.
Іс-шара аясында ұлттық салт-дәстүрлер мен діни талаптарға сәйкес ас беру әдебін насихаттау, бірлік пен ізгілікке үндейтін құндылықтарды дәріптеу мәселелері кеңінен талқыланды.
- Форумның негізгі мақсаты — ұлттық құндылықтарды, салт-дәстүрімізді, соның ішінде ас беру мәдениетін насихаттап, қоғамдағы ысырапшылдықтың алдын алу. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Ішіңдер, жеңдер, бірақ ысырап етпеңдер» деп бұйырады. Жуырда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы да ысырапшылдық мәселесін көтеріп, қоғам болып бұл дертке қарсы тұру қажеттігін атап өтті. Мүфтият осындай маңызды мәселелерді көтеріп, игі шараларды алғашқылардың бірі болып ұйымдастырып келеді. Соның бірі — ақсақалдар форумы. Бұған дейін республикалық деңгейде қабылданған «Ас беру мәдениеті және оның мәзірі» құжаты бүгінгі аймақтық форумда кеңінен таныстырылып, ақсақалдар мен имамдарға түсіндірілді. Өкінішке қарай, қазір ас беру мен тойдың ара жігі ажыратылмай, дастархан мәзірінде ысырапқа жол берілуде. Сондықтан форум аясында осы мәселеге ерекше назар аударылып, қоғамды үнем мен ұқыптылыққа шақыру көзделді. Бүгінде Шығыс Қазақстанда ас беру тәртібі бір жүйеге түсе бастағаны байқалады. Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасатын болады, - деді Бас мүфти.
Форум жұмысына сәттілік тілеген облыс әкімінің орынбасары Ербол Жолдаспекұлы қоғам үшін маңызды шараға ұйтқы болған Наурызбай қажы Тағанұлына ризашылығын білдірді.
- Бұл форум — халқымыздың рухани болмысын сақтап, ұлттық дәстүрімізді ұрпаққа аманат ететін маңызды алаң. Қазақ халқы қай заманда да ақсақалдарын ұлттың ұйтқысы деп таныған. Қазір де ақсақалдар мектебінің тәрбиелік рөлі артып келеді. Даналыққа толы өсиет, әділдік пен өнеге жас ұрпаққа ауадай қажет. «Қарты бар ел – қазыналы ел» деген сөз бекер емес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өз сөзінде ысырапшылдыққа қарсы күресте бүкіл қоғам, әсіресе ақсақалдар мен зиялы қауым белсенді рөл атқаруы керек деген болатын. Сондықтан бүгінгі шараның тақырыбы өте өзекті. Облысымызда 83 мешіт, 145 имам бар. Олар тек діни қызмет атқарып қана қоймай, жастар тәрбиесі мен қоғам тұрақтылығына да үлес қосып келеді. Біз имамдардың еңбегін жоғары бағалаймыз. Ислам діні де ысырапқа қатаң тыйым салады. Сондықтан ас беру мәдениетін реттеу, қонақасы мен дастархан мәзірін шариғат пен дәстүрге сай ұстану — маңызды міндеттердің бірі. Бұл бағыттағы жұмыс әрі қарай жалғасады, - деді облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев.
Форум аясында «Дін мен дәуір» фотокөрмесі өтіп, ардагер имамдар «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына 35 жыл» төсбелгісімен марапатталды.
Шарадан соң Бас мүфти «Таврия» ауылдық мешітінің ашылу рәсіміне қатысты.