KZ
Өскемен
-19°
переменная облачность жел 2 м/с, С
494.63 583.22 6.42

ШҚО-да сот жүйесінің үздік қызметкерлері марапатталды

4.07.2025, 15:20 313 Ержан Әбіш

Өскемен қаласында Шығыс Қазақстан облыстық соты судьялар, ардагерлер, мемлекеттік органдардың өкілдері мен қоғам белсенділерін кәсіби мереке – Судья және сот жүйесі қызметкерлері күніне арналған салтанатты басқосуға жинады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Бұл кәсіби мереке 1992 жылғы 24 маусымда Қазақстан Республикасының жаңа тәуелсіз сот жүйесінің қызметін ресми түрде бекіткен заңның қабылдануына орай аталып өтеді. Осы күннен бастап еліміздің сот жүйесі бірнеше кезеңнен тұратын ауқымды реформалардан өтіп, заң үстемдігін қамтамасыз ететін тұрақты құрылым ретінде қалыптасты. Бүгінде Қазақстан әділдік пен қолжетімділік бойынша халықаралық рейтингтерде жоғары орындарға ие.

– Сот жүйесі – жай ғана билік тармағы емес, ол – мемлекеттіліктің тірегі, әділдіктің кепілі. Судьялардың күнделікті еңбегі азаматтардың құқығы мен заңның үстемдігін қамтамасыз етіп келеді, – деді ШҚО облыстық сотының төрағасы Манат Көміршінов.

Салтанатты жиында жаңадан тағайындалған судьялар – Салик Оразбаев пен Анна Павкина ресми түрде ант беріп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес қызметке ресми кірісті.

Сот саласындағы ерен еңбегімен танылған ардагер судьялар мен қазіргі жүйе қызметкерлері марапатталды. Олардың қатарында ҚР Жоғарғы Соты атынан "Сот жүйесінің ардагері" медалі, ШҚО облыстық соты, Сот әкімшілігі мен облыс әкімінің құрмет грамоталары мен алғыс хаттары бар. Облыстық сот судьясы Жанар Сиязбаеваға «Үш би» құрмет белгісі, ШҚО және Өскемен соттарының мамандарына «Жеті жарғы» және «Сот жүйесінің белсенді қызметкері» марапаттары табысталды.

– Бүгін біз ақиқат пен заңды қорғап жүрген азаматтарды ұлықтап отырмыз. Сіздердің кәсіби қызметтеріңіз халық пен мемлекеттің игілігіне қызмет ете берсін, – деді Манат Көміршінов.

Сондай-ақ судьялар арасындағы XI республикалық спартакиада аясында өткен жарыстардың жеңімпаздары да марапатталды. Абай облыстық филиалы атынан Қазақстан Республикасы Судьялар одағының дипломдары табысталды.

Марапатталғандардың қатарында ШҚУ ректоры Мұхтар Төлеген де бар. Ол құқықтық сауаттылықты арттыруға қосқан үлесі үшін ҚР Жоғарғы Сотының алғыс хатымен марапатталды.

Іс-шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты. Кеште «Алтай» би ансамблі «Қара жорға» мен «Нәзік» билерін ұсынды, Айжан Рахымбекова мен Хамит Халықтың дуэті «Сүйем сені, Қазақстан» әнін орындады. Сонымен қатар, ҚР еңбек сіңірген әртісі Вячеслав Ткач, «X-Фактор» шоуының финалисі Әсем Рыспаева сынды өнерпаздар сахнаға шықты. Кешті «Дарабоз» тобының «Қазақтың бәрі туысқан» әні түйіндеді.

Облыстық сот төрағасы Манат Көміршінов кешті ұйымдастырған өнерпаздар мен қатысушыларға алғыс айтып, арнайы сый-сияпаттар табыстады.

Дамир Омаров

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу